- Advertisement -

Картопқа да субсидия берілсе

119

- Advertisement -

Нұржан Нүрпейісов басқаратын «Сағынбек» шаруа қожалығы он жылдан бері картоп өсірумен айналысып келеді. Биыл қожалық төрт гектарға картоп отырғызған. Оның тұқымын ол өткен жылы Ресейден алдырыпты. Жалпы қожалық егін және мал шаруашылығымен қатар айналысуда.

Картоп жинауға 35 маусымдық жұмысшы тартылған. Əр терімшіге күнделікті қолына 4 мың теңге беріледі. Бұдан бөлек, жұмыс күнінің соңында бір-бір шелек картоп алуларына рұқсат етілген. Осы топтың жетекшісі Майра Рахманованың айтуынша, терімшілер таңғы сегізден кешкі алтыға дейін жұмыс істейді екен.

– Жұмыс істеймін деген адамға қазір жұмыс көп. «Үйде қарап отырғанда не істейміз, оданда бір-екі апта жұмыс істеп қыстық пияз, картоп пен сәбізімізді табайық, әрі еңбек ақымызды аламыз» деп шыққан ортамызда зейнет жасындағы кісілер де бар. Он жылдан бері осындай топ құрып, жұмыс істеп келеміз. Жұмыс жыл бойы жалғасады. Осындай жиын-терін кезінде ғана қатарымыз артады, қалған уақытта белгілі жұмысшыларымыз қоймаларда картоп сұрыптауға, жазда арам шөп жұлуға шығады. Қыс айларында да жұмыс болмай тұрмайды, ондай кезде де қожалықтардың шаруасын тындырып береміз. Қазір тобымызда 50-60 адамға дейін бар. Бүгін екі шаруашылыққа бөлініп жұмыс істеудеміз. Күніне 2-3 гектар алқаптың өнімін жинап-тернеп кетеміз, – дейді ол.

Қожалық жетекшісі Нұржан картоптың жиын-терін барысын өзі қарап, бақылап жүр. «Өткен жылмен салыстырғанда биыл картоптың шығымы жақсы. Былтыр әр гектарынан 270 центнерден өнім жинасақ, биыл 300 центнерден айналуда», деген қожалық жетекшісі тыңайтқышты сәл кешірек алып қалғанын айтты.

– Біз еңбек адамдарымыз. Жер өңдеп, дән сеуіп, картоп отырғызып, одан мол өнім жинауға күш саламыз. Малға, басқа да көптеген дақылдарға мемлекеттен субсидия беріледі, ал картопқа ол жоқ. Картопқа да субсидия қаралса жақсы болар еді. Ондай кезде біз алқап көлемін үш-төрт есеге ұлғайтқан болар едік, – дейді Нұржан.

Көп шаруалар картоп шығынын жабу үшін алқап басынан алыпсатарларға төмен бағада беруге мәжбүр. «Картоптың шығыны көп. Жиын-терін кезінде де адам жалдауға тура келеді. Қазір алқап басынан картоптың бір килограмын 95 теңгеден өткерудеміз. Алыпсатарлардың қолына түскен картоптың бағасы екі өсеге өсіп кетеді. Қазір базарда картоп бағасы 170 пен 200 теңгенің көлемінде. Осы да біздің кәсібіміздің алға басуына кедергі болуда», – дейді ол.

Қожалықтың сушысы Шалқар Керимов картоп алқабын 5-6 рет суарғанын айтты. Ақсай каналынан түсетін су осындағы шаруаларға толығымен жеткен.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев ауданда судан тапшылық жоқ екенін жеткізді.

– Қазір бұл ауылдық округте су мәселесі өз шешімін тапқан. Ақсай каналының суы ауыл тұрғындарына жетіп тұр. Бұдан бөлек, Көктөбе ауылында екі су тоғанын кәдеге жаратқалы тұрмыз. Оның бірінде 111 мың, екіншісінде 60 мың текшеметр су жиналады. Ол осындағы картоп пен көкөніс өсірушілерге толық жетеді, – дейді ол.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support