- Advertisement -

Сапалы тұқым, жақсы өнімнің кепілі

50

- Advertisement -

Облыста күздік себу жұмыстары басталып кетті. Жалпы облыста 157 мың гектар алқапқа күздік себу жоспарланса, бүгінгі таңда 67 мың гектарға дән себілген. Қазіргі уақытта алдыға қойылып тұрған мақсат – шаруа қожалықтарын сапалы тұқыммен қамтамасыз ету. Бұл жұмыс Т.Рысқұлов ауданында оң шешімін тапқан. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиевтің айтуынша, ауданда алдағы жылдың өнімі үшін 57100 гектар алқапқа күздік себу межеленсе, себілгені 26 мың гектар. Бүгінде аудан қорында 11420 тонна элита тұқымы бар. Негізінен жерге өнімділігі жоғары элита тұқымдары енгізілуде.

– Ауданда тұқым шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Онда бірінші және екінші репродукциялық элита тұқымдары бар. Ауданда тұқым шаруашылығымен төрт агроқұрылым айналысады. Атап айтсақ, олар – «ҚайнарАгро» мен «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Шалқар» мен «Шәушен» шаруа қожалықтары. Соның ішінде «ҚайнарАгро» ЖШС-на тұқым тазалау зауытын салу үшін екі жүз миллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Жылдық қуаты 3 мың тонна, ал сағатына 15 тонна дән тазалайды. Қазір онда тұқымның төрт сұрпы шығарылуда, – дейді Темірғали Байғазиев.

«ҚайнарАгро» ЖШС қырманында күзгі дала жұмыстарына дайындық қызу жүргізілуде. Қырманда екі мың тоннаға жуық дән тазалаудан өтіп, дәріленуде. Серіктестік директорының орынбасары Асхат Дүйсебаевтың айтуынша, қожалық үш жылдан бері тұқым шаруашылығымен тұрақты айналысып келеді екен. Шаруашылық Ресейден әкелінген «Гром» тұқымын өз егіс алқаптарында жерсіндірген. Биыл да 7 гектар алқапқа жаңа тұқымдар сеуіп, тұқым шаруашылығының көрігін қыздыруда.

– Біздің тұқымдар өнімділігімен ерекшеленеді. Мәселен, ауданда ең жоғарғы өнім әрбір гектарына орта есеппен 18,6-18,7 центнерден айналса, біздің элита тұқымынан шаруалар 26,6-29 центнерден өнім алуда. Биыл екі мың гектар тұқым дайындаудамыз. Сол үшін биыл екінші қойманы жабдықтаудамыз. Зауыт тоқтаусыз жұмыс істеуде. Оның құрал-жабдығын Беларусь мемлекетінен әкеліп орнаттық. Енді екінші зауытты іске қоспақ ниетіміз бар. Тек бидай ғана емес, көктемгі егіске арпа, мақсары тұқымын да дайындаймыз. Біздің тұқымды Жамбыл облысынан бөлек, Алматы мен Түркістан облысының да шаруалары алып жатыр, – дейді ол.

Дән зауыт элеваторына түскенге дейін қырманда ол төрт рет тазалаудан өтіп, бір рет дәріленеді екен. Ал зауытта тазаланып шыққан дәнді уыстап алып қанша суырсаң да ішінен сынық дән көзіңе ілінбейді. Ал қалдығын жем ба деп қаласың, ол топан мен сынық дәннен тұрады.

Қырманда 30 адам жұмыс істеуде. Онда негізінен сол маңдағы Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты ауыл тұрғындары еңбек етуде. Қожалықтың жеті мыңға жуық гектар егістік алқабы бар. Онда барлық дақыл орналастырылады. Арпа-бидайдан бөлек мақсары мен жүгері де егіліп, тұқымы дайындалады. Бүгінгі таңда шаруашылық бидайдың «Гром», «Бригада», «Ахмад» және «Стекловидная» элита сұрыптарын шаруаларға өткеруде.

«Жақсы тұқым, жақсы өнімнің кепілі. Қазір біз ауданда төрт ірі аграқұрлыммен және елуге жуық ұсақ шаруа қожалықтармен жұмыс істейміз. Оларды тұрақты жаңа элита тұқымымен қамтудамыз. Тұқым тазалайтын екі зауытымыз бар. Бір тұқымды 5 сұрыпқа бөлеміз. Күніне зауытта 70 тонна тұқым дайындалады. Өзіміз 7 мың гектарға дән себеміз. Үш апта ішінде дән себу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Техникамыз бен механизаторларымыз бар», дейді Асхат.

Кәсіпкердің айтуынша, тұқым жарнамасын оған шаруа қожалықтары жасауда екен. Өткен жылы Шу ауданының бір шаруа қожалығының жетекшісі теледидардан сұхбат бергенінде құрғақшылықтың өзінде жақсы өнім жинағанын, тұқымды «ҚайнарАгро» ЖШС алғанын айтқан екен. Сол хабардан кейін Шу ауданынан 20 шаруа қожалық күзде тұқым алып, сеуіпті.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support