«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жұмысы баяу

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жұмысы баяу
ашық дереккөз
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жұмысы баяу
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан Тараз қаласындағы бірқатар білім беру нысанының құрылыс жұмыстарымен танысып, кеңес өткізді. Сондай-ақ, 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Аймақ басшысы Шөлдала алабындағы 600 орындық, «Бәйтерек» (13) шағынауданындағы 1200 орындық және «Ұлы дала» (15) шағынауданындағы 2000 және 1200 орындық жаңа білім беру нысандарының құрылыс алаңына барды. Шөлдала алабындағы үш қабатты мектептің құрылысын «Агроспецстрой» ЖШС жүргізуде. Жұмыстар 2023 жылдың маусым айында басталып, биылғы жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстары 30 пайыз деңгейінде. Ал, «Бәйтерек» шағынауданындағы жаңа білім беру ошағының құрылысын «Integra Construction KZ» ЖШС салуда. Мектеп биылғы жылдың тамызында қолданысқа беріледі. Бүгінде мұндағы жұмыстар 50 пайызға атқарылған. Сол секілді, «Ұлы дала» шағынауданында екі мектептің құрылысын «Отау Строй» және «Integra Construction KZ» құрылыс компаниялары жүргізіп жатыр. Олардың құрылыс жұмыстары 40 пайызға орындалған. Ербол Қарашөкеев құрылыс алаңының басына жауаптыларды жинап, ұлттық жобаның маңыздылығына тоқталды. Жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша іске асуда. Жұмыс баяу жүріп жатыр. Бұл қарқынмен құрылысты уақытында аяқтай алмайтынымыз сөзсіз. Сондықтан құрылыс жұмыстарын жеделдету қажет. Ең бастысы – сапаны ұмытпаған жөн. Мектеп балаларға қолайлы, қауіпсіз, қолжетімді болуы тиіс, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев. Айта кетейік, 2024-2025 жылдары өңірде 41 білім беру нысанының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Оның 12-сі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолданысқа беріледі. Сондай-ақ, биыл 9 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аймақ басшысы Тараз қаласы, «Бәйтерек» шағынауданындағы және Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы жайлы мектептердің құрылысын алдағы жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырды. Тараз қаласын аралау барысында облыс әкімі «Ұлы дала» шағынауданындағы 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Пилоттық жоба аясында салынған тұрғын үйде барлық қолайлы жағдай қарастырылған. Уақыт пен қаржыны тиімді пайдаланған әдіс өзінің оң нәтижесін көрсетуде. Облыс әкімі алдағы уақытта тұрғын үй құрылысында аталған жобаның мүмкіндіктерін қолдану шаралары қаралатынын баса айтты.  

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Ұқсас жаңалықтар