- Advertisement -

Жұрты қолдаса жастар әкім болады

47

- Advertisement -

Елімізде 2021 жылдың 25 шілдесінде алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтіп, облыстағы ауыл әкімдерінің 60 пайыздан астамы жаңарған болатын. Жалпы әкімдердің орташа жасы бұған дейін 54 болса, өткен жылы ауыл әкімдерінің жаңа буыны 11 жасқа жасарып, орташа жас 43-ті құрады. Тұңғыш рет өткен тікелей сайлауда облыстағы ең жас ауыл әкімі ретінде Т.Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Ерсайын Қуандықтың есімі аталса, көп ұзамай бұл «атақ» осы ауданның тағы бір әкімі Сәбит Кенжеғараға ауысқан болатын.

Өткен жылдың 12 қыркүйегінде Ақбұлақ ауылдық округіне тікелей сайлау арқылы әкім болғанда Сәбит Кенжеғараның жасы 28-ге енді ғана толған. Ауданның тумасы емес, әрі өзін-өзі ұсынған бейтаныс үміткерге сайлаушылардың 78 пайызының өз дауысын беруі жас жігітке жүктелген үлкен сенім жүгі болатын. «Жас келсе – іске» демекші, енді жас әрі жаңа әкімнің алдында сайлаушылардың сенім үдесінен шығып, халыққа қалтқысыз қызмет ету міндеті тұрды. Облыстағы ауылдық округтің тізгінін ұстаған ең жас әкім ТИГУ-де білім алған, бірнеше жыл Талас ауданы әкімдігінде, одан кейін екі жыл Т.Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылдық округінде бас маман болып жұмыс істеген. Бүгінде жаңа қызметтің қыр-сырын меңгеріп жатқанына бір жыл, бір ай болыпты. Ауылдарды аралап, тұрғындардың мәселесімен танысып, оларды шешуден қолы бір босамайтын жас әкімнің айтуынша, алдына қойған мақсатын еселей түспесе, кемітпек емес. Шындығында да ауылдық округ әкімінің жұмысы билік басындағылармен және жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас орната білуіне байланысты. Кез келген әкім шешімін күткен мәселелерге тап болады және олардың уақтылы әрі сапалы шешілуі оның жеке басының қасиетіне, кәсіби шеберлігіне, іскерлігіне де байланысты болмақ.

Бүгінде Ақбұлақ ауылдық округіне қарайтын Рахым Сәбденов, Қызылшаруа және Бәйтелі ауылдарында 3885 адам тұрады. Ауылда дәрігерлік қосын, мешіт, кітапхана, мәдениет үйі, мектеп сияқты барлық әлеуметтік-мәдени нысандар тұрғындар игілігі үшін үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жас әкім өзінің сайлауалды бағдарламасын орындау үшін мемлекеттік қызметте жұмыс істеген кезінде жинақтаған тәжірибесі мен бар күш-жігерін сарп етуге әзір. «Тұрғындардың сенімін арқалаған әкім халықтың өтініш-тілегін, шешімін күткен мәселелерді жіті зерделеп, мән-жайдан хабардар болып, шешімін табуы тиіс, әр іске бастамашы болуы керек. Әрі ауыл әкімдерінің жұмысына жаңаша көзқарас қажет. Әкімдерді тікелей сайлау азаматтық қоғамның дамуына, жергілікті жерде демократияның орнығуына тың серпін береді деп ойлаймын. Сондықтан бар білімім мен дағдымды жаңа жұмысқа жұмсауға әзірмін», деген округ әкімі С.Кенжеғара ауылда атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.

– Ауылдың тыныс-тіршілігімен тыныстап жұмыс істемесең болмайды. Мемлекеттік қызметшінің бірінші міндеті, әрине халыққа қызмет көрсету, олардың шешілмей жатқан мәселелерін шешу жолдарын қарастыру. Округтегі үш ауыл толық газбен қамтамасыз етілген. Қызылшаруа ауылындағы жолдар 100 пайыз асфальтталған. Ал Рахым Сәбденов ауылында 15 көшенің 11-і асфальтталған, 2-еуі асфальттауды қажет етеді, тағы 2-еуіне орташа жөндеу жүргізілген. Бес көшесі бар Бәйтелі шалғайда орналасқан, халық саны аз, 65 қана үй, 300-дей тұрғыны бар шағын ауыл болғанымен назардан тыс қалмақ емес. Мен келгелі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылшаруа ауылында – 3, Рахым Сәбденов ауылында 3 көшеге асфальт төселді. Биыл 7 көшеге жарық жүргізілді, оның 3-еуі «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында, 4-еуі аудандық қаражат есебінен жүзеге асырылды. Рахым Сәбденов ауылында Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, ол 2023 жылға өтпелі болмақ. Сондай-ақ биыл екі ауылда күл-қоқысты аптасына бір рет есік алдынан алып кететін мүмкіндік туып, аудандық «Құлан-Таза» мекемесімен келісімшартқа тұрдық. Қызылшаруа ауылында салынатын мәдениет үйінің сметалық жобасы мемлекеттік сараптамаға жолданды. Орталықтандырылған су жүйесі екі ауылда бар, ал Рахым Сәбденов ауылының үлкен қаражатты қажет ететін су жүйесі жобасы 2023-2024 жылдары шешіліп қалады деп ойлаймыз. Осы ауылға жаңа типтегі дәрігерлік амбулатория соғу да алдағы жылдың жоспарына енді. Мұнда тұрғындардың күшімен мешіттің жанынан 200 адамға арналған асхана бой көтерді. Былтыр басталып, биыл ішкі жұмыстары аяқталды, сыртқы жұмыстары да бітуге жақын. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауылдықтардың және демеушілердің көмегімен 7 баласы бар, әкесімен тұратын жалғызбасты анаға үй соғуды бастадық. Жылдың аяғына дейін пайдалануға береміз деп отырмыз.

Жалпы ауылдықтар негізінен егін шаруашылығымен айналысады. Жеке кәсіпкерлер алма ағаштарын егуді қолға алып жатыр. Бір кәсіпкер 2 гектар жерге алма ағаштарын отырғызу үшін жерлерін қазып, тыңайтқыштарын әкеліп, қоршау жұмыстарын бітірді. Енді біреуі 250 түп алма ағашын екті. Алдында еккендер арасында өнім алып жатқандар да бар. Бір кәсіпкер жылыжаймен айналысып, қияр, қызанақ өсіруде. Ауылда балық өсірумен айналысып жатқандар бар. Мал бордақылаумен, егінмен айналысып, құс өсіріп жатқандар да кездеседі, – дейді округ әкімі.

С.Кенжеғараның айтуынша, әкім бұрынғыдай жылына бір рет емес, ай сайын бір ауылдың тұрғындарына есеп береді екен. «Бүгін Рахым Сәбденов ауылында аудан әкімімен бірлескен жиынға қатыстым. Ауылдарда шешімін табуды қажет ететін мәселелер әлі де шаш етектен. Бірен-саран тұрмысы төмен отбасылар, арасында әлі күнге газға қосылмаған үйлер бар. Жылына 1-2-ден демеушілерді тартып ондай мәселелерді шешіп жатырмыз. Өткен жылы екі үйге газ кіргіздік. Биыл демеушілердің көмегімен бір үйге газ кірді. Қызылшаруалықтар өздері үлкен көлемде қаражат жинап, ауыл мешітін күрделі жөндеуден өткізді. Мұның барлығы тұрғындардың ауызбіршілігінің арқасында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар. Олардың арасында жастарымыз да бар», деді ол.

– Ауыл – алтын бесігіміз, атамекеніміз. Ауылдың гүлденуі – мемлекеттің өсіп-өркендеуінің кепілі. Сондықтан ауыл әкіміне қойылатын талаптар көп қой. Таңның атысы, күннің бастысы маған келетіндер де, телефон арқылы хабарласатындар да аз емес. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары кезінде мен халықпен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдадым. Енді қолымнан келгенше ол мәселелерді шешуге тырысудамын. Менің ойымша, егер тетігін тапса орындалмайтын жұмыс жоқ, – дейді төрт мыңға жуық тұрғыны бар бір ауылдық округтің тізгіні тапсырылған облыстағы ең жас әкім, елін сүйген ел баласы Сәбит Кенжеғара.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support