- Advertisement -

Байланыс аясынан тыс жерде…

51

- Advertisement -

«Елдің ең шалғай және аз қоныстанған ауылдары жақында жылдам интернетке, ұялы байланыс толқынына қосылады. Бұл – «250+» бағдарламасы» деп елден сүйінші сұрағанымызға да екі жыл болды. Аталмыш бағдарлама биыл өз мәресіне жетті. Нәтиже қандай? Өңірде мүлдем интернетсіз отырған елді мекендер саны неше, оның шешілу жолы қалай? Құжат бойынша 3G, 4G-мен қамтылған, «Аты бар болғанымен, заты жоқ» интернетке тұрғындар неге төлемақы төлеуі тиіс? Осы сынды интернет төңірегіндегі біраз түйткілді сауалдарды облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековке қойған едік.

– ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин интернет пен ұялы байланыс сапасының нашарлығы үшін айыппұл ұлғаятынын айтты. Қандайда бір елді мекенде байланыс тым нашар делік. Құжат жүзінде интернет жылдамдығы жоғары деп көрсетілген, ал шын мәнінде өте нашар. Оны жақсарту үшін кімге, қайда хабарласу керек?

– Иә, еліміздің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Батырбекұлы интернет сапасы сын көтермейтін операторларға 4 миллион теңгеге дейін айыппұл салынатынын мәлімдеді. Негізінен сапасыз интернет үшін айыппұл салу – бұрыннан бар. Бірақ оның көлемі бұрын 300 мың теңгенің төңірегінде болса, енді провайдерлер 4 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалайтын болады. Ал интернет сапасы нашар болса, тұтынушылар бірінші кезекте мобильді байланыс операторларына және бізге, яғни, облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасына хабарласулары тиіс.

– Облыста бұған дейін айыппұл арқалаған байланыс операторлары болды ма?

– Иә, болды.

– Нақтырақ тоқталып өтсеңіз. Кейбір аудан, ауылдарда 3G, 4G болғанымен, шын мәнінде Н не Е көрсетіп тұрады. Осы жағына зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырасыздар ма?

– Осы жылдың сәуір және мамыр айларында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша Өңіраралық байланыс инспекциясы және облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Талас және Шу аудандарындағы мобильді байланыстың сапасына зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Байланыс сапасының көрсеткіштерін талдау барысында «Кcell/Аctiv» мобильді операторы бойынша 9, «Beeline» 10 және «Аltel/Теlе2» мобильді операторы бойынша 9 ауылда нормаланған параметрдің бұзылғаны анықталып, байланыс инспекциясы тарапынан ұялы байланыс операторларына 600 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

– Қазір ауылдарда ғана емес, қалалы жерлерде де байланыс пен интернет сапасына көп шағым айтылатын болған. Себеп неде?

– Бізге де байланыс сапасы бойынша өтініштер түседі, біз өз тарапымыздан байланыс операторларына хабарласып, мәселені тездетіп шешуге ықпал жасаймыз.

– «250+» бағдарламасы» шыққанда «енді халқы аз елді мекендер де, шалғайдағы ауылдар да интернетпен қамтылатын болды» деп сүйіншіледік. Нәтиже нендей?

– «250+» бағдарламасы бойынша «Кcell» АҚ Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу аудандарында, барлығы 12 елді мекенде жаңа базалық стансалар құру жоспарлаған болатын. Сол жоспарға сәйкес осы жылдың соңына дейін аталған жұмыстар толық атқарылатын болады. Бүгінгі таңда Қаракемер ауылында бұл жұмыстар аяқталды.

– Әне-міне дегенше, жыл соңы таяп қалды, бағдарлама да өз мәресіне жетті. Сонда бұл бағдарлама аясында облыста небәрі 1 елді мекенде ғана базалық станса құрылды ма? Мен дұрыс түсіндім бе?

– «Кcell» бойынша, иә. Жыл соңына дейін жоспар орындалады деген ойдамыз.

– Жалпы қазір тренд болды дейміз бе, сәнге айналды дейміз бе, Президенттен бастап, облыс, тіпті аудан әкімдерінің 100 күнде, бір жылда атқарған істері жарияланып жатады. Сол секілді, сіз басқармаға жыл басында келген екенсіз. Содан бері не тындырдыңыз? Жалпы, өзіңіздің басшылығыңызбен атқарылған жұмыстар қатары қандай?

– «Жамбыл облысы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының 62 және 63 тармақтары – елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету. Осы бағдарлама аясында былтыр қазан айында «Қазақтелеком» АҚ Жамбыл ауданындағы Қаракемер ауылын, «Транстелеком» АҚ 4 елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етті. Нақты айтар болсам, ол ауылдар – Байзақ ауданында – Базарбай, Қордайда – Бел, Аңырақай бекеті, Т.Рысқұлов ауданында – Әбжаппар Жылқышиев ауылы.

Сондай-ақ былтыр «Қазақтелеком» АҚ 14 елді мекенге радиомост технологиясын енгізіп, интернет жылдамдығын арттырды.

– Бұл былтыр, сіз басшылыққа келмей тұрып атқарылған істер…

– Осы жылды айтар болсақ, мобильді операторлар тарапынан 2022 жылға жоспарланған 87 елді мекеннің 58-інде интернет 2G-ден 3G, 4G-ге көшіп, сапасы артты. «Кар-Тел» АҚ 38 елді мекенді 3G-ден 4G-ге ауыстырып, 8 елді мекенге 3G-дің базалық стансасын соғып, іске қосты. «Кcell» АҚ тарапынан 7 елді мекенге 3G, 5 елді мекенге 4G стандартты мобильді байланысын орнатты.

– Өңірде мобильді интернетпен мүлдем қамтылмаған да ауылдар бар…

– Шу, Сарысу, Меркі, Мойынқұм аудандарында, барлығы 11 елді мекенде интернет жоқ. Шу ауданының Алайғыр, Құлақшын ауылдарына «Транстелеком» АҚ ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін жоғары жылдамдықты байланыс желісін орнатуды жоспарлауда.

Сарысудың Үлкен Көкдала ауылында 10 үйді және Кіші Көкдалада 3 үйді, Шағалалы ауылында 30 үйді «Транстелеком» АҚ 10 мбит/сек жылдамдықты интернетпен қамтыды. Сонымен қатар «Kcell» АҚ және «Beeline» жыл соңына дейін жаңа базалық станса орнататындары шешілді.

Меркі ауданы Құмарық ауылын «Кар-Тел» ЖШС мобильді интернет желісімен қамтыды.

– Облыстық әкімдікте өткен жиынның бірінде сіз талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу үшін жоспар құрып, қаржысын да есептеп барған болатынсыз. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов оларды ысыра тұрып, жоғарыда сіз атап өткен, мүлдем интернеті жоқ ауылдармен бірінші кезекте айналысу керек деді. Енді талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту мәселесі қалай шешілмек? «Интернет бар» деген аты бар да, заты жоқ ауылдар сол күйінде қала бермек пе? Өңір басшысы сол жиналыста бұл мақсатқа облыс бюджетінен қаржы қарастырылмағанын да айтып қалды. Рас па? Қаржы қарастырылмаса, жұмыстарыңыз қалай алға жылжымақ? Жалпы сол басқосуда жұмыстарыңызда нақтылық жетіспейтінін, жүйесіздік байқағандай болдым. Не дейсіз?

– Облыс және аудан әкімдіктері тарапынан шынымен қаржы мәселесі қарастырылмаған болатын, алайда бүгінгі таңда «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, аудан әкімдіктері тарапынан елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету бойынша қаржы қарастыру мүмкіндіктері пайда болды. Бұл жұмыстар облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп пысықталуда.

– Біз редакциямызға қайырылған Жуалы ауданы, Дихан ауылы тұрғындарының атынан өзіңізге бірнеше рет хабарласқан болатынбыз. Сапалы байланыс пен интернетке қол жеткізе алмай келе жатқан тұрғындардың бұл мәселені көтеріп келе жатқанына бір емес, бірнеше жыл болған. Білім ошақтары онлайн форматқа көшкенде оқушылардың дені қыстыгүні далаға шығып байланыс іздеп, сабақ оқуға мәжбүр болды. Одан соң сіз аудандағы Бәйтерек ауылына барып, жиналыс өткізіп, «Дихан ауылына ТОБЖ жүргізу үшін небәрі 3,5 миллион теңге қажет. Жыл басында ең бірінші осы ауылдың мәселесін шешеміз» деп уәде беріп кеттіңіз. Жыл соңы болды. Ауылдықтарды алдап жүре береміз бе?

– Дихан ауылында «Kcell/Activ» 2G, «Билайн» және «Теле2» мобильді операторларының 3G стандартты мобильді байланысы бар.

Ал талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуға 1 шақырымға 4 миллион теңгеден астам қаражат керек екен. «Транстелеком» АҚ есептеуі бойынша Дихан ауылын бұл желімен қамтамасыз етуге 18 миллион теңгедей қаржы қажет.

– Сіз 2G, 3G бар деп отырған Дихан ауылында шын мәнінде интернет Н, Е-ні көрсетіп тұр. Интернет тұрмақ, байланыстың өзі тіпті аудан орталығында да өте нашар. Өздеріңіздің тапсырмаларыңызбен, Дихан ауылына байланыс операторларының базалық стансасын орнату үшін арнайы орын да дайындалған. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, байланыс операторларымен меморандум жасалып, қол қойылған құжат та қолымызда тұр. Енді келіп, «онда интернет желісі бар» дейсіз. Қалай түсінеміз? Осы уақытқа дейін бос уәде беріп келгендеріңіз бе? Бастапқыда неге бірден «интернеттің де, байланыстың да сапасы жақсармайды, ештеңе жүргізілмейді» деп кесіп айтпағансыздар? Уәде беріп керегі не? Құжат жүзінде 3G бар екен, онда байланыс операторларына айыппұл салынуы тиіс шығар.

– Басқарманың мобильді операторларға айыппұл салатын құзыреті жоқ. Айыппұлды цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Өңірлік байланыс инспекциясы салады.

Бастапқыда бұл ауылға «LC Commerce» ЖШС базасын орнататын болып келісілген болатын. Бірақ қазір шыны керек, бұл серіктестіктің өзі ұшты-күйлі жоқ. Сондықтан аталмыш ауылда басқа серіктестік 2023 жылдан бастап өз жұмысын бастайды. Өкінішке қарай, бұл серіктестіктердің жұмысына біз араласа алмаймыз.

– Рақмет.

 Р.S. Басқарма басшысымен сұхбаттан соң біз 3G, 4G-ге көшіп, интернет жылдамдығы артқан 58 елді мекеннің тізімін алып, сол бойынша журналистік зерделеу жұмыстарын жүргізген едік.

Алдымен Руслан Москауұлы «Кcell» АҚ 3G мобильді байланысын жүргізді деген Жуалы ауданы, Билікөл ауылдық округінің әкімі Талғат Әмірәлиевке хабарластық. «Округ орталығы – Қарабастау ауылына байланыс операторының бағанын қою үшін мемлекеттік акті жасалды. Күтіп жүргенімізге, өтінім бергенімізге бірнеше жыл болды. Бастапқыда «осы жылдың басында жүргізіледі» деп уәде берген еді. Енді «қазан айының соңына дейін орнатамыз» дейді. Әзірге әлі сол нашар байланыс, төмен жылдамдықты интернетпен отырмыз. Аудан орталығына базалық станса қойылса, көршілес Әбдіқадыр, Дарбаза ауылдарының да байланыс сапасы жақсарар еді» дейді округ әкімі.

Келесі хабарласқан Жуалы ауданы, Боралдай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Абдалиевтен: «Сәуір айында цифрландыру басқармасымен өткен жиналыста Жуалы ауданында 10 елді мекенге «250+» бағдарламасымен» 4G орнатылады, оның ішінде Боралдай ауылдық округіне қарасты Көлтоған, Ертай, Рысбек батыр елді мекендері бар делінген болатын. Біз бұл сұрақпен аталмыш басқармаға сұрау салып жатырмыз, әзірге жауап болмай тұр» деген жауап алдық. Құжат бойынша мұндағы Көлтоған ауылындағы интернеттің де жылдамдығы «артып» қойған.

Байзақ ауданы, Үлгілі ауылдық округінің әкімі Омарғали Ибрагимов та хабарласуымыздың себебін білгеннен «Интернет мүлдем жоқ!» деп кесіп айтты. «Интернет те, байланыс та мүлдем нашар, тек ауылдың кіреберісінде ғана бұрыннан келе жатқан «Теlе2», «Beeline» байланыстары бар. Ауыл ішінде жүргенде телефонмен байланысудың өзі мұң. Ауылымыздың азаматы, кәсіпкер Ерлан Нұрбеков осы мәселемен айналысып, өзінің демеушілігімен байланыс операторларының базалық стансасын орнатуға күш салып жүр. Жыл соңына дейін орнатылар деп күтіп жүрміз» деді ол. Ал басқарма басшысының есебі бойынша, мұндағы Көлтоған ауылының халқын «Кар-Тел» АҚ 4G интернет желісімен «жарылқап» қойған.

Радиомост технологиясы енгізілген, байланыс сапасы артып, интернет жылдамдығы артуы тиіс 14 ауылдың бірі – Шу ауданы, Абай ауылы. Біз елді мекен тұрғынының бірі Тұраркүл Байтұрғанованы сөзге тартқан едік:

– Интернет сапасы жақсы деп айта алмаймын. Бірде бар, бірде жоқ. Қайта-қайта өшіп қала береді. Айына интернетке 3200 теңге не үшін төлеп отырғанымызды білмейміз. Сапа жоқ, – деді ол.

Бұл – біз хабарласқан бірнеше ғана ауыл. Әрі қарай зерттесек, әлі талай интернеті есепте болғанымен, елде жоқ ауылдар тізімі артары сөзсіз. Сонда кімді алдап жүрміз? Саны болғанымен, сапасы жоқ байланыс пен интернет үшін халық қашанғы төлемақы төлей берулері тиіс? Облыстардағы басқармалар байланыс операторларының жұмысына араласа алмаса, айыппұл сала алмаса, қаржы қаралмаса, байланыс аясынан тыс жердегі ауылдар саны азаймаса, тіпті елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету бойынша қаржы қарастыру аудан әкімдіктеріне жүктелген болса, басқарманың қажеті қанша? Көп тірлігі «құжат» жүзінде қалып қойған, қауқарсыз басқарма, қала берді министрлік құру қаншалықты тиімді?..

 

Сұхбаттасқан

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support