- Advertisement -

Еңбегі ерен Ерсін

91

- Advertisement -

Театр – адамзатты ізгілікке тәрбиелеуші қасиетті орын. Ондай қастерлі мекенде еңбек ету қиындығы мен қызығы таусылмас бақыт болса керек. Міне, театрдың осындай қуанышы мен бақытын, азабы мен мехнатын сезініп, нағыз шеберге айналған актрисаның бірі – Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының актисасы Ерсін Қалыбаева.

Ол осы театр табалдырығын өткен ғасырдың жетпісінші жылдары аттады. Жанып, жарқылдап тұрған жас кезі. Бұл Ерсін Қалыбайқызының Жамбыл мәдени- ағарту училищесінің театр бөлімін бітіріп келген сәті еді. Сол уақытта театр ұжымында өнердің нағыз майталмандары ҚР Халық әртістері Шәріпбай Сәкиев, Алтын Ружева еңбек ететін. Елімізге еңбегі сіңген әртістер Мұхаметқали Табанов, Гүлжамал Батырғалиева, Мақсұт Салықов, Оразғали Әбділманов, Жорабек Шүленбаев та биік тұлғалар бар еді. Бұл қатарға жастығына қарамай, жанартаудай бұлқынған Әтіркүл Дүйсекеева, Гүлбаршын Өскенбаева, Мәкен Рахымжанова, Қарабай Сатқанбаевтарды қосыңыз. Қысқасы, Қалыбаева кілең таланттардың ортасына топ ете қалды. Ерсін осындай ерекше дарын иелерінен театр әліппесін үйрене отырып, өзін қамшылады.

Сол жылдардағы білікті режиссер Тұрар Дүйсебаев жаңа серпінмен Сәбит Мұхановтың «Балуан шолақ» спектаклін қойып, жас актриса Ерсінге Балзия қыздың рөлін жүктеді. Артынша осы Тұрекең Әлдихан Қалдыбаевтың «Шаншар атай» комедиясын сахналап, мұндағы Күләнда образы Ерсін Қалыбаеваға бұйырды. Бұл туынды балалар мен жасөспірімдерге арналған бүкілодақтық театр байқауында бірінші орынды иеленіп, лауреат атанды. Осылайша, Ерсін сахнаға әр шыққан сайын шыңдала түсті.

1980 жылы Шекспирдің әйгілі «Отелло» трагедиясы қойылды. Отелло рөлін Алматыдан арнайы шақырылған қазақ театр өнерінің қара нары Ыдырыс Ноғайбаев ойнады. Осы бір облыс мәдениеті мен өнеріне соны серпіліс берген «Отелло» шығармасындағы Бьянка рөлін Ерсін Қалыбайқызы өте шынайы ойнап шықты. 1987 жылы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өміріне арналған алғашқы спектакль біздің облыстық театрға қойылды. Ол Оразбек Бодықовтың «Жан азабы» шығармасы еді. Ерсін онда оқушы рөлін ойнады. Содан бері де талай жылдар өтті. Е.Қалыбаева бірнеше басты рөлді сәтті сомдап, ерекше талантымен дараланды.

1997 жылы ҚР еңбек сіңірген қайраткері Оразхан Кенебаев заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» тарихи драмасын сахналағанда Ерсінге басты кейіпкер Құртқаның рөлі берілді. Бұл қойылым сол жылы Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалінде бас жүлдені иеленді. Бұл жетістікте Ерсіннің ерен еңбегі жатқанын айтпасқа болмайды. Кейінгі жылдары өнер иесіне Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Домалақ ана» драмасындағы Зеріп бейнесі тапсырылды. Сөйтіп, осы қойылымда Бәйдібек биді сомдаған Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұловпен бір сахнада өнер көрсетті. Осы қойылымды сол кездегі ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай бастаған зиялылар тамашалағанда Ерсіннің төбесі көкке жеткендей болды.

Ерсін Қалыбаеваның театр саласындағы еңбегі жайлы көптеген өнер саңлақтары жылы пікір айтты. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов: «Сіз киелі өнерге саналы ғұмырыңызды арнап, талғампаз көрерменнің жүрегін асқан орындаушылық шеберлігіңізбен тәнті еттіңіз. Сіз жасаған аққудай арулар мен аяулы аналар галереясы сан қилы тағдырымен көз тартады» деп биік бағаласа, жазушы- драматург, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан: «Ерсін менің «Бір қазаққа – бір қатын» атты комедиямдағы Гүлжанның рөлін ұзақ жылдар бойы сомдап келді. Қойылымдағы Гүлжан он бала тәрбиелеп өсірген бөлекше бітім болмысты жан. Содан болар осы рөлді ойнаған Ерсінді ерекше қадірлеймін. Ерсіннің өзге де рөлдерін қызыға, көңілім толып отырып тамашалаймын» дейді. Ерсін Қалыбайқызы жайлы жақсы пікір айтатындар аз емес. Ерсін Қалыбаева театрдағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болған.

Ал өзі: «Біз көрерменге тәлім- тәрбие, өнеге, жаңа арман, мақсаттар сыйлаймыз. Жеңіл жүріс те, ұры- қары, жемқорлар да, бұзықтар да театрға келмеген адамдардың арасынан шығады», – дейді Ерсін Қалыбаева. Ерсіннің жолдасы Құрақ Оразбаев та – осы театрдың талай жылдардан бері белді актері болды. Екеуі өңіріміздің театр өнеріне толайым еңбек сіңірді. Бұл сөзімізді жамбылдық мыңдаған көрермендер де растайтыны анық. Бұл күнде Ерсін Қалыбаева жолдасы Құрақпен бірге ұрпақтарының қызығын көріп, көпшіліктің алғысына бөленіп отыр.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support