- Advertisement -

Жарылыс жаңғырығы жадымызда

85

- Advertisement -

Өткен жылдың 26 тамызы облыс халқының жадынан әлі күнге шыға қойған жоқ. Сол күні кешкі мезгілде Байзақ ауданында орналасқан 28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс орын алып, әскери прокуратура, Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрліктерінің жергілікті құрылымдарында қызмет ететін ондаған адам қайтыс болған еді. Тағы ондаған адам жарақат алды. Сол жылдың 29 тамызы жарылыстан қаза тапқандарды аза тұту күні деп жарияланды. «Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде қаза болған құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсетті. Ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталады!», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол қаралы күндері.

2021 жылдың 26 тамызы облыстың төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің қызметкерлері үшін өмір бойы есте қалады. Байзақ ауданында осыдан тура бір жыл бұрын болған әскери қоймадағы жарылыста өртті сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері де жұмылдырылып, жанқиярлық ерлік көрсеткені белгілі. Сол күні азаматтық қорғау саласында қызмет етіп жүрген қаншама батырымыз ерлікпен қаза тапты.

Біздің өрт сөндірушілер 10 адамынан айырылды, яғни біздің отбасымыз соншама нағыз ер азаматынан, өз ісінің кәсіпқойларынан, ата-ана ұлдарынан, әйелдер күйеуінен, ал балалар әкесінен айырылды. Олар өздерінің қызметтік міндеттерін соңына дейін абыроймен орындап, нағыз батыр болып ерлікпен қаза тапты. Атап айтсақ, облыстың төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Айманов, өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі, подполковник Александр Микропуло, Тараз қаласы No3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, майоры Сергей Заикин, Тараз қаласы No1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, сержант Тәңірберген Төребеков, осы бөлімнің өрт сөндіру автомобильдерінің жүргізуші- қызметкері, аға сержант Ғафан Қуатбек пен өрт сөндіруші-құтқарушы, сержант Жәнібек Тұрманов, No3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, сержанттар Арнұр Темірболатов пен Елдос Сандыбаев, No4 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, кіші сержант Әділет Әділбек, осы бөлімнің тағы бір өрт сөндіруші-құтқарушысы, қатардағы жауынгер Әліби Кеңестің есімдері біздің жадымызда мәңгілік қалатыны сөзсіз.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқан қызметкерлерге түрлі дәрежеде марапаттар тағайындап, оны ерен ұлдардың отбасы жақындарының қолына табыстады. Олардың қатарында біздің батыр өрт сөндірушілеріміз де болды. Президенттің Жарлығымен өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Аймановқа қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін «Халық қаһарманы» атағы, «Алтын жұлдыз» белгісі мен «Отан» ордені тапсырылды. Мемлекет басшысы тағы бір қаулысымен департаменттің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісі Александр Микропулоға бірінші дәрежелі «Айбын» орденін тағайындады. Бұдан бөлек департамент қызметкерлері Елдос Сандыбаевқа, Арнұр Темірболатовқа және Тәңірберген Төребековке үшінші дәрежелі «Айбын» ордені берілді.

Міне, бүгінде жанқиярлықпен қаза болған әріптестеріміздің ерлігі мен өрлігін жас ұрпаққа дәріптеу үшін департаментте біраз жұмыстар атқарылып келеді. Әскери бөлімнің қоймасындағы өртті сөндіруге барып, қаза тапқан 10 құтқарушының құрметіне Тараз қаласында еңселі ескерткіш бой көтерді. 25 тамыз күні облыс орталығындағы «Тараз- Арена» спорт кешенінде Байзақтағы жарылыс салдарынан өзінің міндеттерін орындау барысында ерлікпен қаза болған азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін еске алуға арналған құқық қорғау және мемлекеттік органдар арасында шағын футболдан облыстық турнир өткізу жоспарланып отыр.

Ал 26 тамызда Тараз қаласындағы No1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі ғимаратының алдындағы ескерткіш алаңында жарылыс кезінде қаза тапқан батырларды еске алуға арналған ауқымды іс-шара өткізіледі. Шараға облыстың төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, оның ведомстволық бағынысты бөлімшелері, қаза болғандардың туыстары мен жақындары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысады.

Негізі, біздің азаматтық қорғау қызметінің өзге саладан еш артықшылығы жоқ. Әрбір саланың өз міндеттері мен халық алдындағы міндеттемелері бар, оларды тиісті деңгейде орындау қажет деп санаймыз. Азаматтық қорғау қызметтерінің алдындағы міндеттер, бұл – аумақта төтенше жағдайлардың туындауының және дамуының алдын алу. Халықты, аумақты, материалдық және мәдени құндылықтарды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан, сондай-ақ соғыс қимылдарын жүргізу кезінде немесе осы әрекеттердің салдарынан туындайтын қауіптерден қорғау, төтенше жағдайлардан келтірілетін залал мен шығын мөлшерін азайту, төтенше жағдайларды жою.

Облыстың азаматтық қорғау қызметтерінің қызметкерлері, оның ішінде өрт сөндірушілер, құтқарушылар, сүңгуірлер, кинологтар, дәрігерлер мен психологтар күн сайын өз жұмыстарын тәулік уақытына да, ауа райы жағдайына да қарамастан атқаратынын атап өткен жөн. Қажет болған жағдайда басқа аймақтарға да көмекке жіберіледі. Біздің қызметіміздің өзі әртүрлі, өйткені мұнда күн сайын ерекше жағдайлар орын алып жатады. Құтқарушылар ауқымды операцияларға ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға есіктерді ашуға, кәріздерде тұрып қалған жануарларға немесе ағашқа көтерілген мысықтарға көмектеседі. Мұндай жағдайларды санап тауыса алмайтынымыз анық.

Біздің мамандығымыз тұрмыста да көмектеседі, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар көп нәрседен хабардар десек артық айтқандық емес. Барлық құралдардың тілін біледі, медициналық көмек көрсетіп, кез келген жерде жағдайды дұрыс бағдарлай алады. Жалпы, құтқарушы болу әрқашан өз өмірін қатерге тігу дегенді білдіреді. Адам өмірі қауіп-қатерге душар болған кез-келген жағдайда әрбір өрт сөндіруші мен құтқарушы ұстамды және күйзеліске төзімді болуы тиіс және көптеген адамдардың тағдыры мен өмірі олардың әрқайсысының кәсібилігіне байланысты екенін есте сақтауы тиіс.

Иә, осыдан тура бір жыл бұрын облысымыздың әскери қоймасында болған жарылыстың «жарасы» сызат түсірген жүректерде бүгін-ертең жазылмасы анық, жаңғырығы әлі де жадымызда. Ендігі тілек, былтыр бастан кешкен төтенше жағдайды келешекте халқымыз көрмесе екен, жақынынан қапыда айырылып, аза тұтпаса екен дейміз.


Ермек МОМБАЕВ,

облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support