- Advertisement -

Ресейлік нөмір таққан көліктерді жаппай тұраққа қойып жатқаны рас па?

28

- Advertisement -

Байқап жүргеніміздей, елімізде ресейлік нөмір ілген көліктер көбейіп келеді. Ал әкімшілік полиция көрші елден темір тұлпар алатындарға сақ болуға кеңес беріп отыр. Себебі арасында сот санкциясы салынған, тіпті, Ресейдің өзінде тіркеуде тұрмаған автомобильдер аз емес көрінеді. Бұл ахуал біздің жүргізушілеріміздің наразылығын тудырып жатыр. Тіпті, кейбір аймақтарда азаматтар митингке шыққан.

Шетелдік көлікті рәсімдеудің заңы қандай?

Алдымен заңға жүгінсек, өзге елде есепте тұрмаған көлік Қазақстанда тұрақты тіркеуге қойылуы шарт. Ал ол үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет. Онда автомобиль рәсімдеудің бірнеше сатысы бар: утилизациялық алымды төлеу; алғашқы тіркеудің ақысын төлеу; көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті алу; авариялар мен апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесін алу.
Енді жеке-жеке тоқталсақ, көліктің қоршаған ортаға және адам денсаулығына зиянды әсері үшін утилизациялық алым төленеді. Ол айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Мәселен, 2021 жылғы 1 АЕК – 2 917 теңге. Ал утилизациялық алым қозғалтқыштың көлеміне қарай есептеледі. Оның нақты формуласы да бар. Қозғалтқыштың көлемі 1 000 текше см-ге дейін – 50 АЕК (145 850) х 3 (коэффициент) = 437 550 теңге; Қозғалтқыштың көлемі 2 000 текше см-ге дейін – 50 АЕК (145 850) х 7 (коэффициент) = 1 020 950 теңге; Қозғалтқыштың көлемі 3 000 текше см-ге дейін – 50 АЕК (145 850) х 10 (коэффициент) = 1 458 500 теңге; Қозғалтқыштың көлемі 3 001 текше см-ден жоғары – 50 АЕК (145 850) х 23 (коэффициент) = 3 354 550 теңге.
Айта кетерлігі, айлық есептік көрсеткіштің мөлшері жыл сайын өсіп тұрады. Сондықтан утилизациялық алымның көлемі де көтеріле береді.
Көлікті мемлекеттік тіркеуге алғаш рет қойғаны үшін де арнайы төлем қарастырылған. Ол да айлық есептік көрсеткішпен есептеледі және көліктің шығарылған жылы ескеріледі. Мысалы, 2 жылға дейін – 0,25 АЕК – 729 теңге; 2-3 жыл – 50 АЕК – 145 850 теңге; 3 жылдан жоғары – 500 АЕК – 1 458 500 теңге. Осы талаптар жолаушының орны 8-ден аспайтын жеңіл көліктерге таралады. Ал электр қозғалтқышпен жүретін автомобильдер екі есе аз төлейді.
Қауіпсіздік куәлігі ше, қалай беріледі? Көлік Қазақстанның техникалық регламентіне сай болуы шарт. Ол үшін көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік алу қажет. Оны облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан сертификат орталықтарында рәсімдейді. Соған барып, өтініш жазу керек. Содан соң көлік иесінің жеке куәлігі, сату-сатып алу келісімшарты, шетелдің техникалық төлқұжаты, көліктің фотосы (төрт жағынын және капоттың астын түсіреді), VIN-код пен қозғалтқыштың мәліметтері де тапсырылады.

Орталық мамандары барлық құжаттың негізінде автомобильдің сәйкестендіру нөмірін тексереді. Одан кейін көлікті қарап шығады. Темір тұлпар «Евро-4», «Евро-5» немесе «Евро-6» талаптарына сай болуы шарт. Бұдан бөлек, нақты құрылғылары болуы керек. Атап айтқанда, тежегіштің бұғатталуға қарсы жүйесі, алдыңғы қауіпсіздік көпшігі, Isofix бекіту жүйесі, күндізгі шамдар, авариялар мен апаттар кезіндегі шұғыл шақыру батырмасы.
Қауіпсіздік батырмасы Ғарыш техникасы мен технологиялары институтында тіркелуі шарт. SOS батырмасы болмаса, оны мамандандырылған фирмаларда орнатуға болады. Оған да ақша шығару қажет.

Өңірде ресейлік нөмірлі 1 676 көлік жүр

Соңғы күндері Ресей Федерациясының нөмірлері бар автокөліктер тоқтатылып, айыптұраққа қойылады деген шу шықты дедік. Бұл туралы сәл кейінірек. Біз осы дауға байланысты жергілікті сала мамандарын әңгімеге тартқан едік, соның сөзіне сүйенсек. Жамбыл облысындағы Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жайдарбек Құттыбаев жүргізушілерге әсте бұған алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Ішкі істер министрі атап өткендей, ресейлік нөмірлі көліктер жол қозғалысы ережелерін бұзбайынша тоқтатылмайды.
Ол теріскейден келген автомобильдердің шамамен 120 мыңнан астамы жол қозғалысы туралы заңда белгіленген талаптарға сәйкес келетінін де жеткізді. Олар Қазақстан Республикасы аумағында бір жылға дейін еркін жүре алады екен. «Ресейде есептен шығарылған және Қазақстанда тіркелмеген автокөліктердің саны 80 мыңға жуықтайды, оның ішінде 1 676-сы Жамбыл облысының аумағында жүр. Қазіргі уақытта жергілікті полиция департаменті осы санаттағы автокөліктердің жүргізушілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, яғни олар себепсіз тоқтатылмайды», – деді Жайдарбек Кәдірбекұлы.
– Еліміздің «Жол жүрісі туралы» Заңына сәйкес, жолда жүруге белгіленген тәртіппен тіркелген көлік құралдары ғана жіберіледі. Шетелдік тіркеуі бар басқа көлік құралдарына келетін болсақ, заңмен белгіленетін құжаттар мен тіркеу растамасы болған жағдайда, олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің талаптарын сақтап, ел аумағында болу мерзімдерін сақтай отырып пайдалануға рұқсат етіледі.
«Шет мемлекеттен алып келінген автокөліктер, яғни Ресей, Армения, Қырғызстан Республикаларының тіркеу мемлекеттік нөмірлері бар көлік құралдарының жүргізушілері жол ережесін бұзған жағдайда ғана тоқтатылып, арнайы планшетпен тексеріледі. Егер тіркеуде жоқтығы анықталса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 2-бөлігіне сәйкес 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады және көлік айыптұраққа қойылады», – деп түсіндірді спикер.
Егер полиция қызметкерлері көлікті еш себепсіз тоқтатса, «102» арнайы байланыс нөміріне немесе 99-76-46 сall-орталығына хабарласуға болады.

Жүргізушілер наразылық шеруіне шығуда

Есіңізде болса, елімізде шетел нөмірімен жүрген көліктерге қатысты мәселе бұрын да көтерілген. Армениядан көлік әкеліп, Қазақстанға тіркемей жүргендерге 2019 жылы жаппай тексеру басталғанда жүргізушілер дәл қазіргідей шу шығарып, әр өңірде наразылықтар орын алған. Содан кейін билік оларға жеңілдік жасап, Армения, Қырғызстан, Ресей елдерінен әкелген көліктерді 2020 жылдың 1 ақпанынан бастап уақытша тіркеуге қойып, арнаулы сары нөмір берген.
Енді жыл түйінделер тұста, тағы шу шықты. Мәселен, 9 қараша күні Ақтөбеде жүз шақты адам облыс әкімдігі алдына жиналды. Басты талаптары – Ресей нөмірін таққан көліктерге қысымды тоқтатып, заңдастырып беру, айыппұл тұрақтарынан қайтару. Олардың сөзінше, Ресей нөмірлі көліктерді кейінгі күндері жол полициясы жиі тоқтатып, тексеруді күшейткен. Жүргізушісіне айыппұл салып, көліктің өзін айыппұл тұрағына алып кеткен жағдайлар көбейе бастаған.
«Жаңа ғана көлігімді айыппұл тұрағына алып кетті. «Базада жоқ» дейді. Сақтандыру куәлігім, басқа да құжаттарым бар. «Авиақалашық» маңында ұстады. Сол жақтан келе жатырмын. Енді мәселеміз шешіледі деген үміттеміз. Көлігімізді қайтарсын! Тіркейтін болса, тіркесін», – дейді ақпарат көздерінің біріне берген сұхбатында жүргізуші Нұрбақыт Сүлейменов.
Ал полиция департаментінің өкілдерінің мәліметінше, қалада ресейлік көліктерді ұстау бойынша арнайы жедел-профилактикалық шаралар жүргізіліп жатқан жоқ. Бірақ екі-үш күннен бері жол ережесін бұзған ресейлік нөмірі бар автокөліктер коммуналдық (ақысыз) тұраққа қойылып жатыр. Олар көлік мемлекеттік тіркеуден өтпейінше, иесіне қайтарылмайтын көрінеді.
Жүргізушілердің сөзіне қарағанда, ресейлік нөмірі бар көліктердің көпшілігі «ауада қалқып тұр». Яғни, көліктің қазіргі қожайыны оларды Ресейге апарып қайта сата алмайды. Ал Қазақстанда тіркеуден өтпегеннен кейін де оны еркін пайдалана алмайды. Бір ғана амалы бар – қосалқы бөлшектерге бөліп сату. Ол тиімсіз. Көлік иелерінің жалғыз ғана үміті – легализация.
Олар билік өкілдерін «Неге бұрын мұндай көліктерге тыйым салынбады? Әбден әкелген кезде шектеп отыр» деп кінәлайды. Ал шенеуніктер Қазақстанның Кеден одағына мүше екенін алға тартады.

Асхат Райқұл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support