- Advertisement -

Тарих қойнауынан – түркілер бесігіне

201

- Advertisement -

Жамбыл облысының Түркістан өңіріндегі күндері өте жоғары деңгейде өтті

Жамбыл облысының Түркістан облысындағы күндері танымдық, рухани, мәдени шаралармен басталды. Таңсәріден этно ауыл маңында «Тараз – Ұлы даланың көне шаһары» атты жылжымалы көрме, «Өткені – өнеге, бүгіні – бекем, болашағы – жарқын Жамбыл өңірі» атты жылжымалы мәдени шарасы, қолөнершілер көрмесі өтті.

Шара барысында «Ұлы Жібек жолы. Тарих қойнауынан – түркілер бесігіне» атты Жамбыл облысының керуенін Қазақ хандығының тұсында халқымыздың 17 тұлғасы, 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, 63 батыры, 5 әзіз анасы, 10 датқа мен болыс, 30 игі жақсылары жатқан киелі де қасиетті Түркістан төрінде қарсы алу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Өмірзақ Шөкеев бастаған билік өкілдері мен зиялы қауым, қала тұрғындары қатысқанын газетіміздің өткен санында жазған болатынбыз.
Жамбыл облысының ән мен жыр шашуын, қолөнер туындыларын түркістандықтар үлкен құрметпен қабылдады. Өнерпаздардың талантын тамашалауға жиналған халықтың қарасында қисап жоқ.

– Түркістан киелі үлкен есік болғандықтан бізге әлемнің түкпір-түкпірінен күнделікті адамдар келіп жатады. Мұнда ел тарихындағы тау тұлғалар, Ұлы Даланы кемеңгерлікпен, ерлікпен, батырлықпен қорғап, бізге аманаттап кеткен хандар мен билер, баһадүр бабалар жатыр. Сол секілді Тараз шаһары десек алдымен көз алдымызға Қарахан мен Айша бибі, Тектұрмас елестейтіні шындық. Өзіміз де талай мәрте отбасымызбен Тараздағы сондай тарихи жерлерге жиі барып тұрамыз. Өзім тарих пәнінен мұғалім болғандықтан оқушыларға да үнемі ізденудің маңыздылығын, еліміздегі, Түркістан мен Тараз жерлеріндегі тарихи аңыздарды, Атлах секілді ел тағдыры шешілген оқиғаларды айтып отырамын. Жамбыл облысының Түркістан өңіріндегі күндері өте керемет деңгейде өтті. Күмбірлетіп керуен жеткенде делебеміз қозып, ғажап әсерде болдық. Сол баяғы бабалар заманына түсіп кеткендей сезіндік өзімізді. Бұл Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығындағы керемет шара, оның тағылымы мол. Сондықтан екі өңірдің осылай бірлескен шаралары көп болса екен деймін, – дейді Түркістан қаласының тұрғыны Айнұр Бабашова.
Расында еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін осы шарадан табылды. Көшпенділер тағылымы, мәдениеті мен руханиятын насихаттайтын шаралар түркістандықтардың көңілінен шықты.
– Алған әсерімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес десем де болады. Қазір Түркістан қаласы күннен күнге көркейіп, сағат сайын құлпырып келе жатыр. Ал Тараз жұрты арнайы келіп, сол бұрынғы тарихқа қан жүгірткендей болды. Есте жоқ ескі ғасырлар мен бүгінгіні керемет үйлестіре білді. Екі күн бойы ұмытылмайтын шараларға отбасымызбен қанық болдық. Киелі Әулиеата жерінен келген көршілерімізге үлкен алғыс айтамын, – дейді Түркістан қаласының тұрғыны Гүлбаршын Медетбекова.
Облыс күндеріне кітапханашыларымыз да айтарлықтай атсалысты. Қазіргідей компьютерленген заманда облыстың авторлары шығармалары ол жақта да үлкен сұранысқа ие екеніне куә болдық.
– Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай біз Жамбыл облысынан шыққан 30 ақын- жазушының кітаптарын осында көрмеге алып келдік. Олардың басым көпшілігін түркістандық оқырмандар танып, сұрастырып, қызығушылық білдіргендеріне разы болдық. Бұл біздің ғана емес, жалпы халықтың әдебиетке, руханиятқа деген жанашырлығы, сүйіспеншілігі. Өз кезегінде көршілеріміз де өздерінің ақын, жазушыларын осылайша насихаттасақ деп идеямызға ризашылықтарын ашық жеткізуде, – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова.
Салтанатты шарадан кейін өңір басшылары мен меймандар әулиеаталықтар тарту еткен «Visit centre» орталығы, «Түркістан оқушылар сарайы», «Farab Library» кітапханасы жұмысымен жан-жақты танысып шықты. Бердібек Машбекұлы оқушылар сарайының ішіндегі жаңашылдықтарды орынбасары Дәулет Кәрібек пен Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевқа назарға алуларын тапсырды. Одан кейін республикалық «Түркістан дауысы» ән байқауын тамашалады. Байқауға белгілі композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлеген Мұхамеджанов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, танымал эстрада әншісі, композитор, халықаралық ән байқауларының жүлдегері Маржан Арапбаева, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», «Құрмет» орденінің иегері, композитор, продюсер Қайрат Баекенов, «Құрмет» орденінің иегері, композитор, ән өңдеуші Хамит Шанғалиев, халықаралық «Славянский базар» фестивалінің Гран-при иегері, әнші Рухия Байдукенова қазылық етті. Республикалық дүбірлі «күміс көмей», «жезтаңдай» әншілер додасында Жамбыл облысы атынан қатысқан Қымбат Жамбылбек көпшілікті табиғи талантымен таңдандырып, жүлделі 1-орын иеленді.
Облыс күндерінің екінші күнінде әулиеаталық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің және өнеркәсіп кәсіпорындарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Шу, Т.Рысқұлов аудандарының отыздан астам қайта өңдеуші кәсіпорындары мен агроқұрылымдарының елу түрлі өнімдері қойылды. Оның ішінде сүт және кондитерлік өнімдер мен макарон өнімдері, тауық еті, халва, мақсары майы, шұжық және консервілік өнімдер, сол сияқты облыста өндірілетін жұмыртқа мен ұн өнімдері бар.
Одан кейін Жамбыл мен Түркістан кәсіпкерлерінің кездесуі және «Тараздан Түркістанға шашу» мерекелік концерті өтті.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында өткен мерекелік шара «Конгресс-Холл» көпсалалы кешенінде ұйымдастырылды.
Сән-салтанаты жарасқан концертте өңірден шыққан өнер шеберлері, атап айтқанда Қазақстанның және Қырғызстанның Халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бағдат Сәмединова, Әлішер Каримов, «МузАрт Life» дуэті және филармонияның Қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Ақкербез», «Айша бибі» би ансамбльдері, «FirДауыс» квартеті, «Тараз-тарту» квартеті, сондай-ақ дәстүрлі-эстрада әншілері өнер көрсетті. Концерт соңында жамбылдық өнерпаздарға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің ықылас гүлі табыс етілді. Көпшіліктің көңілінен шыққан шара өз деңгейінде өтіп, Түркістандағы Жамбыл облысының күндерін түйіндеді.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support