Қаржыгерлердің қосқан үлесі зор

Қаржыгерлердің қосқан үлесі зор
ашық дереккөз
Қаржыгерлердің қосқан үлесі зор
Қазақстанның ұлттық валютасының қабылданғанына 28 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қаржы жүйесі қызметкерлері мен ардагерлерін арнайы қабылдады. – Төл теңгеміздің айналымға енгізілгеніне де ширек ғасырдан асты. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі алғашқы жылдары бұрынғы жүйенің ақшасы құнсызданып, баға құлдырады. Бұл гиперинфляцияға және адамдардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеліп соқты. Жас, әрі тәуелсіз мемлекетіміз үшін өз экономикасын көтеретін, дағдарыстан шығаратын өзінің төл ақшасы, төл валютасы керек болды. Сол сын сағатта Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1993 жылы 12 қарашада ұлттық валютаны енгізу жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, 15 қарашадан бастап төл теңгеміз елдегі есептесетін ақшаға айналды. Содан бергі 28 жыл ішінде Қазақстанда теңгенің төрт сериясы шығарылды, алты номиналдағы банкноттар мен жеті номиналдағы монеталар шықты. Біздің банкноттарымыз халықаралық көрмелер мен конкурстарда жоғары бағаланып келеді. Теңгеміз түрлі экономикалық және қаржылық дағдарыстарға төтеп беріп, өзінің құндылығын жоғалтпай, тұғырдан түспей келеді. Бұған әрине, ең алдымен қаржы саласында жүрген қаржыгерлердің қосып отырған үлесі зор, – деді Бердібек Машбекұлы кіріспе сөзінде. Аймақ басшысы еліміздегі экономиканың тұрақтылығы мен дамудың тікелей ұлттық валютамызға байланысты екенін айта келіп, қаржы қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтады. Кезек марапатқа да келіп жетті. Қаржы саласына қосқан еңбегі үшін облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қайрат Қармандаев, облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Жанатбек Жапаров, қаржы саласының ардагері Валентина Пикалова мен Жаннат Қалтаева «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сол сияқты бірнеше қаржы саласының мамандары мен ардагерлері облыс әкімінің Құрмет грамотасын және Алғыс хатын иеленді. Қаржыгерлер атынан «ҚР Ұлттық банкінің» облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгин сөз алып, қаржы қызметкерлерінің басын екі жылдан бері құрап, жылы жүздесу өткізіп келе жатқан облыс әкіміне алғысын жеткізді. «Біз өңірдегі қаржы инфляциясын болдырмауға күш салып келеміз.Тәуелсіздік алған 30 жыл көлемінде қаржы саласы қарқынды даму жолына түсті. Цифрландырудың енуі еліміздегі қаржы және банк саласына соны өзгерістер алып келді», – дей келіп банк директоры барлық әріптестерін төл мерекемен құттықтады. Ал қаржы ардагерлері атынан Байзақ ауданынан келген Гүлнәр Ибрайханова да өзінің ізгі тілегін жеткізіп, барша қаржыгерлерді мерекемен құттықтап, аналық алғысын білдірді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар