- Advertisement -

Бір көліктің кеденнен өтуіне 5 минуттай уақыт жұмсалады

89

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Қырғызстанның экономика және қаржы вице-министрі Сұлтан Ахматов Қордай ауданына келіп, Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге «Қарасу» және «Қордай» бақылау-өткізу пункттерінің қызметімен танысты.

Жұмыс сапарының басты мақсаты – «Қорғас» ШЫХО секілді «Қарасу» бақылау-өткізу пунктінің жанында «Қордай» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының жобасын жүзеге асыруға дайындыққа негізделді. «Қарасу» БӨП арқылы негізінен жүк көліктері өтеді десек, осыған орай қазақстандық билік мұнда арнайы визалық режіммен шектесетін мемлекеттердің өнеркәсіптік кооперациясы секілді дүние құруға ниеті бар. Қосымша құны жоғары тауарларды өткізу.

Еркін экономикалық аймақтың қатысушыларына бірқатар жеңілдіктер мен преференциялар беріледі. Атап айтқанда, белгілі бір мерзімге жер учаскелерін тегін беру, дайын инфрақұрылымды пайдалану мүмкіндігі, корпоративтік табыс салығынан, мүлік салығы мен ҚҚС, жер салығынан босату және тағы басқа жеңілдіктер қарастырылған.

Қазақстандық тараптың мүмкіндіктерін таныстыра отырып, Бақыт Сұлтанов қырғыз әріптесіне шекараға жақын маңда 15 гектар мемлекеттік жер телімі дайын екенін, қажет болған жағдайда оны 100 гектарға дейін ұлғайтуға болатындығын айтты. Бұл расында маңызды артықшылық десек болады, себебі жекеменшік иелерінен учаскелерді сатып алуға уақыт пен күш жұмсалмайды. Ал бақылау-өткізу пунктінің ғимараты шекараға жақын жерге ауыстырылып, іргелес аумаққа ауыр жүк көліктеріне арналған тұрақ салынады. Арғы беттегі Қырғызстанның Шу облысының шекара аймағындағы учаскелер жекеменшікте екенін айта кету керек.

Осы және басқа да факторларды ескере отырып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ынтымақтастық орталығын толығымен Қазақстан аумағына орналастыруды ұсынды. Сұлтан Ахматов бұл мәселе қырғыз билігі тарапынан жан-жақты талқыланып, екі-үш күннен кешіктірілмей жауап берілетінін жеткізді. Өз кезегінде Бақыт Сұлтанов жобаның қазақстандық тұжырымдамасы дайын екенін, оны уақыт созбай көрші елге жолдай алатындарын атап өтті.

Бұдан соң қонақтар қайта жаңғыртылған «Қордай» бақылау-өткізу пунктіне атбасын бұрды, ол негізінен жеке адамдар мен жеңіл көліктердің өтуіне арналған. Мұнда айтарлықтай оң өзгерістер орын алған. Айталық, қозғалыс жолақтары екіден сегізге дейін ұлғайып, тексеру кабиналарының саны 12-ден 34-ке дейін артқан. Ал ғимараттың жалпы ауданы 4,9 мың шаршы метрге жеткен. Егер бұрын жаяу жүргіншілерді өткізу қауқарлығы тәулігіне алты мың адамнан аспаса, қазір – 25 мыңға дейін, ал шекарадан өтетін автокөліктер саны тәулігіне 2,5 мыңға дейін өскен. Ірі көлемді көліктерге, соның ішінде негізінен жолаушылар автобустарына арналған тексеру кешені жұмыс жасайды. Ол үшін бір көлікке бес минуттан аспайтын уақыт жұмсалады. Ал заманауи қондырғылар сағатына 700 дана қол жүгін сканерлеуге қабілетті.

 Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support