- Advertisement -

Екі жүзден астам омарташының екеуі ғана қандасымыз екен немесе бал арасымен неге басқа ұлттың өкілдері ғана айналысады?

221

- Advertisement -

Ғылыми деректерге сүйенсек, бал арасы жер бетінде 50 миллион жылдан бері өмір сүріп келеді екен. Адамзат балдың және балауыздың тіл үйірер дәмі мен емдік қасиетін, аралардың  өсімдік өнімділігін арттыратын ерекшеліктерін ежелден білген. Кемеңгерлер мен даналар оны табиғаттың таңғажайып туындысына балаған. Халқымызда: «Бал – мың түрлі ауруға ем» деген қанатты сөз бар. Бұл – текке айтылмаған. Ғалымдар   аралар  бір килограмм бал әзірлеу үшін 120  миллион гүлге қонып, шырынын жинайтынын жазады. Неткен, ғажайып еңбекқорлық! Зерттеуші С.Бондарев  «Азбука пчеловода» кітабында омарташылардың денсаулығы зор, күйзелістен ада  болатынын және ұзақ жасайтынына нақты  мысалдар мен  дәлелдер келтіреді. Бағзы замандарда мысырлықтар мен үнділіктер Ресейден алған балына  алтын-күміспен есеп айырысқан. Ол – дастарханның сәні, асымыздың – нәрі. Бұл тағам дастарханға көбінесе аса құрметті қонақтардың алдына қойылады.

Органикалық әрі табиғи таза өнім қатарына бал арасы шаруашылығының өнімі де жатады. Бұл өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығы, биологиялық алуан түрлілікті  сақтау саясатындағы маңызы өте жоғары. Елімізде, оның ішінде облысымызда  омарта шаруашылығын  экономиканың  маңызды әрі пайдалы саласына айналуына толық мүмкіндік бар.Елімізде «Бал ара шаруашылығы туралы» заң қабылданғалы бері омарташылар саны екі есеге артып, 2020 жылы бал араларының ұяларының саны 133 мыңнан асып, соңғы екі жылда екі есеге өскен. Бүгінде асыл тұқымды бал араларының үлесі 18 пайызды құрайды. Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен бекітілген тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларына сәйкес, жан басына шаққанда жылына 6 килограмм әсел(бал) тұтыну көзделген.

Омарта шаруашылығы – табиғи таза өнімнен басқа энтомофильді ауыл шаруашылығы дақылдарының тозаңдануын қамтамасыз ету арқылы  олардың өнімділігін арттыруда және медицина саласында апитерапияны дамытуда маңыздылығы ерекше. Елімізде тағамның осы түрін өндіруге мүмкіндігіміздің мол екеніне қарамастан әлі күнге тұрғындардың қажеттілігін өтей алмай келеміз. Білім және ғылым министрлігінің деректеріне қарағанда 3 миллион 309 мектеп оқушысының 400 мыңнан астамы ғана балмен қамтамасыз етілген. Демек, елімізде әсел тапшылығын жою, оның молшылығын жасау үшін бірқатар мәселелерді шешу кезек күттірмес міндеттердің бірі болып отыр. Солардың бірі – таза асыл тұқымды ара ұяларын көбейту, өнімді өңдеу кәсіпорындарын құру. Саланың материалдық-техникалық базасын жақсарту және ветеринарлық қызмет жүйесін жолға қою керек. Өнім өндіру, өткеру және экспорт мәселесі жан- жақты саралауды және нақтылауды талап етеді.

Сондай-ақ ара ұялары мен  пакеттерінің қозғалысына бақылау жасау, экологиялық қауіпсіздік пен эпизоотиялық жағдайды оңалту үшін мемлекеттік ветеринарлық бақылауды күшейтіп, омарталарды паспорттау, зертханалар жүйесін құру қажеттілігі туындауда. Әлемдік нарыққа шығу үшін саланы кешенді зерттеу, асылдандыру жұмысын дұрыс жолға қойып, аудандастырылған және асыл тұқымды омарталар желісін құру керек. Ерекше құнды телімдер мен өсімдіктерді қорғау шаралары  күшейтіліп, омарташыларды мемлекеттік қолдауға баса көңіл бөлінуі тиіс. Облысымызда кейінгі кезде осы мәселелерді шешу жолында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде бұл жұмыс дұрыс жолға қойылып келеді. Облыс аумағында бүгінде 216 омарташы бар, оның 46-сы жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Аймақтағы бал аралары ұяларының саны 20468-ге  жеткен. 2020 жылы облыста 1200 тонна әсел өндірілді.

Таулы өңірге орналасқан Қордай, Меркі, Құлан және Жуалы аудандарының аумақтарында  бал беретін өсімдіктердің алуан түрі өседі. Байзақ және Жамбыл аудандарында да осы іспен шұғылданатын омарташылар бар. Бұрын  жамбылдық бал арасын өсірушілер бұл іспен өз беттерінше айналысты. Соның салдарынан жәндіктердің тұқымын асылдандыруға тиісті көңіл бөлінбеді. Мұның өзі өнім мөлшері мен сапасына да кері әсерін тигізді. Өкінішке қарай, бұл кәсіптің пайдасын  біле тұра оны игеруге талпынып жүрген қандастарымыз жоққа тән. Жоғарыдағы аймақтағы әсел өндірушілер арасында екі-ақ қандасымыз бар екен. Бұл іспен негізінен орыс ұлтының өкілдері шұғылданады. Ниет етіп осы кәсіпті қолға алса,көзін тапса, көл-көсір табысқа кенелетінін дәлелдеп жүрген азаматтар аз емес. Оның үстіне омарташылық – маусымдық жұмыс. Олар қыста үйлерінде жазда жинаған өнімін сатады. Әлбетте, оңай нәрсе жоқ. Әр тірліктің өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары бар.

Облыста өткен жылдан бастап осы кәсіпке қызығушылық  танытушыларды оқыту қолға алынған. «Атамекен» ҰКП облыстық кәсіпкерлер палатасы  жанындағы « Бастау бизнес» жобасымен былтыр 44 адам бал арасы кәсібіне оқытылған. Одан кейін олар Қордай ауданында екі ай тәжірибеден өткен. Биыл тағы 50 адам омарташылыққа оқытылатын болады. 2020 жылы облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев  аудандардағы бір топ жас әсел өндірушілерді Шығыс Қазақстан облысына апарып, семинарға қатысып, тәжірибелерімен танысып қайтқан. Сондай-ақ өткен жылы ақпан айында облыста осы кәсіппен айналысатындармен семинар-кеңес өткізіліп, мемлекеттік қолдау тетіктері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Омарташылар өсімдіктердің гүлдеуіне қарай әр жерге көшіп жүреді. Әр кәсіпкер орта  есеппен 50 ара ұясын ұстайды. Бір ара ұясы бір маусымда орта есеппен 5 килограмм өнім береді. Олардың арасында  350 ара ұясымен жұмыс істейтіндер де бар.

– Жас  омарташылар жұмысын әуелі 10 ара ұясымен бастайды. Ісі алға басса, келешекте ұя санын біртіндеп көбейте береді. Оларға мемлекет тарапынан қолдау, көмек бар. Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары арқылы пайыздық үстемесі аз несие алады. «Қарапайым заттар экономикасы» және  «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру туралы» бағдарламаларында ара балын өндірушілерге жеңілдікпен несие қарастырылған, – дейді  облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы  Балжан Ысқақова.

Асыл тұқымды  ұшатын жәндіктердің  өнімді мол беретіні әрі сапасы жоғары болатыны айтпаса да түсінікті.Сондықтан да Балжан жергілікті аналық араларды «Карпат» тұқымды жоғары өнімді аралармен асылдандыруға айрықша көңіл бөлініп жатқанын айтады. Облыстың омарташылары Шымкент қаласындағы «Оңтүстік-Батыс»  ғылыми-зерттеу институтымен  тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Институт арқылы аймақтағы 3800 ара ұясына селекциялық асылдандыру жұмыстары жүргізілген.Былтыр 8 кәсіпкерге 19 миллион теңге субсидия төленген.Бұл салада асылдандыру жұмыстарының маңызы туралы  Нұр-Сұлтан қаласындағы ғылыми-зерттеу институтының, Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінің ғалымдары  семинар-кеңестер өткізген. Мұның өзі әсіресе кәсіптерін жаңа бастаушыларға өте пайдалы болды. Олар қазір асыл тұқымды аналық араларды сатып алуға күш салуда.

Бал арасы шаруашылығымен айналысушылар гүлді өсімдіктерді іздеп, ұдайы жүздеген шақырым жерге дейін көшіп жүреді. Кейде бірнеше аудандардың аумақтарындағы орман шаруашылықтарының жерін пайдалануға тура келетін. Көкшалғынды пайдаланғаны үшін ақша төлейтін. Омарташылардың өтініштері ескеріліп, жергілікті органдардың шешімімен олар бір жылда қанша орман шаруашылығы алқаптарын пайдаланса да бір-ақ реттік төлем жасайтын болды. Бірақ ол аумақта өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Кәсіпкерлер үшін бұл да елеулі жеңілдік болды. Әсіресе  200-ден астам бал арасы ұялары бар азаматтар қатты қуанып қалды.

– Мен осы кәсіппен 40 жылдан бері шұғылданып келемін. «Сүйген істің сүйініші көп». Көзін тауып, бар ынтасымен жұмыс істеген адам  айтарлықтай табысқа да кенеледі. Бір анығы, аралар қоныстанған аумақта шөптің де, жеміс ағаштарының өнімі де басқа жерлерге қарағанда бірнеше есеге көп болады. Демек, біз экологияны сауықтыру, табиғатты түлету үшін жәндіктің осы түрін барынша көбейтуіміз керек, – дейді Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылының тұрғыны, омарташы Александр Пасечник.

Өткен жылы коронавирус індеті жалпақ жұртты әбден әбігерге салды. Балауыз іздеп жүргендерді талай кездестірдік. Оның бағасы да лезде шарықтап кетті. Бұл – бекер емес екен.

– Балауыз – иммунитетті көтереді.Мың да бір ауруға ем. Былтыр індет басталған кезде күнделікті пайдаландым. Талай аурулардың ортасында жүрсем де кесел жұққан жоқ. Ауырған адамдарға оны тұтынуға кеңес бердім. Оны тауып беруге көмектестім. Балауызды пайдалану нәтижесінде олар да тез сауығып кетті, – деді тараздық омарташы Вера Михайлова.

Әлбетте, қандай өнімді болса да тұтынушыға өңдеп өткерген тиімді. Ол – сауда орындарында шыны құтыларға құйылып сатылады. Бұл – тұтынушылар үшін тиімсіз. Бірқатар тұтынушылар сауда сөрелерінен 100-200 грамм ғана әсел алғысы келеді. Сондықтан да Тараздағы «Жамбыл бал» ЖШС  өзі өндіретін және әріптестерінен сатып алатын тағамды қаладағы ірі сауда орындарына әртүрлі көлемдегі ыдыстарға құйып, орап, қаптап өткеруді қолға алмақ. Осындай құрылғыны сатып алу үшін оның иесі банктерден 10 миллион теңге несие және «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 5 миллион теңге грант ұтып алған. Цех таяуда іске қосылған кезде оның өнімі ішкі нарықпен қатар көрші облыстарға да жөнелтіледі.

Елімізде, оның ішінде облысымызда өндіріліп жатқан осы өнім түрі тапшы болғандықтан бағасы да жоғары. Бүгінде сауда орындарында оның әр килограмы 1700-2000 теңгеден сатылуда. Бал мен балауыз көп болса, олардың құны да төмендейтіні сөзсіз. Жамбыл балын экспортқа шығару жайы да қарастырылуда. Ол үшін өнімнің зертханалық талдамасы, ветеринарлық қызметтің рұқсаты және сертификаты керек. Қолға алса, бұл қиын шаруа емес. Бізде бұл бағытта жемісті жұмыс істейтін мамандар жеткілікті. Ең бастысы, елімізде және аймақта осы саладағы ұзақ уақыттан бері сіресіп жатқан сең бұзылды. Ел игілігіне аса қажетті шаруаның іргесі қаланды. Жұрттың бұл іске  деген  қызығушылығы мен сенімі  оянып, мемлекеттік қолдауды айқын сезіне бастады. Ендеше іске сәт, бал арасын өсірушілер!

 

Ақылжан МАМЫТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support