- Advertisement -

«Ақылын» сатқандарға алданбаңыз…

10

- Advertisement -

Әлеуметтік желіде жолсызға жол сілтеп, сүрінгенге сүйеу болуға ұмтылған курс сатушы, коуч-тренерлердің жарнамасынан көз сүрінеді. Алайда, бір қарағанға қамқоршың болуға асық жандармен тілдесе қалсаң, әр сөзінің сатулы екеніне көз жеткізуге болады. Баянсыз ғұмырыңды шаттыққа бөлеп, сүреңсіз өміріңнің сырын ұқтырып, әп-сәтте бақыттың құшағында балқыта алатынын айтып, дәлелдеп бағады. Бірі күйеуіңмен қарым-қатынасыңды жақсартып, енеңмен тіл табысудың үздік үлгісін көрсетуді үйретсе, енді бірі алтынмен аптап, күміспен күптейтіндей байытып жіберетін қуаты барына сендіреді.

Осындайда «Өзің диуанасың, кімге пір болмақсың» деген сөз еске түседі. Негізі, расында өзіне лайықты мамандықты таңдай алмай, қайта-қайта шалыс басып әбден шаршаған, басына қара бұлт үйірілген, бастығымен жақсы қарым-қатынас орната алмай күйзелген немесе мамандығынан мезі болып, жаңалық іздегеннің бәрі коуч қызметіне жүгінеді. Егер дипломы бар, нағыз өз саласының маманын кезіктірсеңіз, жолыңыздың болғаны. Ал, табыс табудың соңында жүргендердің алдап-арбап, ақша алудан басқа айласы жоқ екеніне көзің жетеді.

Сөзімізге тұздық болсын, бірнеше мысал келтіре кетейік. Бірде «әлеуметтік желіде табыс табуды үйренемін, адамдармен қарым-қатынасым жақсарады» деп, құрбым бір коучқа тіркелді. Қоңырау шалғанда сабақ он күн бойы, күнделікті белгіленген уақытта өтетіні, сұрағын кез келген уақытта қоюға мүмкіндігі бар екенін айтып, сауда-саттықпен айналысудың озық үлгісін, бір де бір клиентті құр қол қайтармайтын ережемен жұмыс істеудің сырын үйрететінін тәптіштеп, егжей-тегжейлі түсіндірді. Не керек, құрбым елу мың төлеп, бес күндік курсқа жазылды.

Бірінші дәрісі танысу кезеңімен өтті. Қаламсап, қойын дәптер арнауын тапсырып, ертесі хабарласатынын айтты. Екінші дәрісте айналасындағы адамдармен ашық-жарқын күлімдеп сөйлесіп, қиялын қағазға түсіріп, ақшаны үнемдеп жаратудың айналасында әңгіме қозғалды. Үшінші дәрісте сөзі сұйылған коуч амандық-саулықтан соң, жаңалық айтумен шектелді. Соңғы күні өміріңді жоспарла, бақытты болатыныңа, болашағыңның жарқын болатынына сен, дұрыс арманда деген сияқты «ақыл-кеңестен» ары аспады…

Түйгенім, тұтынушыларды олардың сапасы қанық, қызыл-жасыл жарнамасы қызықтырып, танымалдығының арқасында адам тартатынына көзім жетті.

– Ақша табу үшін түрлі әдістің соңында жүргендерге қарап, қарным ашады. Бір білерің болса, рақметті адамдар онсыз да айтады немесе адамнан қайтпаса да, Алладан қайтады емес пе? Өп-өтірік «сізді байытам, көзіңізді ашам, өміріңізді гүлдендіремін» дейтіндерге мүлдем сенбеу керек. Біреудің айтқанымен өмір өзгеріп кетпейді ғой. Әрекет етсең ғана берекеттің болатыны белгілі. Медитация жасап, алдап, арбап ақша тапқаны бүгін өзіне жақсы шығар, ал ертеңі не болары белгісіз. Сөзді көпіртіп, ақылын сатқанға ешкім сенбесін. Өзіне-өзі сенімсіз адам, біреудің айтқанын қалай іске асырады? Стиль, түр, сөзіңді өзгерт дегеннен адамның жан дүниесі, мінезі өзгеріп кетпейді. Төрт-бес күн оқуын сатып алып, жалған сертификатқа қол жеткізіп алып, өзін ақылды санайтындар көбейді. Оқыған жақсы мамандарға сондай ақшақұмарлықпен жүргендердің кесірі тиеді. Кеше курсын оқи салып, көкірек қағатындардан нәтиже шығады дегенге сенбеймін. Адамдар алданбаса, сол курсқа өткізген ақшаны одан да саудаға салып, өзін дамытса құба-құп. Қызық, кеше ғана әнші болып жүргендер, бүгін психолог болып кетеді. Кеше ғана сахна төрінен көрініп, бүгін психолог болып шыға келетіндерге таңым бар, – дейді педагог-психолог Райхан Әбиева.

Мамандардың айтуынша, коучинг саласы шектелмейді, ол жан-жақты. Оны өмірдің кез келген саласында пайдалануға болады. Яғни, кез келген адам өзіне жеке коуч тауып, кез келген проблемасын шешуге ұмтыла алады.

Коучингте жалпы шешім, ұсыныс, әдіс-тәсілдер тікелей қолданылмайды. Яғни, коучке келген клиенттің жеке жағдайына байланысты арнайы жоспар дайындалып, мақсатқа жетудің жобасы әзірленеді. Одан кейін коуч пен клиент бірге іске асыруға тырысуы керек.

Ең бастысы, коучинг өзіңізді толық тануға, мақсатыңызды анықтап, сол мақсатқа қол жеткізуіңізге өз септігін тигізеді. Ал, оны «сиқыршы» көріп, арманын орындатуға асыққандар қателеседі. Ол бағыт-бағдар беруші ғана.

Табысқа жеткізуге уәде беретін коучтар, қайырымдылық қорының атын жамылған немесе жай ғана жақсы өмір сүруді үйретуге, байлыққа бастайтын, өміріңізді өзгертетін онлайн курстарды белгілі азаматтар мен блогерлер жарнамалайды. Оларға сенетін халық көп. Себебі, бірінің өнеріне тәнті болса, енді бірінің талантына бас иеді. Бірақ, курс сатып алып, сан соққандар да жетерлік. Бүгінде жалған ақпарат таратушы кез келген адам 100 айлық есептік көрсеткіш, жеке тұлға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндетті, көнбеген жағдайда 15 тәулікке дейін қамалады. Ендеше курс ұсынып, ақылын сатқандарға алдануға болмайды.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support