- Advertisement -

Туысыңмен тату бол!

7

- Advertisement -

Ағайынмен тату болу, бауырмен ынтымақта өмір сүру адами құндылықтың бір бөлігі. Бес күндік жалғанда болмашыға жанжалдасып, тіпті бірін-бірі дұшпан санап кеткендер де аз емес. Бұл біздің дініміздегі шариғатқа да қарсы келетін пендешілік. Расында, қамшының сабындай қысқа өмірдің қызыл-жасылды дүниесіне таласып, талай адамдар бет көріспей кетті. Бөгдені былай қойғанда, бір анадан туғандар арасындағы араздық туыстық қарым-қатынастарды бұзып келеді.

Айта берсек, ел ішінде мұндай түсініспестік жағдайлар көп. Дүние үшін жаға жыртысқан жақындар бір-бірінің қадірін кеш біліп жатады.

Бауырдың бауырға деген құрметі, туысқа деген мейірбандылығы ата-ана тәрбиесінен бастау алады. Бір ұядан қанат қаққан балапандар бір шоқым етке бола шоқысса, одан асқан қасірет жоқ. Бұрындары таққа таласқан ханзадалар сынды тарихта қаншама қанды оқиғалар орын алды.

Жақсылық жасауды жаттан емес, әуелі жақыныңнан бастау парыз. Мақтангершілікпен артық дүниесін бөтен біреулерге шашып, туысының нанға зар болып жатқанын ұмытатындар да бар. Ағайын арасындағы ауызбірлікті реттейтін жалғыз құрал – оларға қолдан келгенше қамқоршы болу. Үш күннен артық ренжісуге болмайтын жақындарыңа кешірім ету де мол сауапты іс екен.

Туған бауырлардың татулық туын жығатындар сырттан да, іштен де табылары хақ. Бауырлардың берік ынтымағының жарасуына еш кедергі болмауы қажет.

Жалпы айтқанда, жақыныңнан алыстау жәннатыңнан адасуға апаратын жол. Отанымыздың тыныштығы отбасымыздың татулығынан бастау алатынын ұмытпайық.

 

Нұржан ӘЛІШ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support