- Advertisement -

Бір мектептің күрделі жөндеуіне 500 миллион теңге бөлінген. Қаражат жұмсауда неге үнем жоқ?

70

- Advertisement -

 

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылғы қаңтар-желтоқсан айларындағы көрсеткіштерінің орындалу барысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген әкімдік мәжілісінде қаралды. Аймақ басшысы саяси- экономикалық дағдарыстарға қарамастан өткен жылды ойдағыдай аяқтап, ел президентінің тапсырмалары мен халық алдындағы әлеуметтік міндеттер толығымен орындалғанын атап өтті. «Биылғы жылды жаман бастаған жоқпыз. Енді атқарылған жұмыстар негізінде экономикалық даму қарқынын төмендетпеуіміз керек», деген Бердібек Машбекұлы алдағы міндеттерді бірсыпыра шолып шықты.

 ТАРАЗДА ӨТКЕН ЖЫЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛУІ ТИІС

86 НЫСАННЫҢ 22-СІ МЕРЗІМІНЕН КЕШІККЕН

Кеңейтілген әкімдік мәжілісінде облыс әкімінің орынбасарлары өздері жетекшілік ететін салалар бойынша толық баяндап, нақтыланған жоспарларымен де бөлісті. Алғашқы сөзді облыс әкімінің экономика жөніндегі орынбасары Талғат Мамаев алды. Облыстың жалпы өңірлік өнімі 2020 жылғы

9 айдың қорытындысымен 1205 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,4 пайыз деңгейінде қалыптасыпты. Талғат Шариұлы ҚР Премьер-Министрі мен Жамбыл облысы әкімі арасындағы Меморандум және мемлекеттік жоспарлау жүйесі қатарындағы Аумақты дамыту бағдарламасымен, сондай-ақ облыс әкімі мен аудандар және Тараз қаласы әкімдері арасындағы келісімдермен белгіленген индикаторлардың қорытындысы мен орындалуына тоқталды. Сондай-ақ аудандар мен басқармалардың бюджет қаражатын игеру деңгейін атады.

2020 жылы мемлекеттік бюджетке 113,1 млрд. теңге салықтар мен басқа да төлемдер түскен. Бюджет түсімін арттыру мақсатында облыста жұмыс істейтін, бірақ басқа өңірлерде тіркелген салық төлеушілердің санын анықтау, жер қойнауын пайдаланушыларды толық есепке алу және салық төлемдерінің түсуі бойынша меморандумдар жасау, салықтық, қаржылық және басқа да тексерулер жүргізу есебінен ұйымдастырылмаған сауда нүктелерін және басқа да қызмет түрлеріндегі салықтарды төлеуден жалтаруды анықтау туралы міндеттер тиісті басқармалар мен әкімдіктерге жолданған.

Соңғы жылдары құрылыс қарқын алғаны айқын аңғарылуда. 2020 жылы барлық бюджет көздерінен құрылыс салалары бойынша 55,3 млрд. теңгені құрайтын 235 жоба іске асырылған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артық. Ағымдағы жылы 3822 пәтерлі 66 тұрғын үйдің құрылысы басталып, 2131 пәтерлі 38 тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Бұл туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек жыл қорытындысымен 160 нысан пайдалануға тапсырылғанын, оның ішінде денсаулық саласында – 1 нысан, мәдениет – 5, спорт – 13, білім – 12, тұрғын үй – 37, инженерлік инфрақұрылым – 63, ауыл шаруашылық – 3, су іздеу барлау – 1, ішкі істер органдары – 1 нысан болса, ағымды жөндеуден 24 нысан өткен. Қалған 75 нысан құрылысы 2021 жылға өтпелі. Ұлан Еркінұлы Тараз қаласы және аудан әкімдіктері тарапынан тиісті деңгейде бақыланбағандықтан, төмен дәрежеде орындалған құрылыстарға тоқталды. Мәселен, Тараз қаласында 2020 жылы пайдалануға берілуі тиіс 86 нысанның 22-сі, Қордай ауданында 18 нысанның 5-еуі 2021 жылға өтпелі болса, Жуалы, Шу, Байзақ, Талас аудандарындағы 5 нысан мерзімінен кешіккен. «Осыған орай, нысандарда құрылыс жұмыстарын сапалы орындау және жүйелендіру мақсатында, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу барысында сәулет және қала құрылысы басқармасының «Сәулет бюросы» орталығына арнайы функцияны енгізіп, күшейтуді ұсынамын» деді баяндамашы. Сонымен қатар жүргізілген талдау барысында 235 нысанның құрылысына 93 мердігер жұмылдырылған, оның ішінде 8 бас мердігер құрылыс жұмыстарына 14 қосалқы мердігер тартқандығы анықталыпты. Бұл келісімшарт міндеттемелерін орындау бойынша жауапкершіліктің төмендеуіне әкеліп соғатынын айтты.

Ағымдағы жылдың құрылыс жұмыстарына келсек, құны 49,3 миллиард теңгені құрайтын 160 жоба құрылысы қолдау тауыпты. Автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бойынша 2020 жылы барлық бюджет көздерінен жол саласына 27,6 млрд. теңге бөлініп, 1111 жоба іске асырылыпты. Бөлінген қаржы есебінен жалпы 1316,2 шақырым жол жөнделген. Ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджеттен 3,7 млрд. теңге бөлінген.

« Жұ м ы с п е н қ а м т у жо л к а р т а с ы » бағдарламасы аясында іске асырылуы жоспарланған жалпы 843 жобаның 32-сі пайдалануға берілмеген. Оның ішінде 5 жобаны іске асыру мүлдем басталмаса, 27 нысан бойынша жұмыстар аяқталмай қалған. Бұл Мойынқұм (1), Меркі (8), Шу (11), Қордай (3), Жамбыл (4) аудандары мен Тараз (5) қаласында орын алып отырған көрінеді.

Тәжірибе көрс еткендей, құрылысы бітпей қалған нысандардың негізгі себебі бір мердігердің көп тендерді жеңіп алуы. Ұлан Еркінұлы сондай-ақ ауызсу, газ, жылу энергетика саласындағы, тұрғын үй жөндеу және абаттандыру, сәулет және қала құрылысы және сәулет-құрылыс бақылау салаларындағы атқарылған жұмыстар мен проблемаларды ортаға салды.

Өнеркәсіп – экономиканың қозғаушы күші. Бұл ретте кәсіпкерлікті қолдау шараларын жалғастыру, инвестициялық саясатты белсенді жүргізу, шетелдік инвесторларды тарту, ірі өнеркәсіп кәсіпорындары маңында шағын және орта бизнесті қолдау бойынша (әріптестік бағдарлама) жұмыстарды жандандыру, облысымыздың өнеркәсіп кәсіпорындарында цифрлық технологияларды енгізу сияқты нақты міндеттер айқындалған.

АУДАН ӘКІМДІКТЕРІ ИНВЕСТОРЛАР ТАРТУ МӘСЕЛЕСІНДЕ ӨТЕ СЫЛБЫР

2 0 2 0 ж ы л ы о б л ы с т ы ң ө н е р к ә с і п кәсіпорындарымен 504,8 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, 2019 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 103,1 пайызды құраған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8 ауданда артқан. Меркі ауданында өнім көлемі өткен жылдың деңгейінде қалыптасса, Мойынқұм ауданында өнім көлемі төмендеген. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев бұл саладағы нақты жұмыстарды тарқатып айтты. Ол Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне жүктелген бірнеше міндетті алға тартты. Мәселен, Тараз қаласы мен Меркі ауданындағы «Тараз қант зауыты» және «Меркі қант зауыты» серіктестіктерінің жүктелімін арттыру үшін, кәсіпорындарға қажетті шикізат мәселесін шешу, дайын металл бұйымдар өндірісінде Тараз қаласы әкімдігі құрылыс және мемлекеттік сатып алу басқармаларымен бірлесіп, мемлекет есебінен салынатын нысандарда «ЖЗМК Имсталькон» және «Металл құрылғылар және резервуарлар зауыты» ЖШС-ның өнімдерін пайдалану мәселесін қарастыру қажет екені міндеттелді.

2020 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында негізгі капиталға инвестициялар көлемі 344,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 12,7 пайызға өскен.

Облыста 69 338 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп тұр. 2020 жылдың 1-ші жартыжылдығында шағын және орта бизнес арқылы 193,6 миллиард теңгеге өнім шығарылып, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,2 пайызды құраған.

«Қарапайым затт ар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері жалпы сомасы 75,5 миллиард теңгені құрайтын 203 жоба бойынша жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге оның 73,6 миллиард теңгені құрайтын 154 жобасы мақұлданып, оның ішінде жалпы құны 49,5 миллиард теңгені құрайтын 143 жоба қаржыландырылған. Бағдарлама аясында 2791 жұмыс орнын құруды, өндірісті 83,4 миллиард теңгеге арттыру және салық түсімдерін 7,9 миллиард теңгеге ұлғайту жоспарланып отыр.

« Б и з н е с т і ң жо л к а р т а с ы – 2 0 2 5 » бағдарламасы аясында барлық қаржы құралдары арқылы 2020 жылы жалпы сомасы 24,0 миллиард теңгені құрайтын 638 жоба жүзеге асырылған.

Облыста жалпы құны 1,1 триллион теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба «2020- 2025 жылдарға арналған индустриалды- инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстың Индустриаландыру картасына енгізілген, жобалар аясында 8500- ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылмақ. 2020 жылы жоспарланған жобалардың сомасы 14,8 миллиард теңгені құрайтын 7-еуі іске қосылып, 1052 тұрақты жұмыс орны ашылыпты.

Алмас Өскенбайұлы аудан әкімдіктері тарапынан инвесторлар тарту жұмыстары төмен деңгейде атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Бұл ретте Жуалы ауданы ерекше аталды.

Әлемдік пандемия әсерінен облыста электронды сауда дами түскені сөз болды. 2019 жылмен салыстырғанда қолма-қол ақшасыз жүргізілген операциялар 8,5 есеге артса, банкоматтар мен терминалдардан ақша алу 107 пайызға көбейген. Қордай және Шу аудандары жергілікті бюджет есебінен 151,0 миллион теңгеге 86 дана бейнекамера орнатып, жедел басқару орталығына интеграцияланған.

Алмас Өскенбайұлы облыс бойынша 371 елді мекеннің 362-сі әртүрлі жиіліктегі интернетпен толық қамтамасыз етілгенін айтты. Қалған 9 ауыл жыл соңына дейін интернетке қосылмақ. Жиында туризм саласында да бірқатар ілгерілеушіліктер бар екені айтылды.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 63 сервистік нысандар орналасқан, оның ішінде 35 нысан ҚР Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келсе, 28 нысан бойынша сәйкестендіру жұмыстары жалғасып жатыр екен.

«АСАРЛАТЫП ҮЙ САЛУ»

ЖОБАСЫНДА КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ ФАКТІЛЕРІ ОРЫН АЛҒАН

Облыс әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Ержан Жылқыбаев өз сөзінде денсаулық саласындағы ақсап тұрған жұмыстарға тоқталды.

Ол пандемия басталғалы бері ең көп жағдай – Тараз қаласында (2564), Қордай (636), Шу аудандарында (377) тіркелгенін атады. «Бұл тиісті санитарлық талаптар сақталмай, тұрғындар жиналатын отбасылық шаралардың әлі де тоқтамауынан», – деді Ержан Жұматұлы.

Денсаулық саласындағы тағы өзекті мәселенің бірі – ауруханалардағы қызмет көрс ету с апасының төмендігі екенін жасырмады.

Осы орайда өткен жылы 8 жаңа бас дәрігер тағайындалып, жұмыста жіберген кемшіліктері үшін 10 бас дәрігерге қатаң тәртіптік жаза қолданылған.

Білім саласының негізгі көрсеткіштерінің бірі – ҰБТ нәтижесі. Өткен жылы мектеп бітірген 9171 түлектің 6619-ы тестілеуге қатысса, облыс бойынша ҰБТ-дағы орташа балл 70,2-ні құраған. Бұл бойынша Т.Рысқұлов (56,6), Қордай (57,1), Жуалы (57,7), Меркі (63,2), Шу (63,2) аудандары төмен көрсеткішке ие. Өткен жылдың қорытындысымен ұзақ жылдар бойы директорлық қызметте отырып, төмен нәтиже көрсеткен 31 мектеп директоры қызметтен босатылған.

Пандемия жағдайында өткен жылы халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыру, әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету негізгі міндеттердің бірі болғаны мәлім. Алайда жылдың қорытындысы бойынша бірқатар кемшіліктер анықталған. Мәселен, Еңбек бағдарламасы аясында өткен жылы жұмысқа орналасу деңгейі 89,5 пайызды құрапты. Сондай-ақ өткен жылғы 225 адамның қайтарымсыз гранттарды мақсатсыз пайдаланылғаны анықталыпты.

Биыл Талас ауданы Қаратау қаласында 30 төсек орындық мүгедек балаларға арналған және Шу ауданы Төле би ауылында 30 төсек орындық ересек мүгедектерге арналған оңалту және бейімдеу орталықтарын ашу және 4832 адамға шағын несие, грант беру жоспарлануда.

Ержан Жылқыбаев «Асарлатып үй салу» жобасындағы түйткілдерді де айналып өтпеді. Ауыл әкімдері тарапынан көзбояушылық фактілерінің орын алғанын атап өтті. Мәселен, Талас ауданындағы Сәду Шәкіров ауылының әкімі Ә. Оңбаев ауыл тұрғынының өзі соғып жатқан үйді «Асарлатып үй салу» жобасына қосып, үйдің шатырын жауып беремін деп, уәдесін орындамаған.

Былтыр барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс тиімділігі бойынша жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде Тараз қаласы, Жуалы, Сарысу, Меркі аудандарының әкімдерінің жұмысы «тиімсіз» деп бағаланған.

Халықтың шешіліп жатқан өзекті мәселелері, игі жобалар, атқарылып жатқан жұмыстар әлеуметтік желі қолданушылар тарапынан елеусіз қалып отырғанын тілге тиек еткен баяндамашы «2020 жылы үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 1 миллиардтан астам теңге бөлдік. Басқармалар мен аудан әкімдіктерінде олармен ешқандай байланыс орнатылмаған. Ақпараттық жұмыста біз үнемі ұтылып отырамыз. Кішігірім ауылда болған жағдайға облыс әкімдігі кері байланыс орнатады», – деді.

Ержан Жұматұлы өз сөзінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өту, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығы, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы, ақын Күләш Ахметованың 75 жылдығына орай шығармашылық кештер ұйымдастыру көзделіп отырғанын айтты. Сондай-ақ қордаланған мәселелерді шешу мақсатында «Бейбітшілік пен келісім», «Үлгілі ауыл», «Асарлатып үй салу», «Көшпелі қоғамдық қабылдау», «Түлек кз» жобалары мен жергілікті телеарналардан «Сөзден іске», «Әкімдік сағаты», «ӘКІМ. УӘДЕ мен ҮДЕ» хабарлары жалғасын табатынын жеткізді. Есепті баяндамада мәдениет, жастар саясаты, тілдерді дамыту, дін, спорт салалары да қамтылды.

ЖЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ МӘСЕЛЕСІНДЕ

БАЙЗАҚ, ЖУАЛЫ, МЕРКІ АУДАНДАРЫ ТАПСЫРМАНЫ ОРЫНДАЙ АЛМАҒАН

Ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев баяндады. Былтыр ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 389,1 млрд. теңге болып, республика бойынша 6-орынға жайғасқан. Салаға өткен жылы 29,5 миллиард теңге инвестиция құйылған. Бұл ретте Жуалы, Қордай, Жамбыл аудандары көш бастап тұр. Өңірдегі мал саны 3915 мың басты құрайды. 140 мың тонна ет, 326 мың тонна сүт өндірілген.

Егін шаруашылығы өнімділігі Мойынқұмнан басқа барлық аудандарда орындалған. Өңірдің сипатын ескере отырып, үдемелі жеміс- жидек бақтарын ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілетініне сендірді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1260 гектар болса, биыл 400 гектарға жеткізуді нақты мақсаттап отырған көрінеді. Егіс алқаптарын әртараптандыру, тұқымдарды қамтамасыз ету, техника алу бойынша пайыздық өсімдерді айтты.

Су үнемдеу технелогиясын алдағы екі жылда 50 мың гектарға жеткізу уәде етілді. 2020 жылы 20 мыңнан 30 мың гектарға артқан болатын. 50 пайыз жаңбырлатып суару техникаларының ескіруіне байланысты Байзақ, Меркі, Қордай, Шу аудандарына жаңа қондырғылар орнату көзделіпті.

Брендтік тауарлар тізбесін қалыптастыру бойынша іс-шаралар жоспары жасалыпты. Б ү г і н д е ау ы л ш а р у а ш ы л ы ғ ы н д а 6 0 инвестициялық жоба іске асып, 2117 жұмыс орны құрылатыны жоспарланған. Оның 13-і ірі жобалар. Тараз қаласында әлеуметтік дүкендер санын 16-ға, аудандарда 10-ға жеткізу тапсырмасы аясында жұмыстар жақында аяқталатынын жеткізді.

Жерлерді тиімді пайдалану-бақылау шаралары негізінде пайдаланылмай жатқан 82 мың гектар жер қайтарылған. Бірақ, Байзақ, Жуалы, Меркі аудандары тапсырманы орындай алмаған.

Ұңғымаларды пайдалану бойынша 75 ұңғыманы пилоттық режімде анықтап, 2972 гектар жерде суаруға мүмкіндік туып отыр.

Ба лық шаруашылығы, ветеринария саласының өзекті мәселелері талқыланды.

ЖАЗ МЕЗГІЛІНДЕ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА

КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРГЕ ЖЫЛЫ СУ БЕРІЛМЕУІ НЕ СҰМДЫҚ?!

Әкімдік мәжілісінде сондай-ақ Тараз қаласы мен бірқатар аудан, ауыл әкімдерінің қысқаша есебі тыңдалды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиынды қортындылап, әр салаға жеке-жеке тоқталды. Айталық ірі сауда орындары мен ресторан, кафелерде жұмысшылар саны жасырылатыны, базар саудагерлерінде кассалық аппараттың жоқтығы, кәсіпорындардың біздің облыста табыс тауып, салықты өзге өңірлерге төлейтін туралы мәселелерді көтерді. Сондай-ақ әлеуметтік нысандар салуды жоспарлағанда экономикалық талдау жасалу тиістігі сөз болып, қаншама қаражат жұмсалып салынған спорт залдар, алаңдар көбіне пайдаға аспай, бос тұратынына қынжылды.

«Жаз мезгілінде облыс орталығында көпқабатты үйлерге жылы су берілмеуі не сұмдық?! Қазірден келісіп алайық, былтырғы жағдай тағы қайталанып жүрмесін» деп қадап айтқан аймақ басшысы аталмыш кәсіпорынның жұмысын сынап, Тараз қаласындағы бірқатар кемшіліктерді де назардан тыс қалдырмады. Міндетін уақтылы орындамаған немесе сапасыз құрылыс жүргізген мердігер компанияларға шара қолданып, айыппұл салып қана қоймай, лицензияларын тоқтату мәселесін көтеру қажеттігін атап өтті.

Қаладағы қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізуде әлі де шикіліктер бар екенін алға тартқан облыс басшысы автобустарда қатынау құнын көтермес бұрын көліктің техникалық жай-күйі мен тазалығы қаншалықты талапқа сай екендігін ойланып алуға кеңес берді.

Кейбір құрылыс компанияларының жұмысшыларға жалақы төлемеу жағдайларын қадағалау еңбек инспекциясына тапсырылды. Осы орайда құрылысшыларға 5 ай бойы ақысын төлемеген «Қаратау жолдары» компаниясы тілге тиек етіліп, шара қолданылатын болды.

Әлеуметтік нысандарды, әсіресе мектептерді «көгілдір отынға» жеделдетіп қосу жұмысын ұйымдастыруды аудан әкімдеріне тапсырды. Сонымен қатар сақалды құрылыстар мен шамадан тыс қаражат бөлінген құрылыстар сыналды. «Бір мектептің күрделі жөндеуіне 500 миллион теңге бөлінген. Ол ақшаның үстіне аз- кем қаржы қосып жаңа мектеп салуға болады ғой. Қаражат неге үнемсіз жұмсалады?», – деп шүйлікті Бердібек Машбекұлы.

Тоқтап қалған кәсіпорындар жұмысын жандандыру, инвесторлар тарту, жер асты байлықтарын тиімді пайдалану, туризм саласындағы үгіт-насихат жұмыстарын арттыру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру, цифрландыру бойынша жұмысты жүйелеу, жерді тиімді пайдалану, тұқым сапасын көтеру, егіншілік бағытында әр ауданның өз брендін қалыптастыру мәселелері бойынша кемшіліктер ескертіліп, нақты тапсырмалар берілді.

Қарлығаш Есбергенова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support