- Advertisement -

Үсен үлкен бір істі бастады

89

- Advertisement -

Оның тәжірибе ретінде егілген алма
бағы екі жылдан кейін жеміс береді деп күтілуде

Меркі – тау бөктеріне орналасқан, ауасы таза, суы тұнық, алма бақ өсіруге аса қолайлы аудан. Экологиялық жағынан таза, дәмі тіл үйіретін осы жердің жемісіне сұраныс қашанда жоғары. Меркіде 2014 жылға дейін 209 гектар алма бағы болса, былтыр оның көлемі 586 гектарға жеткен. Кейінгі кезде жеміс көшеттері жаңа технологиямен орналастырылуда. Ауданда жеміс өсірудің шеберлері көптеп саналады. Солардың бірі – «Жасыл белес» шаруа қожалығының жетекшісі Үсен Қабылбек. Андас батыр ауылдық округі аумағында шаруа қожалығын құрған Үсен бағбандық кәсіпті 2004 жылы қолға алған болатын. Осы жылы 2 гектар алқапқа алманың «Айдаред», «Золотой превосход», «Старкрымсон» және «Голден делишес» сұрыпты көшеттерін отырғызды. Олардың жақсы өсіп-жетілуі үшін аянбай еңбек етті.
Көшеттердің түптерін қопсыту, арасындағы шөптерін ору және химиялық өңдеу көп қол жұмыстарын қажет етеді. Үсен Нәметқазыұлы қаржы тауып, бір доңғалақты трактор және химиялық өңдеу агрегатын сатып алған. Бақ өсірудің қыр-сыры туралы кітаптарды көп оқыды. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, тиісті күтім көрген бау жайқалып өсе бастады. Төртінші жылы тәуір өнім берді. 2009 жылы екі гектар баудан 140 тонна жеміс жинады. Қыста бұтап, жазда 6 рет дәрілеген, 5 рет суарған, оны жинаған және 6 жұмысшыға ақша төлеген шығындарды шегергенде әр гектардан 2 миллион теңгеден таза табыс түсіпті. Әлбетте, бақ жыл сайын осылай жоғары өнім бере бермейді. Кейбір жылдары үсік ұрады. Алайда мұндай қиындықтарға Үсеннің жігері жасыған емес.
Жеміс өсірудің тиімді әрі табысты екеніне көз жеткізген ол Жаңа тоған ауылдық округі аумағынан тағы да 28 гектар жер алды. Оның сыртын қоршап, 20 гектарына алма, 8 гектарына алхоры көшеттерін отырғызған. Өткен жылы бағбан қарамағындағы баулардан 80 тонна алма, 35 тонна алхоры жинап та алды. Жиналған жемісті сақтайтын 150 тонналық қоймасы бар. Кәсіпкер азамат келешекте тағы да 200 тонналық қойма салуды көздеп отыр. Қожалық сондай-ақ көшеттер өсіріп, оларды өткерумен де шұғылданады. Көшетбақта 70 мың данаға дейін өскіндер өсірілуде. Оларды өз облысымызбен қатар Алматы,Түркістан және Қызылорда облыстарының заңды және жеке тұлғалары сатып алады. Аласа көшеттер жоғары өнімділігі және ауруларға төзімділігімен ерекшеленеді.
Өсімтал бақ өсіру технологиясы бойынша әр гектар алқапқа 2,5 мың түп көшет отырғызылады. Оның қатараралығы 4 метрден, көшеттердің ара қашықтығы 1 метрден болады. Ү.Қабылбек осы әдісті жетілдіру мақсатында екі жыл бұрын 2 гектар алқапқа 20 мың көшет орналастырды. Тәжірибелік бақта қатараралық 3,5 метрден, көшеттердің арақашықтығы 30 сантиметрден болды. Бұл тәсілден біріншіден – жер, екіншіден – су, үшіншіден – дәрі-дәрмек және басқа да шығындар үнемделеді. Болжам бойынша әр гектардан 100 тоннадан өнім алынуы тиіс. Бау екі жылдан кейін тәуір өнім беру керек. «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 20 жыл», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері Үсен Қабылбек бұл жаңалығының үлкен тиімділік пен табысқа қол жеткізетініне нық сенімді. Тәжірибе ақталса, келешекте өндірісте кеңінен қолданысқа да енгізілетін болады.

Ақылжан МАМЫТ

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support