- Advertisement -

Ағаш ұстасының айшықты қолтаңбасы

57

- Advertisement -

Әр дәуірдің өзіне тән ыдыстары болады. Олардың бірі сол тұстағы мүмкіндік, әлеуетке сай форфордан, екіншісі саз балшықтан, үшіншісі темірден жасалған. Қазақтар негізінен ағаш ыдыс-аяқтарды тұтынғаны белгілі. Оларды қолөнер шеберлері қарағаш, өрік, терек, қайың ағаштарынан ойып жасай алды. Бұлардың ішінде айрықша мықты әрі берік қарағашты өңдеу қиынға түседі. Әлбетте, одан жасалған бұйымдар да мейлінше қымбаттау, алайда ұзағырақ қолдануға әбден жарап жатыр. Шеберлер оларды ойып, асыл тастармен де безендірген. Мұндайда көбінесе көгілдір ақық, маржан, жез, сүйек қолданылады.

Медицина мамандары мұндай ыдыстардың денсаулыққа да пайдалы екенін айтуда. Алайда бүгінде оларды дүкендерден көп кездестіре қоймайсың. Бір кездері болған, қазір жұрнағы да жоқ. Өңірімізде қарапайым ғана ағаш ұстасы, міне, осы ағаш ыдыс-аяқ өндірісін жолға қойып отыр.
Қолөнер шебері Қайрат Қадырбаевтың осынау «ермек ісін» табысты салаға айналдыра алуына кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының көп көмегі тиді. Ол осында тестілеу сынағынан өтіп, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша толық оқу курсын аяқтап шықты.
Кәсіпкерлік ісін жаңадан бастаған азамат одан әрі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы алғашқы кезекте 4,6 миллион теңге көлемінде шағын несие алып, оған қажетті қондырғылар сатып алған.
Жалпы аталған қолөнер шеберінің еңбектері айрықша талғампаздықпен жасалуымен де ерекшеленеді. Мысалы, ет салуға арналған шартабақ, тері жамылғылы шағын былғары ағаш шкаф, шойын құмыралар, айнаға арналған шеңберлер – оның бай коллекциялары мұнымен де шектелмейді.
Әлбетте, ағаш ыдыс-аяқтар асқа дәмдік және емдік қасиеттер қосады деп санайды шебер. Шынында да бұл үшін бұйымдар соған лайық болуға тиіс. Шәйнектер мен шартабақтар жасау үшін қарағаш пен қайыңды пайдалану керек екен. Ал олардың емдік әлеуетке ие екені бағзыдан белгілі. «Меніңше, қарағаштың әдемі түсі жібек матасындай жарқырап көрінеді. Бұл ағаш түрі беріктігімен, жылдан-жылға қатая түсетіндігімен де ерекшеленеді, – дейді Қайрат Қадырбаев. – Бір жағынан, бұл қолжетімді материал. Алайда оны өңдеп, бұйымға айналдыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қарағашты өңдеп, безендіру қиындау. Мұның өзі алтын бұйымдар жасаумен бірдей, алайда мен бұл істің де тетігін жетік меңгердім».
Ұлттық ыдыс-аяқтарымыз бүгінде нағыз өнер туындыларына да айнала бастады десе де болады. Қайрат соңғы жылдары қазақы ою-өрнектерге бай бұйымдар көпшілік қауымның назарын аударып, қызығушылығын туындатқанын байқап, өзінің өнерімен танылатын кезі келетініне сенімді болғанын айтады.
Шынында да Қайраттың күткен күні де келіп жеткендей. Бүгінде ол – аудандағы ең беделді, танымал ағаш ұсталарының бірі. Оның шеберханасы да өзі үшін киелі һәм қасиетті орын саналады. Ол бос уақытын әр кезде де осында өткізеді. Тыныш та қолайлы жайда өзінің сүйікті ісімен беріле айналысады.
Кәсіпкер Қ.Қадырбаев ұсынған бизнес-жобаның бірегейлігі – еш қалдықсыз жұмыс істеуді қамтамасыз ететіндігінде. Ол алдағы уақытта ағаш жоңқалары мен үгінділерінен OSB жамылғысын жасап шығарумен айналысуды да ойластыруда.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support