Қоғамдық келісім – тұрақтылық кепілі

Қоғамдық келісім – тұрақтылық кепілі
ашық дереккөз
Қоғамдық келісім – тұрақтылық кепілі

Жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше. Ел ішіндегі татулық пен бірліктің өзіндік моделін қалыптастырған ұйым қаншама ұлттар мен ұлыстардың басын қосып, қоғамдағы ортақ мәселелердің шешімін табуда белсенділік танытып отыр. Қордай ауданы Масанчи ауылдық Мәдениет үйінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы мен Қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысы – осы сөзіміздің дәлелі. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі және Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы мен мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері мен белсенділері, сонымен қатар аудан әкімдігінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысқан жиынды аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангөзов ашып, жүргізіп отырды. Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруда қоғамдық келісімді сақтаудың маңыздылығын атап өткен Бейқұт Тілепалдыұлы көшпелі отырыстың көтерген жүгі ауқымды екенін айтты. Аудан әкімдігінің білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Самақова баяндама жасады. Гүлмира Батырәліқызы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің мектеп оқушылары арасында патриоттық тәрбиені күшейтудің айқын бағдарына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, аудандағы білім мекемелерінде «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлтымыздың салт-дәстүрлерін дамытып, мемлекеттік тілін, әдебиетін, мәдениетін және ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында жұмыстар жүргізілген. Мәселен, 1326 сынып сағаты, 17 семинар, 35 дөңгелек үстел және әртүрлі форматтағы (байқау, конференциялар, әдеби-танымдық кештер) 41 іс-шара өткізіліп, оған 29506 оқушы, 2725 педагог, 18230 ата-ана қатысқан. Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әйгерім Қылышбекова мемлекеттік тіл аудандағы өзге ұлт өкілдері арасындағы қарым-қатынасты нығайтушы күшке ие деген пікірді алға тартады. Мәселен, өткен жылы «Тілдерді оқыту орталығы» аудандық бөлімшесінде бірнеше диаспораның өкілдері қазақ тілін оқып, меңгерген. – Оның 8-і орыс, 4-еуі әзірбайжан, 133-і дүнген, 3-еуі ұйғыр. Жалпы 148 тыңдаушы. Ал ағылшын курсында 111 қазақ, 33 дүнген, 1 орыс, 1 әзірбайжан оқыды, – деді Ә.Қылышбекова. Жалпы, аудан тұрғындарының саны – 143726. Оның ішінде 75545 қазақтан басқа, 14718 орыс, 44914 дүнген, 952 қырғыз, 582 түрік, 435 өзбек, 288 кәріс, 3334 әзірбайжан, 237 татар, 331 неміс, 397 украин, 318 ұйғыр және 1675 басқа ұлт өкілдері бар. Олар өзара түсіністікпен тату тіршілік етуде. 2017 жылдың 12 айының қорытындысымен салыстырғанда өткен жылы ауданда тіркелген қылмыстар 989-дан 758-ге кеміп, 39 пайызға төмендепті. Ал орын алған қылмыстардың ашылу көрсеткіші – 66,9 пайызды құраған. Жиында бұл туралы аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Нүркен Төлеуішов айтып берді. – Жергілікті полиция қызметкерлері былтыр қылмыстар мен құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттарында 3702 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. 1593 тұлғаға 17405507,5 айыппұл салынып, 10491133 теңгесі өндірілді. 108 азамат әкімшілік қамаққа алынып, 680 тұрғынға әкімшілік ескерту берілді. Аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторларының жалпы есебінде 723 тұлға тіркелген,– деді Н.Төлеуішов. Өткен жылы ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту, ұлттар бірлігін, этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыру мақсатында ұйымдастырылып, өткізілетін іс-шараларға ауданда 500 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылыпты. «Қазақстан Студенттер Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігі бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес, 10 іс-шара өткізілген. Өзге ұлт өкілдері шоғырланған Сортөбе, Масанчи, Степной, Жамбыл, Сарыбұлақ, Бетқайнар ауылдық округтерінде ауыл тұрғындарымен «Ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту, ұлттар бірлігін сақтау» тақырыбында кездесулер, аудандағы этномәдени бірлестіктер арасында спорттық жарыстар, Достық фестивалі ұйымдастырылған. – Қоғамдық келісім кеңестерінің және этномәдени бірлестіктердің мүшелері этностардың салт-дәстүрін, этникалық ұстанымдарын насихаттау, бірегейлік пен бірлікті нығайту, патриоттық сезімді жандандыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізуде. Аудандағы екі ауылдық округте ұлттар бірлігін насихаттайтын 6 тақырыптық баннер орнатылған. Бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес аудан орталығында барлық ауылдық округтің айтар тағылымы, берер тәлімі бар аға буын өкілдері белсенді жастармен кездесу өткізбекші. Жоспарланған шараның тақырыбы «Ынтымақ түбі – игілік», – деген аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Баян Ыбышева ауданда этносаралық және конфессияаралық саладағы жағдай тұрақты екенін, аймақта атқарушы органдармен үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер арасында өзара ынтымақтастық қарым-қатынас орныққанын атап өтті. Басқосуда Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХVI сессиясында берілген жергілікті бюджеттердің тиімді пайдалануын қамтамасыз ету және агроөнеркәсіптік секторда прогрестік технологияны ілгерілету жөніндегі тапсырмалардың орындалуы да сөз болды. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Баян Ыбышева Елбасының тапсырмасына сәйкес ауданда жергілікті бюджетті тиімді пайдалануды қамтамасыз ету және агроөнеркәсіптік секторда прогрестік технологияны ілгерілету жұмыстарына Қоғамдық келісім кеңестерін тарту бойынша Жол картасы бекітіліп, оған жергілікті жерлерде тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу үшін ауылдық округтер жанындағы осы бағытта жұмыс жүргізетін комиссия құрамына Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері енгізілгенін жеткізді. – Ауылдық округтердегі комиссия құрамына енген кеңес мүшелері сол елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлінген қаржыны тиімді пайдалану бойынша бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне 123 ұсыныс енгізген. 2018 жылы 19 ауылдық округ бойынша кеңес мүшелері тарапынан 150-ге жуық ұсыныс түсіп, оның 80 шақтысы қанағаттандырылды. Сонымен қатар Қоғамдық келісім кеңестері тоқсанына 1 рет қоғамдық қабылдау жүргізіп отырды. Сондай-ақ 2018 жылдың бюджетіне өзгерістер енгізу кезінде де белсенділік танытты. Бұдан бөлек, жергілікті жерлерде 2019 жылдың бюджетін бекіту кезінде өз ұсыныстарын берді. Қоғамдық келісім кеңестерінің жергілікті бюджетті тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша жұмыстары әрі қарай өз жалғасын табатын болады, – деді ол. Жиын соңында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат аталған кеңестің бұған дейін атқарған шаралары аз емес екенін, алайда нақты нәтижеге көшу үшін жұмысты ширата түсу керегін қадап айтты. Өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХVI сессиясында айтылған маңызды жобаға тоқталып, Масанчи және Сортөбе ауылдарында орын алатын жол апаттарының алдын алу үшін «Ауылдағы төртеу» жобасын қолға алу туралы бастама көтерді. – Елді мекендердегі жолдарда болатын келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін «Ауылдағы төртеу» жобасын іске асыру қажет. Ол үшін ауылдық округтегі Қоғамдық келісім кеңесі мен ақсақалдар кеңесінің төрағалары, ауылдағы тәртіп сақшысы және ауыл имамы бірігіп жұмыс істеуі тиіс. Сонда мұндай жағдайлардың алдын алуға болады, – деген Маржан Төреғұлқызы елді өркендету, ынтымақты нығайтуға үлес қосып жүрген этномәдени бірлестік мүшелеріне шынайы алғысын білдірді. Ассамблея мүшелері бұл күні қоғамдық қабылдау өткізіп, ауыл тұрғындарының жеке өтініштерін тыңдады.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар