- Advertisement -

Асыраушы сала қайтсе алға басады?

131

- Advertisement -

Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы бойынша негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 11 687,1 миллион теңгені немесе 133,3 пайызды құраған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде салада жалпы сомасы 24,0 миллиард теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жұмыстардың нәтижесінде 1053 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарланып отыр екен.
Баяндамашы осы ретте шаруашылықтарды қаржылай қолдауға байланысты ағымдағы жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен республикалық бюджеттен қосымша 6 950,0 миллион теңге қаражат сұратылып отырғанын да атап өтті.
Брифинг барысында, сондай-ақ саладағы мәселелерді жүйелі шешу үшін арнайы карта жасалғандығы туралы да сөз болды. Онда, бірінші кезекте, егістік алқабы көлемін ұлғайту қарастырылған. «Кезінде егістік алқаптары 992 мың гектар болған. Бүгінде 214 мың гектар жер айналымнан шығып кеткен. Енді осы жердің 175 мың гектарын қайта айналымға қосуға болатыны анықталды. Оның 13 мыңын биыл кері қайтаруды жоспарлап отырмыз. Ол жөнінде арнайы картада тиісті шаралар белгіленген. Биыл жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары 668 мың гектарға орналастырылды, бұл өткен жылдағыдан 38 мың гектарға артық. Осының есебінен майлы дақылдар, көкөніс-бақша, картоп және мал азығының алқабы ұлғайды», – деді басқарма басшысы.
Жиын соңында арнайы картада көрсетілген ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қатысты мәселе қаузалды. Айта кетейік, қазіргі уақытта бас-аяғы 44 кооператив (оның 25-і сүт, 12-сі ет, 7-еуі басқалай бағыттарда) жұмыс істеуде. Өнім өндіру барда, оны ұқсатып, кәдеге жарату да бар. Сол себепті, кооперативтерді беталды аша бермей, олардың жұмысын облыстағы қайта өңдеу кәсіпорындары саны мен әлеуетіне сәйкестендіру де қажет-ақ іс. Бұл тұрғыда 8 сүт өңдейтін кәсіпорынға қосымша 32 сүт кооперативін ашу кажеттілігі анықталған. Сол сияқты, ет бағытында тағы да 25 кооператив құру керектігі мәлім болып отыр екен.
– Биыл сүт бағытында – 20, ет бағытында 10 кооператив ашу жоспарланған, оған тиісінше қаржы қарастырылған. Бұл меже орындалған жағдайда кәсіпорындардың жүктелімін 80 пайызға жеткізуге болады. Биыл кооперативтер 5600 тонна сүт өндіріп, сүт өңдеуші кәсіпорындардың жүктелімі 10-15 пайызға артты. Картада аграрлық саланы қарқынды техникалық қайта жарақтандыру да қарастырылған, – деді Б.Нығмашев.

 

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support