Жасөспірімдерді бақылаусыз жіберуге болмайды

Жасөспірімдерді бақылаусыз жіберуге болмайды
ашық дереккөз
Жасөспірімдерді бақылаусыз жіберуге болмайды

Қоғамда беймезгіл уақытта көше кезіп жүрген немесе қандай да бір бұзақылық жасаған балаларды жөнге салу тек тәртіп сақшыларының ғана міндеті деген түсінік қалыптасқан. Дегенмен ең бірінші кезекте балаларының қауіпсіздігіне ата-аналары жауапты болуы тиіс. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы топтасқан қылмыстар көп жағдайда олардың ішімдіктің дәмін көруден басталады. Осылайша өзінен біршама ересек «ағалардың» қолқалауымен бірте-бірте есірткі және психотроптық заттарды тұтынып көреді. Ата-анасына ескертпей түнде ойын сауық-орындарына барып, келеңсіздіктерге ұрынып жатады. Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында Көліктегі ішкі істер департаментінің Жамбыл стансасындағы ішкі істер желілік бөлімі «Жасөспірім» атты кешенді жедел профилактикалық іс-шарасын өткізді. Жамбыл стансасындағы ішкі істер желілік бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шара тамыз айының 27-сінде басталып, 5 қыркүйекке дейін жалғасты. Сонымен қатар бұл акцияға Жамбыл көлік прокуратурасы мен білім беру ұйымдарының өкілдері де атсалысты. Қауіпсіздік шараларын сақтау үшін темір жолға жақын орналасқан №14, 19, 55, 56 орта мектептерде «Абайлаңыз, пойыз!», «Темір жол қауіпті аймақ» тақырыптарында дәрістер оқылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жедел профилактикалық іс-шара нәтижесінде кәмелетке толмағандардың арасында темір жол жарақаттарын алу, қылмыстар мен құқық бұзушылық деректері орын алған жоқ. Ал түнгі сағат он бірден таңғы алты аралығында көшеде заңсыз жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабының 2-бөлігімен 6 әкімшілік хаттама толтырылды, ал біреуі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

Сәрсенбай ТҰРБЕКОВ, Жамбыл стансасындағы ішкі істер желілік бөлімі бастығының орынбасары, полиция полковнигі.

Ұқсас жаңалықтар