Ауыл әйелдері қазан-ошақ басында тәтті-дәмдісін пісіріп жатса, ерлер жағы ұлттық ойынға ден қойған. Әр ойында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, оза келген жанға үлкен сый-сияпат бар. Ойынның ең қызу өтіп жатқан түрі – қойды мойынға салып отырып тұру. Бұл ойыннан неше жылдан бері жеңісті бермей келе жатқан балуан, Аман атаның баласы Жантөре еді.
Жантөре – ордабұзар отыз жасқа келіп қалған, күш-қайраты тасыған, жастайынан мал бағып, қой соңында жүрген азамат еді. Ол жыл сайын жеңімпаз болып жүргендіктен соңғы жылдары тым тәкәппар, үлкенді сыйлау дегенді ұмытып: «Маған тең келер жан жоқ, ешкім маған қарсылас бола алмайды» деп менмендікке салынды. Ауыл арасында үлкенді де, кішіні де қорқытып, өз күшіне сеніп, жай сөзбен мәмілеге келу дегенді қойды.
Осы жылы да Жантөре жарысқа түсіп, барлығына астамшылықпен қарады. Сонда қалың топ арасынан бір бозбала атып шығып, «Мен де бағымды сынап көрейін» деді. Ол енді ғана кәмелетке толған Айдар еді. Бұл бозбалаға бәрі «Ой, балам-ай! Бұл қой сенің салмағыңнан да ауыр ғой!» деп жанашырлықпен таңғалды. Сонда Жантөре мысқылдап, «Ал қойды, әліңнің қайда жеткенін көрейік» деп қойды Айдарға лақтырып жіберді. Айдар да одан қалыс қалмады, бойындағы ыстық қаны қайнап тұрған жас жігіт қойды бір-ақ қолмен көтеріп, Жантөреден асып түсті. Бұған ауыл адамдары есеңгіреп, таңғалды. Бәрі іштей «Жарайсың! Ой бәрекелді! Нағыз ер жігіт!» деп қолдап, ыстық ықыласын білдірді.
Жантөренің жігері құмға айналып, Айдардың жеңіске жеткеніне сене алмай, сасқалақтап қалды. Мұны байқаған Айдар қолындағы бас жүлдені Жантөреге, ағасына берді. Сосын оған «Мен сізден биік емеспін, сізге жетер батыр жоқ» деді. Жантөре оның сөздерінен көп нәрсе түйгендей ойланып қалды. Осыған дейін жасаған қателіктерінен қатты ұялғаны байқалып тұрды. Ал, Айдардың жасаған ізеттілігіне, ата-анасының берген тәрбиесіне елдің бәрі сүйсініп, алғысын жаудырып жатты.
Айым ШӘЛДЕН,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті филология білім бағдарламасының 2-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді