«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құпиясы мол Қосбөлтек

Құпиясы мол Қосбөлтек
Шырайлы Шымкент қаласына қарай бағыт алған әрбір жолаушы Тараз қаласы мен Жуалы ауданын қақ жарып тұрған Күйік асуын басып өтетіні анық. Ал, дәл осы асудан асқан сәтте оңтүстік батысқа көз салсаңыз, екі төбе назарыңызға ілінеді. Бұл төбелерді жергілікті жұртшылық бөле-жармай «Қосбөлтек» деп атайды. Деректерге сүйенсек, ескі ауыл қоныс аударғанға дейін осынау қос төбенің бірі – Кенжебай, екіншісі – Мәткерім есімді ағайынды ауқатты адамдардың құрметіне қойылған екен. Ал, бүгінгі таңда мұнда бұрынғы атауы Кастальевка болған қос көшеден тұратын Қосбөлтек елді мекені орналасқан.

Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылының шығыс жағында бар-жоғы 7 километр қашықтықта қоныс тепкен елді мекен 1993 жылға дейін Кастальевка атауын иемденіп келді. Бұлай аталуының бір себебі – көзі тірісінде-ақ көсем атанған КСРО-ның екінші басшысы Иосиф Сталиннің сүйікті өнерпазы, композитор Александр Дмитриевич Кастальскийдің құрметіне қойылған деген нұсқа бар. Алайда, бұл мекеннің ерте заманнан Қосбөлтек аталғаны жөнінде көп айтылады. Мәселен, ауыл тұрғыны, қазына кеуде қария Ербол Помашев ес білгелі анасынан ауылының атауына қатысты әңгімелерді жиі естігенін жеткізді. Сөзінше, анасы арабша жаза да, оқи да білетін сауатты кісі болған.

«Менің апам жарықтық Тұрлыкүл Құттымбетқызы ескілікті аңыз-әңгімелерді, дәйекті деректер мен жер-су атауларының тарихын көп білуші еді. Анамнан естіген Қосбөлтек ауылы туралы төмендегідей мәліметті білемін», – деген Ербол Омарұлы:

...Мінекей, мына біздің Атамекен,

Қай бабам «Қосбөлтек» деп атады екен?!

Терісін, Алатауын, Қаратауын,

Кең жайлап Қаңлы жұрты жатады екен.

Кезінде Күйік, Құлан бел болыпты,

Қос буылтық ортасы жер болыпты.

Қорғаған ата жұртын жауларынан,

Исадай батыр туған ер болыпты, – деп басталатын бас-аяғы тоқсан шумақтан тұратын толғаудан үзінді келтірді. Ал, Қосбөлтек туралы бұл толғаудың авторы ХІХ ғасырдың екінші жартысымен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Әбдіғаппар Қожа.

Жалпы, Қосбөлтек ауылы туралы жергілікті өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев «Жуалы жер-су атауларының этимологиясы» атты авторлық еңбегінде: «...Сонау ықылым заманда Ұлы Жібек жолының сүрлеуі өтетін Күйік және Құлан Шақпақ асулары қазіргідей биік емес, ж ай ғана бел болған дейді. Сол екі таудың (Құлан тауы мен Күйік тауының) ортасын сол кезде Қаңлы руының Майда, Бақа Қаңлы, Қызыл Қаңлы аталатын ұрпақтары жайлайды екен. Күйік асуының аузына орналасқан Майда Қаңлылар шығыстан келетін жауға қарауыл ретінде қоныстандырылыпты. Қауіп төнген жағдайда Қосбөлтектегі Белгі төбедегі қарауылдарға от жағып белгі беріледі екен. (Белгі төбе қазіргі Қосбөлтек ауылының үстіңгі жағында). Белгі берілген жағдайда Қаңлының қолын Иса есімді батыр бастап жауға аттанатын болыпты. «Майданға барсаң Иса бар, Қаңлының қолын сол бастар», – деген сөз содан қалған деп түсініктеме береді.

Қорыта айтқанда, Исадай батыр ұл қасық қаны қалғанша қорғаған Қосбөлтектің сіз бен біз білмейтін құпиясы мол. Тауқыметі көп бұл жұмыс ендігі жерде болашақ тарихшылардың еншісінде. Бір қуанарлығы, осыдан дәл отыз жыл бұрын тарихи атауымен қайта қауышқан елді мекендегі қос көше өз өрендерінің есімімен аталады. Бірі – елге сыйлы азамат Әбілдабек Қойбақовтың, кейінгісі еңбек адамы Жапарқұл Оразбайдың есімін иемденіп отыр.

 

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар