Әкесі – майдангер, баласы – генерал

Әкесі – майдангер, баласы – генерал
Ашық дереккөзі
Отан үшін от кешкен майдангердің бірі – Мамыртай Қойбақов. Ақсақал бертінге дейін ортамызда жүрді. 2019 жылы 95 жасында бақилық болған ақсақалдың бойында ізгілік пен мейірім тұнып тұрушы еді. Көзі тірісінде іздеп барып, амандасып, батасын да алған едік.

Сол кезде Мамыртай ақсақал айтқан бір ғана жағдай мынау. Ол кісі: «Өзбекстанда сержанттар дайындайтын курстан өттік. Онан соң 1942 жылдың аяғында майданға аттандық. Жалпы, Смоленск, Витебск, Великие Луки, Минск қалаларын азат еттік. Бір ауыр шабуыл есімнен кетпейді. 1943 жылдың қараша айында Смоленск қаласын азат ету жолында кескілескен шайқас болды. Мен зеңбіректің командирімін. Бір зеңбіректе төрт адам бар. Бір жойқын шабуыл кезінде есімнен танып қалдым. Қанша уақыт өткенін білмеймін, көзімді ашсам, жанымдағы серіктерім тегіс қаза болып жатыр. Соғыс деген – сол. Қазір тірі жүрген досыңнан, бір минуттан соң айырылып қалуың мүмкін. Ал, өз жағдайым да өте ауыр. Бір қол, бір аяғым істен шыққан. Денемнің көп мөлшері қан. Оған қарауға уақыт жоқ. Денемнің сау жағымен жер бауырлап алға жылжыдым. Оның өзі – азап. Аттаған сайын жаралы аяқ-қол жанымды шығарып ауырады. Біраз жүрген соң, шөп жиналған шөмеле көрінді. Жанымды қинап, сол шөмелеге қансырап жеттім. Шөмелеге оранып, есімнен тағы танып құлаппын. Құдай сәтін салғанда, сол жерде әскердің біраз аттары күтімге алынған екен. Аттарға қарайтын сарбаздар дәл мен жатқан шөмелеге келіп, біреуі дәл мен оранған шөмелеге бар күшімен айыр тығып алады. Сол кезде менің ыңырсыған даусым қатты шығады. Айыр жаныма батса керек. Сол кезде әлгі жігіттер менің жаралы сарбаз екенімді біліп, әскери госпитальға жеткізіпті. Госпитальда төрт ай емделіп, қайтадан ұрысқа жарамай, 1944 жылдың ақпан айында елге қайтарылдым. Егер олар 20-30 минут кешіккенде немесе келмегенде сол жерде қансырап, жан тапсыратын едім. Ата-анамыздың, ауылдастардың тілегі шығар, ауылға аман оралып, еңбекке араластық. Отбасы құрып, 3 ұл, 3 қыздан, 20 немере, 5 шөбере сүйдім. Кеңшарда бөлімше басқарып, партия қызметтерін атқардым. Осы бейбіт күнді, Тәуелсіздікті көргеніме шүкір», – деген еді сонда.

Майдангердің перзенттері де жарады. Жан жары Бүбайша Балабекова екеуі ұл-қыздар тәрбиелеп өсірді. Қыздары білім, медицина салаларында аянбай еңбек етіп жүр. Ал, тұңғышы Серік кезінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болды. Қазіргі таңда облыстық мәслихаттың депутаты. Менің негізгі айтайын дегенім – Талғат Мамыртайұлы. Нағыз әке жолын қуған осы перзенті. Әскери қызметте. Әкесіне ұқсап Отанның тыныштығын күзетіп жүрген азамат. Әскери шені – генерал-лейтенант. Талғат Қойбақов біраз жылдар бұрын «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының Бас қолбасшысы болды. Онан соң Қазақстан Республикасы Құрлық әскерилерінің Бас қолбасшысы болып қызмет етті. Қазіргі таңда Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Ресей мемлекетіндегі Елшілігінде әскери инспектор. Баласы әке жолымен, әке үлгісімен жүріп генерал болды. «Өмірі адалдық пен ерлікке толы Мамыртай әкемізбен мақтанамыз. Өзіміз де көп жыл басшылық қызметте жүріп, адалдықтан танбадық. Сұғанақтық пен теріс әрекетке бармадық», дейді майдангердің тұңғыш ұлы Серік Қойбақов.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар