- Advertisement -

АЛТЫН ЖҮРЕКТІ АЗАМАТ

153

- Advertisement -

Тараздық жеке кәсіпкер, Сарысу ауданының тумасы Бименде Сәдуақасов өзі туып-өскен өңірдің өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне үлес қосып жүрген азамат. Оның алтын бесік ауылға тал көшеттерін отырғызуды дәстүрге айналдырғанын, аз қамтылған отбасыларына, балабақша бүлдіршіндеріне үнемі демеушілік жасайтынын «Aq jol»-ға бұған дейін де жазғанбыз.
Сарысудың «Атымтай жомартына» айналған жеке кәсіпкер биыл ауданның 90 жылдығына және өзінің 50 жылдығына арнап, қайырымдылығы мен демеушілігі жайлы арнайы іс-шара жоспарын жасайды. Жоспарға орай көктем айларында аудан орталығы – Жаңатас қаласы мен бірқатар ауылдарға тал-көшеттерін отырғызып, аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созды. Сарысу ауданымен байланысы бар кең-байтақ қазақ елінің әр қиырында жүрген бірнеше азаматты ауданға шақырып, туған жердің табиғатын тамашалап, ата-баба рухына тағзым етті.
– Биыл туып-өскен ауданымның құрылғанына – 90 жыл. Ауданның шаңырағы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында 1928 жылы қыркүйек айында көтерілді. Баршаға мәлім, көп ұзамай Арқа жерінде ашаршылық басталып, Жаңаарқаны жайлаған қалың ел шұбырындыға ұшырады. Қаратауға қарай шұбырған елдің бір бөлігі Саудакент ауылына аман жетіп, Сарыарқада шаңырақ көтерген ауданның атын өшірмей, туын желбіретті.
Мені көнекөз қарияларды, жалпы алыс жолға жараймын деген азаматтарды ауданның шаңырағы көтерілген мекенге апарып, ата-баба рухына тәу етіп, сонау жұт жылдары бір-бірінен көз жазып қалған ағайын-туыспен қауыштыру бұрыннан мазалайтын. Биылғы аудан үшін мерекелі жылы осынау ізгілікті шараны жүзеге асырудың мүмкіндігі туды. Алыс жолға шығуға ауданнан 50 азамат ниет білдірді. Жол шығынын, ас-суын өзім көтеріп, осы сарысулықтарды ата-баба мекеніне аман-есен апарып келдім. Ол жақтағы елмен қауышқандағы сағыныш пен қуаныш жасы жүректерді тебірентті. «Мұның бәрі азаттықтың арқасы, тәуелсіздігіміздің жемісі, Елбасымыздың сарабдал саясатының нәтижесі» деп жатты, ақжүректен ақтарылған Жамбыл және Қарағанды облысының азаматтары, – дейді Бименде.
Осылайша кәсіпкер азамат үлкен ізгілікті іс тындырды. Оған сонау Сарыарқаға барған да, алыс жолға жарамай елде қалған сарысулықтар да алғысын жаудырды. Қариялар батасын берді.
Әсте қайырымдылық, демеушілік жасамаса ішкен асы батпайтын азамат Алматыда өткен республикалық қайырымдылық шарасына да облыстың атынан бір өзі қатысып, демеушілік жасап қайтты. Ол аса ауқымды шарада еліміздің 20 интернатының тәрбиеленушілеріне сыйлық үлестірді. Бимендеге республикалық қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылар «Алтын жүректі азамат» деп бейресми атақ беріп жіберіпті. Расында да ол сондай азамат.

 

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support