- Advertisement -

Халқы мен қаламына адал Арекең еді…

198

- Advertisement -

Оның жазып қалдырған мұрасы рухани үлкен қазына десек те болады

Өмірден өткеніне жыл толғалы отырған Арғынбай Бекбосын ағамыздың қаламынан туған рубаяттардың оқыған адамды баурап алатын қасиеті бар. Кезінде Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Төрт жол өлеңге белгілі бір ойды көркем бейнемен сыйдыру, тіпті де оңай шаруа емес. Хас шеберлікті керек ететін іс» деп шығармашылығына жоғары бағасын бергенін білетін едік. Шынында да небәрі төрт-ақ жол өлеңді жаттап алу зерделі адамға қиынға түспейді. Әрі әр өлеңнің соңғы екі жолы дап-дайын афоризм деуге болады. Айталық, жетіжүз бесінші рубаяты: «Өле-өлгенше ізгілік ізін қалдыр, басқа жолмен көсеге көгермеген» деген жолдармен түйінделеді. Бұл – ағамыздың өмірлік ұстанымы-кредосы еді. Оның осы ұстанымы жолында атқарған игі істері, түрлі жанрда жазған шығармалары қаншама! Естелігімде солар туралы сөз қозғамақпын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халқымыздың атақты тұлғаларының есімдерін, ерлік істерін ардақтау шаралары кең өріс алғаны белгілі. Бұған Арғынбай ағамыз редакторлық-ұйымдастырушылық қырымен танылып, айбынды басылымға айналдырып, таралымын 50 мыңға жеткізген облыстағы қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – «Aq jol» газеті зор үлес қосты. Газет бетінде Арекеңнің өзі жазған өлкемізден шыққан көрнекті тұлғалар туралы мақалалар жиі жарияланып жататын. Олар ерекше әсерлі оқылатын еді-ау.
Сол жылдарда Арғынбай ағамыз облыстық газеттің редакторлығымен қоса, өзі үш рет сайланған облыстық кеңестің мәдениет, оқу-ағарту істері жөніндегі тұрақты комиссиясын басқарды, сонымен бірге облыстық онамастика комиссиясының, Журналистер одағының облыстық ұйымының, Қазақ мәдениет қоры облыстық бөлімшесінің, «Домалақ ана – Нұрила» қайырымдылық қорының төрағасы болды.
Әсіресе қазақтың әулие анасы «Домалақ ана – Нұрила» қорын басқарған кезінде ерекше қайрат танытты. Газетте «Домалақ ана – қазақ анасы» деген мақаласын жариялады. Жұрт облыс орталығы мен аудандарда ашылған арнайы есепшоттарға қаржы құя бастады. Бұл жайды жете білетіндігімнің өз сыры бар. Өйткені сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында салынып жатқан Бәйдібек ата мен Домалақ ана кесенелеріне барып, құрылыс барысымен танысатын Жамбыл облысы жұртшылығы делегациясын басқарып бару маған жүктелген еді. Сол 1987 жылы Байзақ ауданының әкімі едім. Облысты Амалбек Тшанов, қаланы Болат Жылқышиев басқаратын. Делегация құрамында облыстың сол кездегі бас сәулетшісі Салауат Дембай, «Ақ жол» газетінің бас редакторы Әлдихан Қалдыбаев және ақсақалдар – Рахманберді Келесов, Ықсан Керімқұлов, Әбдірахман Нұрбаев, Тұтқабай Әбдірахимов, Несіпбек Шоқытбаев, «Әулиеата» мешітінің имамы Ишанхан қажы Әкпар болғаны есімде. Кесенелер құрылысына облыс халқының атынан қомақты қаржы, баспалдаққа төсейтін амазоний деп аталатын көк тас, қиылып, жылтырланған 350 шаршы метр мәрмәр алып бардық. Оңтүстікқазақстандықтар оларды қабыл алып, біздің облыс пен қаланың басшыларына, жұртшылығына алғыстарын білдірген еді. Кейін мен де, Арекең де кесенелердің ашылуына құрметті қонақ ретінде қатыстық.
Арғынбай ағамыз тарихымыздағы ұлы тұлғаларды қастерлеу сияқты бүгінгі және келер ұрпақтың ғибрат, үлгі алуына зор пайдасын тигізетін істерге келгенде белсене араласып, қаламының қуатын танытып, ұқтырары көп әсерлі де тартымды мақалалар жазатын. Кейін «Домалақ ене» драмасын жазды. Ол республикалық конкурста мемлекеттік грантты жеңіп алды. Былтыр облыстық қазақ драма театрында табысты сахналанды. Бірақ өз шығармасын жұртшылық жақсы қабылдағанын көруді Арекеңе тағдыр жазбады.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары еліміздің жоғарғы заң шығарушы органына мандат алу үшін тартыс оңай өтпегенін аға ұрпақ жақсы біледі. Облыстық газет редакторлары арасынан тұңғыш болып халық қалауымен депутаттық додаға түскен Арекең 1994 жылы 7 наурызда Жуалы, Жамбыл, Байзақ аудандарынан көп дауыс жинап, Жоғарғы кеңеске депутат болып сайланды. Үлкен мінберде белсенділік, табандылық пен қайсарлық танытып, сауатты заңдар қабылданылуына үлесін қосты. Елдік, ұлттық мәселелерді айта білген Арекеңнің «Азаматтық кодекс» жобасын толықтыруы ел Президенті Н.Назарбаев тарапынан мақұлданып, Конституцияның (1995 жыл) 5-бабы 4-тармағына енгізілген.
Жоғарғы Кеңес таратылғаннан кейін Арғынбай ағамыз облыстық «Ақ жол» газетіне қайтадан бас редактор болып тағайындалды. Көп ұзамай 1995 жыл 9 желтоқсанында Мойынқұм, Шу, Тұрар Рысқұлов және Байзақ аудандарының сайлаушылары арасынан көп дауыс жинап, қос палаталы тұңғыш Парламентке депутат болып сайланды. Мұнда да заң шығару ісіне белсене араласып, республика өмірінің алуан мәселелерімен шұғылданды: Президент жанындағы Жоғарғы Тәртіптік кеңестің, ол таратылғаннан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі болды.
Депутаттық өкілеттігі біткеннен соң 1999 жылғы желтоқсаннан 2003 жылғы қыркүйекке дейін Парламент Сенатында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. Астанадан Таразға оралған соң Жалпақтөбе ауылына қоныстанып, Талас өзенінің жағасында талай тамаша шығармаларын жазды. Уақыт тынысына үн қосқан мақалалары мен сұхбаттары республикалық басылымдарда, облыстық «Aq jol», «Знамя труда», «Арай» газеттерінде жиі жарияланып, теледидардан беріліп отырды.
Елі аталы сөз айтатын ақсақалымыз деп ерекше құрметтеп шақыратын ағамызбен әртүрлі шараларға бірге барған кездеріміз аз болған жоқ. Туған ауылы Қарасуда жаңа мектептің ашылуына арналған салтанатты жиында ауылдастары алдында толғана сөйлеген сәті естен кетпейді. Бұл білім ордасының құрылысы Арекең облыс басшылары алдына мәселе қойып, қаржы бөлгізгеннен кейін қолға алынған еді. Тізе берсек, бітім-болмысы бөлек ағамыздың еліне жасаған жақсылықтары көп-ақ.
Өмірден озарының алдында өзі екі рет бас редакторлық еткен газетте бір бет болып жарияланған «Тектіліктің белгісі. Дулат бабаға ескерткіш орнату орынды ма?» деген мақаласы («Aq jol», 25 ақпан 2017 жыл) Арекеңнің шежіреге жетіктігін, дүниетанымының кеңдігін тағы да танытты. Мақаланы оқып, танысқан ардагерлер оның авторын ортаға алып Тұрар Рысқұлов ауданы аумағындағы ескерткіш орнатылатын жерге баруды ұйғарғанбыз. Бірақ айтылған күні жолға Арекеңсіз шықтық. Сол күні аяқ асты науқастанып жансақтау бөліміне түскен қаламгердің сауығып кетеріне, талай шайқасқан ауруын жеңетініне үмітті едік. Сексен жылдық мерейтойына дайындық жүріп жатқан. Ауруханада жатқанында күн сайын хабарласып, хәлін біліп тұрдық.
Тағдырдың жазуына не шара? Ағамыз Алланың аманатын тапсырған күні облыс халқы қара жамылды. Ардақтап, туған жері – өзі талай жырға қосқан Қарасу аулындағы ата-бабалары жатқан қорымға жерлеп қайттық.
Содан бері де жыл өтіпті. Халқына қалтқысыз қызмет еткен, қарызын да, парызын да өтеген көп қырлы тұлға Арғынбай ағамыздың артында жақсы атымен қоса әр жанрда жазылған тамаша шығармалары қалды. Өлеңдеріне жазылған, жүректі баурайтын сазды әндер де бар. Бәрі-бәрі халқымыздың рухани қазынасына қосылып, есімі елімен бірге жасай беретіні даусыз.

Аманкелді КАРЕНТАЕВ,
Жамбыл облысының
Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support