- Advertisement -

Өнердегі өнегелі өмір

449

- Advertisement -

Ұлттың ұлағатын, халықтың кісілік келбетін, кешегі бабалардың дәстүрінен жеткен жұлдызды тәлім мен тәрбиенің ізін әркім өзіне тұстас дәуір азамат­тарының бойынан іздемей ме?.. Осы ретте ортамызда жүрген заманы бір үлкенге де, кішіге де іштей де, сырттай да бір сәт сын көзімен қарарың хақ!

Бүгінгі әңгіменің арқауы – ұзақ жылдардан бері киелі Әулиата – Тараз жерінде жемісті еңбек етіп, ұлы мекеніміздің өнері мен мәдениетіне арнаған елеулі еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген азамат інім, қызметтегі шәкіртім Тәкен Молдақынұлы. Тәкен сонау 70-жылдардың басында Алматыдағы екі бірдей оқу орны – Өнер студиясы мен Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының қабырғасында тәлім алып, арнайы жолдамамен сол тұста жаңадан ашылып жатқан Жамбыл облыстық филармониясына жеке дауысты әнші (солист) болып үлкен еңбекке араласады. Қазақ әнінің қайталанбас тұлғалары Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Бекен Жылысбаев, Надия Шәріповалардан дәріс алған Тәкен араға бір жыл салып филармония қабырғасында құрылған «Тараз» эстрадалық ансамбліне жетекші – көркемдік жетекші қызметіне бекітіліп, өзі айтқандай, бойындағы дарыны мен талантын кешегі одақтың түкпір-түкпіріндегі тыңдармандармен жүздесуге, қазақ өнерін насихаттауға жұмсайды. Республикалық деңгейдегі айтулы өнер жиындарына, жауапты концерттерге Жамбыл облысы атынан атсалысып, үлкен сахналарға шығады. «Айларға созылатын гастрольдік сапарлардан, сол сапарлар барысында кездескен адамдардан алған тағылымым мен ойға түйгенім, әрмен қарайғы өмір жолыма, қызметтік парыз жүгін шамам келгенше адал атқаруыма үлкен ықпал етті, өмірімдегі ең үлкен мектеп болды», – дейді Тәкен. Филармония қабырғасында өткен жылдардың жемісі оның тәуелсіздіктің елең-алаңында «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген артист» жоғарғы атағына ие болуы болса керек.
Осыдан кейінгі өмір жолын өнер мен қызметті қатар атқаруға арнаған Тәкен Молдақынұлы біздің ұсыныс-қолдауымызбен сол тұстағы Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне директор болып тағайындалды. Бұған дейін өнер өкілі ретінде көз алдымызда өскен Тәкенге үлкен сенім білдірдік, сендік…
Өнер мен мәдениеттің жас өскіндеріне, халықтық тәлім мен тәрбиені насихаттап, оқырмандарды кітап әлеміне жетелеп, алған білімдері мен бойларындағы дарындарын сынға салатын жас ұрпақтың тәрбие мектебіне жетекшілік етуде ол ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жетті. Сол тұста Жамбыл мәдениет училищесі атауын алған оқу орнында бұрындары құрылып, кейін әртүрлі себептермен жабылып қалған қазақтың ұлт-аспаптары оркестрі, көп дауысты академиялық хоры қайтадан қалпына келтіріліп, ұлттық колөнер, араб әліпбиі бөлімдері ашылды. Сол жылдары облыс көлемінде өткізілген талай-талай іс-шараларды өнермен өрнектеген таланттар Жамбыл мәдениет училищесінің түлектері болғандығына көбіміз куәміз. Училищедегі оңды өзгерістер мен жаңа серпілісті байқап, бағалаған басшылар Т.Молдақынұлын 1995 жылы облыстық мәдениет басқармасына қызметке шақырды. Мен ол кезде осы басқарманың бастығымын, Тәкен – бірінші орынбасар. Міне, осы кезден бастап қоян-қолтық қызметтес болдық, бір-бірімізді жақын танып, етене сыйласып, аға мен ініге айналдық десем де жарасады. Мәдениет басқармасында қатар қызмет атқарған аз ғана айлардың ішінде қайда жүрсе де бойындағы кісілігін, адами кішілігін ұмытпайтын, өзгеге өнеге болу парызын көп нәрседен жоғары қоятын, пенделік менмендігі мүлдем жоқ Тәкеннің өзі таңдап, табандатқан 20 жылдан астам ғұмырын арнаған әншілік өнерден басқа да ашылмаған көптеген қырлары бар екендігіне қанықтым. Оның әдебиет пен тарихтың үлкен білгірі, керемет өлеңдер жазатын ақын, музыкалық аспаптың сан түрін меңгерген музыкант, сценарист, көркемсөз, қолөнер шебері екендігін білдік. Ол жазған өлеңдер республикалық, жергілікті баспасөз беттерінде жарияланып, оқырманның ыстық ықыласына бөленіп жүрді. Ал Тәкеннің қаламынан туып, сол жылдары Жамбыл жерінде өткен облыстық мал шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесінде жұрт назарына ұсынылған сценарий үлгісі іле-шала үздік деп танылып, барлық облыстарға таратылды…
Мына бір жағдай есімізде қалыпты. Сол жылдары біздің облыста Қазақстан әйелдерінің II форумы ұйымдастырылды. Елбасы форум жұмысына отбасымен келіп қатысып, сөз сөйледі.
«Баласағұн» концерт залындағы шара соңында форум қонақтарының назарына тек киелі Әулиеата жерінің тілі басқа болғанымен, тілектері бір таланттары қатысқан үлкен концерттік бағдарлама ұсынылды. Жоғарғы табыспен өткен мәдени басқосудың шымылдығы Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнімен жабылды. Сахнада 200 әншіден құралған хор, ал жеке дауыста, – Тәкен Молдақынов пен талантты әнші Анна Вундер. Ән басталысымен Нұрсұлтан Назарбаев бірінші қатардағы орнынан көтеріліп екпінді әнді іліп әкетті, әрі қарай бүкіл делегаттар қосылып, кейін тәуелсіз еліміздің Әнұранына айналған асқақ ән қанатында елдігіміздің, егемен Қазақстанымыздың ұлы мұраттары аспандап тұрды. Тәкен өзі режиссері, сценарий авторы және орындаушыларының бірі болған сол концерттік бағдарламаның болмысы бүгін жетпіске толып, ата жасының биігіне шыққан Тәкен інім туралы жоғарыда айтқан ағалық сөздерімнің бір айғағы болса керек.
Кейін менің Парламент Сенатының депутаты болып сайлануыма байланысты облыстық мәдениет басқармасы бастығының тізгіні Тәкенге тапсырылды. Ол ұжымға жетекшілік еткен жылдарында білімділігі мен біліктілігін облыс өнері мен мәдениетін дамытуға, ел экономикасы аздаған қиыншылықтарды бастан өткеріп тұрған шақта Әулиеата айшықтарын ажарландыра беруге жұмсағанын жақсы білеміз. Ауғанстан, Моңғолия, Венгрия, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз елдерінің, Қазақстанның барлық өңірінен келген жас өнерпаздар қатысып, шын мәніндегі өнер мерекесіне айналған Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» ән конкурсының туы осы кезде көтерілді. Екі жыл өткізіліп, өкінішке қарай, белгісіз себептермен кейін аяқсыз қалған сол байқауларда таланттарын танытып, жеңіске жеткен талай дарындар бүгінде қазақ сахнасының жұлдыздары болып жүр. Әттең, сол кездегі қолдаушылары кейін бастапқы екпіндерінен таймағанда, «Менің Қазақстаным» атты қазақ әнінің мерекесі Тараздың атын аспандатып, бүгінде атақты ән мерекелерінің қатарында тұрар еді-ау…
Кейінгі жылдары Т.Молдақынұлы өлкеміздегі ата-баба мұрасына бас-көз болу үшін арнайы құрылған республикалық «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің директоры қызметінде болды. Оның тікелей араласуымен жеріміздегі кешегі тарихымыздың інжу-маржандары жаңарып, тотықұстай таранып, алғашқы қалпына келтірілді. Бүгінде ұрпақ тәрбиесіне, тарлан тарихымыздың таусылмас тәліміне өз үлестерін қосып тұрған нысандарға айналды. Ежелгі қаламыздың ерен тарихының, қазақ даласындағы қалалардың анасы – Тараз тәлімінің ұлтқа ғана емес, адамзатқа ортақ құндылықтарға пара-пар екендігін талмай насихаттаумен келеді. Тәкен 1994 жылы аспан асты еліне барып, алып мемлекеттің әлемде теңдесі жоқ тарихнамасы – «26 тарихтың» сондағы қандастарымыз қазақшаға аударған нұсқасын Қазақстанға алғаш болып алып келді. Іле-шала «Aq jol» газетіне «Атақты «26 тарих» қазақ тілінде» атты үлкен мақала жарияланды.
Орталық Азияда теңдесі жоқ, түркі тарихындағы орны ерекше «Ақыртас» кешеніне бүгін төл мерекесін тойлап отырған Тәкен інімнің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның «Ақыртас» тарихы мен тағдыры туралы радио, теледидар, жергілікті және республикалық газеттер мен журналдарда үзбей жарияланып келе жатқан жанайқайға бергісіз материалдарының бір нәтижесі – сол аяулы нысанымыздың бүгінгі бейнесі! Бұл айтылғандар Тәкен атқарған мәдениет пен өнердігі өрелі істердің бір парасы ғана.

Жандар Кәрібайұлы,
қоғам қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support