- Advertisement -

Әйел теңдігі – әлемдік мәселе

171

- Advertisement -

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко мен комиссия мүшесі Бексұлтан Тұтқышев өңірімізге келіп, бірқатар кездесулерге қатысып, мекемелерді аралады.

Екі күндік жұмыс сапарының алғашқы күнінде олар алдымен облыстық мектеп олимпиадалары мен мектептен тыс іс-шаралар өткізу орталығында болып, колледж студенттерімен кездесті. Құрметті қонақтар «Әйелдер құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» тақырыбында шеберлік сағатын өткізіп, өздерінің қызметтік және өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Жиынды Жамбыл политехникалық колледжінің директоры Жанар Орынбаева ашып, жүргізіп отырды. Шара барысында Елена Иванқызы студент қыздарға болашақта тек жақсы отанасы ғана атанып қоймай, ел дамуына үлес қосатын білікті маман, тәжірибелі қызметкер болуға да ұмтылу керектігін айтты.
Ал Бексұлтан Серікбайұлы мемлекеттің жастарға жасап отырған қолдауы мен мүмкіндігін тілге тиек етті. Ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» көрсетілген міндеттер мен тиімділіктерді тиісінше пайдалана білуге шақырды.
Астанадан арнайы келген меймандар «Нұрәлім» мемлекеттік-жекеменшік сауықтыру балабақшасына да табан тіреді. Балабақша құрылтайшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Нұрымова заманауи әрі жайлы мекеменің барлық бөлімдері мен топтарын аралатып, жіті таныстырды. Қонақтар жүздерінде қуаныш ұялаған бүлдіршіндердің бақытты жағдайына қанығып, қызметкерлерге сәттілік тіледі.
Ұлттық комиссия мүшелерінің келесі атбасын бұрған нысаны тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі салдарынан өмірлік қиын жағдайға түскен әйелдерге арналған облыстық дағдарыс орталығында болды. Бүгінде отбасылық, тұрмыстық жағдайларының әсерінен жеті ана бала-шағасымен бірге орталықты паналауда. Облыстың әр аумағынан келген оларға әлеуметтік, психологиялық көмектер көрсетіліп, үш айдан алты айға дейін жағдайлар жасалады. Көбінде орталық тұрғындары осы мерзімге дейін жетпей мәселелері реттеліп отбасыларына оралады екен.
Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко мен комиссия мүшесі Бексұлтан Тұтқышев өңіріміздегі іссапарының екінші күнінде «Арай плазада» өткен семинар-тренингке қатысты. «Әлеуметтік саясаттағы және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріндегі кешенді гендерлік тәсілдің принциптері» атты шараның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов өңірімізде гендерлік саясат жұмыстарының өз деңгейінде жүріп жатқандығын тілге тиек етсе, ЕҚЫҰ Астанадағы кеңсесінің адами өлшемдер бөлімінің меңгерушісі Изабелла Хартман бұл бағыттағы жетістіктер мен жүйелі жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде ұлттық комиссия мүшелері де орамды ойларымен бөлісті.

Жанғазы Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support