- Advertisement -

Желтоқсан аллеясы сәнді ағаштарымен саялы

170

- Advertisement -

Өңірімізде көктемгі көріктендіру-көгеріштендіру айлығы аясындағы жұмыстар қарқын алу үстінде. Облыс орталығындағы саябақ, гүлзарлардың қайта жаңғыртылудан өткізіліп жатқаны да бұған нақты айғақ бола алады. Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған облыстық ардагерлер кеңесі мен этномәдени бірлестіктер мүшелерінің, қалалық мәслихат депутаттары мен бірқатар мекемелер басшыларының, жасотандықтардың «Желтоқсан» аллеясына ағаш көшеттерін отырғызуымен Тараз қаласы аумағындағы көктемгі көріктендіру- көгеріштендіру жұмыстары одан әрі жалғасын тапты.

Асқар Исабекұлы ардагерлер мен қала жұртшылығы өкілдерін ең алдымен арнайы стенд-нобай алдында жоғарыда аталған аллеяны қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен таныстырды.
– Қала саябақтары мен гүлзарларын қайта жөндеп, реттеу керек-ақ. Мына аллеядағы субұрқақ жүйесі ұлғайтылады, жаңа нұсқасында он екі секциялы болады деп жоспарланып отыр. Қайта жаңғырту ісін бүгін көпшілік болып сәндік ағашының «павловния» түрінің көшетін отырғызудан бастап отырмыз. Бұл ағаштың ерекше қасиеті – екі ай бойы гүлдеп тұратындығында. Әрі биік болып өседі. Аумаққа айрықша әсемдік сыйлайды әрі сая, демалушылардың әрлі-бері жүруіне де ешқандай кедергі келтірмейді. Ал осы жасыл аумақтағы жағдай қандай? Әрине, көктемде, күзде салқындау, ал жаздың аптапты ыстығында мұнда тастың үстінде жүру тұрғындар үшін қиындау. Алғашында мұнда қандай ағаш түрін отырғызу керектігі тұрғысында көп ойландық. Ақыры өңіріміз үшін таңсықтау осы ағаш түрін егу жөнінде тоқтамға келдік, – деді облыс әкімі.
Бұдан әрі өңір басшысы дайын тұрған шұңқырларға «Павловния» көшеттерін отырғызуды бастады. Бір-бір түптен көшет отырғызу мәртебесіне ие болғандардың оларды ендігі жерде өсіп, жетіліп кеткенінше тікелей өзі қадағалауында ұстауға міндеттеніп жатқандары да бар. Әрине, бұл да жақсы ниет. Осы күні аллея аумағына жүз түпке жуық сәндік әрі саялы ағаш түрінің көшеті отырғызылды.
«Желтоқсан» аллеясын қайта жаңғырту жобасын жүзеге асырушы «Табыс-Жоба» ЖШС директоры Нұрахан Махатовтың айтуынша, бұл «павловния» («адамово-дерево» деп те айтылады) ағашы көшетінің облысымызда алғаш егілуі. Алдағы уақытта өңіріміз бойынша аллеяларға, гүлзарларға, саябақтарға көптеп егілетін болады. Бүгінде бұл ағаш түрі Ташкентте, Шымкентте, Қырғыз елінде де көптеп өсіріледі екен. Башқұртстанда үлкен тұқымбағы қалыптастырылып, дамытылу үстінде. Көздің жауын алатын ірі жапырақты әсем ағаштың тағы бір қасиеті, жеті жыл ішінде діңі елу сантиметр шамасында жуандайды екен. Жарты ғасыр уақытқа шыдас беретін жиһаз материалы түрінде де танымал.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта «Бір сәби – бір ағаш» акциясы аясында Тараз қаласы аумағында – облыстық перинатальдық орталығы, облыстық балалар ауруханасы маңына және «Бәйтерек» шағын ауданындағы дренаж каналы бойына 1200 түрлі саялы және сәндік ағаш көшеттері отырғызылатын болады.

Баймаханбет Ахмет

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support