- Advertisement -

Өндірістердің өркендеуіне не кедергі?

172

- Advertisement -

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Талас және Сарысу аудандарында іссапармен болып, аймақтар-дағы бірқатар өндірістік нысандар мен әлеуметтік инфрақұрылымдардың жұмысымен танысты.

Өңір басшысы жұмыс сапарының алғашқы күнінде Талас ауданының әлеуметтік-экономикалық даму мүмкіндігіне назар аударды. Алдымен Қасқабұлақ ауылындағы «Айза» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігін көзбен көрді. Шаруашылық құрылым қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын өсіріп, мал бордақылауға бейімделген. Мұнда қазіргі таңда 2800 бас ұсақ және 30 бас ірі қара мал бар. Бордақылау алаңы 500 бас қойға арналған. Шаруалар асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында 10,2 миллион теңге субсидия алған. Ахуалға жіті қаныққан А.Мырзахметов бүгінде мемлекеттің ет өнімдерін экспорттау көлемін арттыруға айрықша ден қойып отырғанын тілге тиек етті. Сондықтан шаруаларға мал шаруашылығы саласын субсидияландырудың барлық тетіктерін қолдану артық етпейді.
Содан соң Асқар Исабекұлы мәрмәр тасынан құрылысқа қажетті плиталар дайындайтын «Азмина-Мрамор» және «Атамекен-Мрамор-Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмысымен жақынырақ танысты. Маусымдық тапсырыстарға ғана тәуелді кәсіпорындарға инвестиция тарту қиындық туғызуда. Сол себепті, өндірісті заман ағымына сай жабдықтау ісі кенжелеп тұр. Өңір басшысы өнімді өтімді етуде кәсіби менеджерлер мен кеңесшілерді тарта отырып, маркетингтік саясат жүргізу қажет екендігін алға тартты.
Сапар барысында аудандық кәсіпкерлер палатасында болған облыс әкімі бизнес өкілдеріне қолдау шараларын ұйымдастыруға тиісті мекеменің аймаққа инвестиция тартудағы рөліне айрықша тоқталып өтті. Алайда, қашан да кәсіпкерлерге қолұшын созуға әзір палатаның аудандық филиалы орналасқан ғимараттың тозығы жеткен. Асқар Мырзахметов жергілікті басшыларға бұл мәселені тез арада реттеп, палатаның аудандық филиалын кәсіпкерліктің қыр-сырын оқытып-үйрететін орынға айналдыру қажеттігін айтты.
Талас ауданындағы әлеуметтік саланың жай-күйі Қаратау қаласындағы «Күн нұры» балабақшасын аралау кезінде кеңінен сөз болды. 2010 жылы мемлекет меншігіне қайтарылған ғимарат қазір бос тұр. Оған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу құны 320,2 миллион теңгеге бағаланған. Нысан пайдалануға берілсе, 140 таластық бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбие беру орнымен қамтамасыз етілмек. Облыс әкімі мекемені пайдалануға беру мәселесін уақыт оздырмай шешуді тапсырды.
Аудан орталығындағы 3-шағын ауданда орналасқан 60 пәтерлі тұрғын үйді де күрделі жөндеуден өткізу мәселесі өзекті күйінде. Ғимараттың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге аудан бюджетінен 6,5 миллион теңге қаражат бөлінген. Таяу арада толығымен қайта жаңғыртудан өтіп, тиісті инженерлік инфрақұрылымдармен толық қамтамасыз етілген нысан таластықтарды тұрғын үймен қамту мәселесінің шешімін табуға септігін тигізбек. Айта кетерлігі, Қаратауда мұндай қаңырап тұрған бос үйлер көп кездеседі.
Аудан орталығындағы «Игілік» коммуналды мемлекеттік мекемесінде болған облыс әкіміне жылыту маусымын өткізудің барысы туралы мәлімет берілді. Қазіргі таңда кәсіпорын мен Қаратау қаласындағы су тазарту кешенін жаңғырту жобасы іске асырылып жатыр. Жобаның құны – 2,2 миллиард теңге. Сондай-ақ моноқаланың магистральды жылу жүйелері күрделі жөндеуден өткізіледі.

Ауданға жасаған сапарында А.Мырзахметов ірі өндіріс ошақтарының да жағдайын назардан шет қалдырмады. Жылына 300 тонна өнім өндіруге қабілетті «Жамбыл-Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жаңа цемент зауытының құрылысы аяқталған. Алайда инженерлік-техникалық желілерді тарту ісінің толық жүргізілмеуіне байланысты кәсіпорын іске қосылған жоқ. Сол секілді, натрий цианиді мен аммоний сульфатын өндіретін «Talas Invest Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де өндірістік қуаттылығынан шыға алмай отыр. Зауыт жетекшілері мәселені технологиялық жүйелер мен қондырғылардың істен шығуымен байланыстырады.
2011 жылдан бастап іске асырыла бастаған «Сарытас-Удобрение» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі минералды тыңайтқыштар шығаратын ірі кәсіпорын биыл алғашқы өнімін береді. Құны 365,5 миллиард теңгеге бағаланған жоба аясында 2000 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Аймаққа жасаған іссапарының соңында аудан активімен жиын өткізген Асқар Исабекұлы жергілікті әкімдік өкілдерін қатаң сынап, жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, алдағы уақытта аудандағы ірі өндірістік жобаларды іске асыру, Қаратау қаласындағы бос тұрған тұрғын үйлерді қалпына келтіру, агросекторды қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын белсенді қолдану мүмкіндігіне басымдық беру қажет. Мал шаруашылығымен күнелтетін аудандағы егістік алқаптарының 8 мың гектары айналымнан шығып қалған. Қайта өңдеу, инвестиция тартуды айтпағанда, сапалы тұқымды қолдану мен агрохимияны пайдалану көрсеткіші көңіл көншітпейді.
Жастарды еңбекке баулу, жұмыссыздардың қолына бір күрек тауып беру мәселелері шешімін күтуде. «Үкімет аудандағы қысқа мерзімді оқыту курстарына 32 миллион бөлді. Сол қаражаттан ұтқанымыз – 25 пайыз ғана, яғни небәрі 102 адам жұмысқа орналасқан, қалған 75 пайызы жұмыссыз жүр. Сонда 32 миллион теңгені не үшін бердік? Талапты күшейтіп, тірлік істеу керек, сол кезде көрсеткіш 95 пайыз болады», – деді өңір басшысы.
* * *
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Сарысу ауданына жасаған жұмыс сапарын Жаңатас қаласындағы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тау-кен өңдеу кешені орталық байыту фабрикасының тыныс-тіршілігімен танысудан бастады. Өткен жылы 356,7 мың тонна ұнтақталған және ұсақталған фосфор өндірген өнеркәсіп кешенінің өнімі Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей нарығында сұранысқа ие. Қазіргі таңда серіктестік 1536 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бір ғана орталық байыту фабрикасының өзінде 246 адам еңбек етеді.
Содан кейін өңір басшысы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, тиісті сала жетекшілерімен оларда қалыптасқан мәселелерді шешу жайын сөз етті. Облыс әкімі «Жаңатас-Су-Жылу» коммуналды мемлекеттік кәсіпорнының қалалық орталық қазандығына атбасын бұрды. Аудан орталығын сумен және жылумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынның қалыпты жұмысын жалғастыру үшін бу қазандығының түтін мұржасын жөндеу қажет. Тозығы жеткен мұржаны қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 20 миллион теңге бөлу көзделіп отыр. Сол секілді, 1973 жылы тұрғын үй ретінде салынған «Үш алып» ғимараты да күрделі жөндеуге сұранып тұр. Құны 2 миллиард теңгені құрайтын құрылыс-монтаж жұмыстарынан соң көп қабатты тұрғын үйлерге 192 отбасын қоныстандыруға болады. Сондай-ақ ғимараттардың 1-қабатын кәсіпкерлік нысан ретінде пайдалануға мүмкіндік бар. Ал Жаңатас қаласындағы 1-шағын ауданында орналасқан 34-тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы пайдалануға берілетін нысан арқылы 120 сарысулықтың баспана мәселесі түбегейлі шешімін табады.
Өңір басшысы аудандағы алпауыт өндіріс ошағы саналатын «ЕуроХим-Тыңайтқыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де тыныс-тіршілігін көзбен көрді. Жылына 1,4 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндіретін өнеркәсіп кешенінде жаңа химиялық зауыт ашу жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның алғашқы кезеңінде Сарысу ауданында фосфорит кенін өндіретін үш кен ошағы салынбақ. Ал оның екінші кезеңінде іске қосылатын химиялық кешенде жылына 660 мың тонна фосфор, 630 мың тонна калий тыңайтқышы өндіріледі.
Облыс әкімі А.Мырзахметов «Түркістан» ауыл шаруашылығы кооперативіне қарасты «Жарасбек ата» шаруа қожалығына да барып, агроқұрылымның аяқ алысын көзбен көрді. Қазіргі таңда қожалық иелігінде 789 бас қой-ешкі, 62 бас мүйізді ірі қара бар. Шаруашылық құрылым жетекшілері саланы қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға да белсенді қатысып, мал мен техника сатып алуға қажетті қаржылай қолдау алған.
Аймақтарға жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша актив жиынын өткізген облыс әкімі жұмысты жүйелеу, әлеуметтік мәселелерді реттеу жайына жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support