- Advertisement -

Билет берілмесе, жолақы төлеме!

162

- Advertisement -

Облыс орталығында қоғамдық көліктерге рейд жасап, олардың жұмыс ретімен танысқан Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет тұрғындардың шағым, тілектерін тыңдады. Жолаушылармен бірге бірнеше автобусқа мінген қала басшысы жүргізушілер мен «кондукторлардың» қызметіне, мәдениеті мен әдебіне барлау жасады.

Алдымен орталық алаңдағы аялдамадан №16 шағын автобусқа мінген Рүстем Рысбайұлы 65 теңге төлеп, билет сатып алды. Осы рейстегі көліктің іші таза, кондуктор да сыпайы, көрсеткен қызметі де көңілге жағымды екен. Әйтсе де басқасын айтпағанда, үнемі жолаушыларды лықа толтырып алатын шағын автобустың жұрт жұмыстан қайтар қарбалас уақытта бос келгеніне таңданғанымыз рас. Дегенмен келесі аялдамадан №55 автобусқа Рүстем Рысбайұлы қалың жүргіншілердің ортасынан сығылысып әрең мінді. Жол-жөнекей тұрғындарды әңгімеге тартып, олардың көңіл-күйін барлап, қоғамдық көліктің қызметіне көңілдері толар-толмасын сұрады.
– Нөмірі 55 автобус басқасына қарағанда жақсырақ, маған ұнайды. Десек те, қаладағы кейбір қоғамдық көліктердің қызметі сын көтермейтіні жасырын емес. Кейбір шағын автобустарға мінгенде өкініп қаламыз. Бір-бірімен жарыса жүйткіген жүргізушілер көлікті теңселтіп, шайқап айдап, білгендерін істейді. Кейбіріне аялдамалардан мініп үлгермей қаламыз, жүргіншілерді түсіре салып, жүріп кетеді. Ал басқасы адам толғанын күтіп, он-жиырма минут тұрып алады. Бұл қаншалықты дұрыс екенін білмеймін. Жүргізушілер мен «кондукторлардың» мәдениеті де сын көтермейді. Билет берілмейді, өзіміз де талап етпейміз. Өйткені апыр-топырдан аяғымызды әрең алып шығып, жүйткуге асығып тұрған көліктен тиынымызды төлеп, тезірек түсіп үлгеруге тырысамыз. Алдын ала берілмесе, ондайда билет сұрауға уақыт та тығыз, көлік те тар, – дейді есімін Салтанат деп таныстырған зейнеткер.
Жолаушының пікіріне шамданған аталмыш шағын автобустың «кондукторы» әкімнің сөзін жүре тыңдап, зейнеткердің «билет берілмейді» дегенін жоққа шығарғысы келгендей, бір бума билетін қолға алып, жыртып беріп жатты. Онысы әдеп-мәдениет жайында айтылған сынның негізсіз емес екенін көрсетіп қалды.
Сондай-ақ №30 автобустың ішінде де жолаушылар ығы-жығы. Бұл бағыттағы қатынаушылар да көп екен. Қоғамдық көлікке қала әкімі мінгенін білген соң, шағымын айтқысы келгендер де табылды. Шынар Сағындықова есімді тұрғын №13 шағын автобустың жүру бағытына көңілі көншімейтінін жеткізді. Оның айтуынша, шағын автобус бірнеше аумақты айналады екен. Кей жерлерде ұзақ тоқтап тұрып алатыны тағы бар. Соның салдарынан мектепке баратын ұлы сабаққа бір сағаттай ерте шығуға мәжбүр болып жүрген көрінеді. Бұл Қайнар алқабынан №5 мектепке баратын оқушы үшін, әсіресе қыс мегілінде ауыр тиетінін айтқан жолаушы қала басшысынан осы мәселені шешіп беруін өтінді.
Аялдамада өз бағытындағы көлігін тосып тұрған Ермұхан есімді тұрғынды әңгімеге тартқанымызда, ол №38 шағын автобус жүргізушілерінің дөрекілігін, аялдамаларда өздері қалағанша ұзақ кідіретіндерін, сенбі күндері тіпті қатынау жиілігі сиреп кететінін жайып салды. Біз тілдескен басқа да жолаушылар осыған ұқсас біршама келеңсіздіктерді алға тартты. Дегенмен кейбір бағыттағы қоғамдық көліктердің жұмысына оң бағасын бергендер де болды.
– Тараз қаласындағы қоғамдық көліктердің қызмет сапасын анықтау мақсатында он бес күндік рейд ұйымдастырылуда. Бүгінгі рейд барысында бірқатар кемшіліктерге көз жеткіздік. Қаладағы автобустардың кейбірінің жүру бағыты ретсіз сызылса, кейбір шағын автобустарда билет мүлде берілмейтінін анықтадық. Тұрғындар билетті өздері талап етуі керек. Егер билет берілмесе, олар тиісті жолақыны төлемеуге құқылы екенін есте ұстағандары абзал. Осы және басқа да мәселелерге қатысты тұрғындар тарапынан айтылған талап-өтініштер, көтерілген мәселелер жерде қалмайды. Жарты айлық зерделеу шаралары аяқталған соң барлық тиісті мекемелердің басшылығы мен өкілдерін жинап, кемшіліктерді талқылап, шешу жолдарын қарастырамыз. Ескірген көліктерді де қолданыстан шығаруды көздеп отырмыз, – деді Рүстем Рысбайұлы.

Жанғазы Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support