- Advertisement -

Жаңаша өмір сүрудің жарқын үлгісі

151

- Advertisement -

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы адамзаттың жаңа өндірістік революцияға бет бұрудағы 10 негізгі бағытын айқындап беруімен де құнды болып отыр.

Ел тұрғындарының бүгінгі таңдағы негізгі мақсаты – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Осынау межеге жету бізден санамызды жаңғыртуды, еліміздің экономикасы мен білім берудегі қарқынды дамудың жаңа форматын талап ететіні анық.
Мемлекет басшысының мұның алдындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп атап көрсеткені баршаға мәлім.
Елбасы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға басқарудың интеллектуалды жүйесінің ықпалы едәуір мүмкіндік беретінін жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында айтудай-ақ айтып келеді. Бұл мәселе, әсіресе, адами капиталдың жаңа сапасына, қоғамдағы мұғалімнің абыройы мен беделін арттыруға баса назар аудару керектігі жаңа Жолдаудың 7-бағытында баса көрсетілген екен. Біз мұны бір ауыздан құптаймыз. Шын мәнінде, бүгінде білім мазмұнын жаңартудың күн тәртібіне өткір қойылумен келе жатқаны баршаға жақсы мәлім. Әсіресе қазіргі кезде орта мектеп оқушылары үшін жаңартылған оқу бағдарламасын жүзеге асыру, ол үшін жаңа оқулықтар жасау мәселесі өте өзекті. Рас, осыған байланысты елімізде «100 оқулық» жобасы шеңберінде сәтті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі білім мен ғылымның өзара кіріктірілу үдерісі қарқынды жүріп жатқан тұста мұғалімнің әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілуі, орта мектеп ұстаздары жалақысының деңгейлеп өсуі, еңбегіне қарай дифференциалды төлемақы жасау өте орынды деп есептеймін. Елбасы мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы 4 триллионнан асатынын ерекше атап көрсетті. Бұл дегеніміз білімге, ғылымға, басқа да әлеуметтік нысаналы мақсаттарға бөлінетін қаржы ұстаздардың тек айлық жалақысын өтеумен ғана шектелмей, олардың әлеуметтік жобаларға қатысуына да мүмкіндік береді деп ойлаймын. Мұндай жұмыстар сол ұстаздарды даярлайтын біздің білім ордамызда қызу басталып кеткен.
Бүгінгі таңда елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде мұғалімдерге жүктеліп отырған жауапкершілік арта түсті. Бұл білім берудің барлық деңгейлерінде оқытудың мүлдем жаңа сапасын жүзеге асыруды талап етеді. Қазіргі білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуде мұғалім аса маңызды стратегиялық рөл атқарады. Елімізде білім беру жүйесін жаңартудың қазіргі кезеңі жоғары педагогикалық білім беру ісінің мән-маңызы артуымен сипатталады. Қазақстандағы білім беру реформаларының тиімділігі, ең алдымен мұғалім тұлғасына, педагог маман дайындау сапасына тәуелді болатыны белгілі.
Қорыта айтқанда, тұтас ұлттың арқасүйері болар педагогтер мәртебесі бұдан әрі де биіктей береді, ал Ұлы Дала елінің өскелең ұрпағын тәрбиелейтін, қазақтың тілін, дінін, ұлттық рухын, мінез-құлқын, тәрбие мектебін қалыптастыратын ұстаздарымыз болса, Елбасы алдымызға қойған асқаралы міндеттерді нақты іс жүзіне асыруға күш сала береді деген сенімдеміз.

Лескүл ИБРАИМОВА,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті өнер және мәдениет факультетінің деканы, педагогика ғылымының
кандидаты, доцент

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support