- Advertisement -

Қызылша өсір, табысы – көл-көсір

223

- Advertisement -

Көпшілік күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларының бірі – қант. Бүгінде елімізге оның дені шетелдерден жеткізілетіні белгілі. Сондықтан да Елбасы осы саланы дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Кеңестік кезеңде қант қызылшасы облысымыздың аумағында 40 мың гектардан астам алқапқа орналастырылған екен. Әлбетте, ол кезде жұмыстың дені қол күшімен атқарылатын. Қазір жаңа технологияны қолдану арқылы сол кездегі өнімді 15-ақ мың гектар алқаптан жинауға болады. Бұған біз өз тәжірибемізден айқын көз жеткізіп келеміз.

Сұрат ауылдық округіндегі «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі егін және мал өсірумен шұғылданады. Қант қызылшасын егуді 2008 жылы қолға алғанбыз. Әуелі оны 50 гектар алқапқа орналастырдық. Алғашқы жылы оның әр гектарынан орта есеппен 250 центнерден түсім алынды. Тәтті түбір егісінің көлемін жыл сайын ұлғайта бердік. 2015 жылдан бері оны 200 гектар алқапқа өсірудеміз. Өткен жылы әр гектар алқаптың орташа өнімділігі 613 центнерден айналды. Германиядан әкелінген «Биорика» сұрыпты тұқым себілген бірқатар алқап гектарына мың центнерге дейін өнім берді. Демек, біздің жағдайымызда өсімдікті агротехникалық шараларды қатаң сақтап, озық технологиямен өсіретін болсақ, әр гектардан 900-1000 центнерден балтамыр жинауға толық мүмкіндігіміз бар деп нық сеніммен айтуға болады.
Бұл табысқа қалай қол жеткізілді? Біз әуелі көрші Қырғыз елінің қызылшашыларының тәжірибесін зерттедік. Олар тұқымды жерге ерте көктемде сіңіреді екен. Әлбетте, мұның пайдасы көп. Ондай жағдайда дақылды күздегі жауын-шашын, қарға ұрындырмай ерте жинап алуға болады. Қанттылығы да қалыпты мөлшерден төмен болмайды. Франциядан мамандар келіп, біздің шаруашылықта өз тәжірибелерін ортаға салып, семинар өткізді. Онда біз франциялық «Авантаждың» көп қолданыста болған, әбден ескірген тұқым екенін білдік. Сондықтан да өткен жылдың өнімі үшін тұқымды Германия, Голландия және Франциядан әкелдік. Бұл ізденісіміз өз нәтижесін берді.
Қант қызылшасы – техникалық дақыл. Оны өсірудегі жұмыс үдерістерін толық автоматтандыру мақсатында өткен жылы 30 миллион теңгеге Франциядан 3 тұқым сепкіш, Украинадан топырақты қопсытатын, тегістейтін, ұсақтап, тырмалайтын 4 агрегат және Ресейден балтамырдың жапырағын қырқатын 4 техника сатып алдық. Жапырақ қырқатын бір техниканың өзі 150 адамның жұмысын еңсереді. Былтыр соның нәтижесінде өсірілген өнім 15 күнде жиналды. Одан кейін аудандағы әріптестеріміздің 200 гектар алқаптағы қызылшасын қазып алуға жәрдем бердік. Агроқұрылымға бұл шаруа да елеулі кіріс түсірді.
Өсімдік тұқымы себілетін егісте күзде сүдігер көтерілуге тиіс. Оның алдында алқапқа әр гектарына 2 центнерден фосфор тыңайтқышын енгіземіз. Тұқымды масақты дақылдар жиналған егіске сіңірген дұрыс. Оны бір жерге қатарынан екі рет орналастыруға болмайды. Өткен жылы ерте көктемде оны егер алдында, ылғал жапқан кезде әр гектар жерге 2 центнерден құрамында фосфор, калий және азоты бар күрделі минералдық тыңайтқыш енгізілді.

Былтыр 200 гектар алқаптан жалпы 11700 тонна қант қызылшасы жиналып, Меркі қант зауытына өткізілді. Кәсіпорын оның әр келісіне 8 теңгеден төледі, ал мемлекеттен әр келі өнімге 10 теңге­ден субсидия берілді. Еткен еңбегіміз ақта­лып қана қоймай, көл-көсір пайдаға кенелдік.

Осымен бір мезгілде арамшөпке қарсы топыраққа гербицид сіңірілді. Алқап арамшөптен таза болуы үшін ол тәтті түбір жетілгенше тағы екі рет қолданылады. Қызылшаның жапырақтары қаулап өскенше олардың қатар аралығы 5 рет қопсытылады. Екі рет қопсытылғаннан кейін әр гектар егіс 150 килограмнан аммиак селитрасымен үстеп қоректендіріледі.
Біз алқапты жаңбырлатқыш қондырғымен ылғалдандырамыз. Бұл жаппай жайып суарғанға қарағанда анағұрлым тиімді. Су үнемделеді әрі өсімдік сапалы суарылады. Балтамыр бір маусымда 5-7 рет судан өтеді. Ізденісіміз бен тынымсыз еңбек өз нәтижесін берді. Адамды жер ғана алдамайды деген рас. Бірқатар алқаптан қазылған тәтті түбірлердің салмағы 11 килограмға жетті. Былтыр 200 гектар алқаптан жалпы 11700 тонна қант қызылшасы жиналып, Меркі қант зауытына өткізілді. Кәсіпорын оның әр келісіне 8 теңгеден төледі, ал мемлекеттен әр килограмм өнімге 10 теңгеден субсидия берілді. Еткен еңбегіміз ақталып қана қоймай, көл-көсір пайдаға кенелдік.
Жалпы, қызылшаны өткеруден агроқұрылымға 188 миллион теңге кіріс түсті. Оны өсіріп, өткеруге кеткен шығын 80 миллион теңгені құраса, таза табыс – 108 миллион теңге. Демек, біз оны өсіру арқылы өзімізді отандық экологиялық таза өніммен қамтамасыз етеміз әрі айтарлықтай пайда табамыз. Біздің болжамымыз бойынша, бір гектар алқапта өнім өндіріп, өткергенге дейін 300 мың теңге жұмсалады. Егер әр гектардан 1000 центнерге жуық балтамыр жиналса, одан 1 миллион теңгеге дейін кіріс түсіруге болады. Ендеше, қант қызылшасын өсіруге басымдық берейік, ағайын!

Қанат ШАЙХИЕВ,
«Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры

Меркі ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support