Ісі ілгері басқан ақсайлықтар

Ісі ілгері басқан ақсайлықтар
ашық дереккөз
Ісі ілгері басқан ақсайлықтар
Қуатты өңірлер қуатты мемлекеттің негізі болатыны сөзсіз. Ал, өңір экономикасының өркендеп-өсуіне кепіл боларлық басты күш – ауыл шаруашылығы саласы. Соңғы жылдары аймақта ауыл шаруашылығына баса назар аударылып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асуда. Бұл бастама аудандарда да жалғасын тауып, халықты тұрақты жұмыспен қамту мен жеке кәсіпкерлікті дамытуға, ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған жұмыстар қолға алынған. Мәселен, негізгі табыс көзі мал шаруашылығы саналатын Жуалы ауданы, Ақсай ауылдық округінде өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бірнеше тұрғынға тиімді пайызбен несие беріліп, мүйізді ірі қара етін өңдеу, шағын супермаркет, балық шаруашылығы, ауыз су өндіру цехын салу секілді жұмыстар жүзеге асқан. Ал, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру бағыттары бойынша мұнда кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Ақсай ауылдық округінің әкімі Мақсат Мәтен айтты. – Атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша өткен жылы 28 отбасындағы 142 адамға 13 мың 715 теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның» аясында округ бойынша шаруа қожалықтар мен мемлекеттік мекемелерге жоспар 124 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Нәтижесінде, бүгінгі күнге дейін 134 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Оның ішінде жастар практикасымен жеті азамат, қоғамдық жұмысқа отыз адам тартылды,– дейді Мақсат Мейірбекұлы. Аталған ауылдық округте бірқатар шаруашылық нысандары өткен жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизинг жүйесімен төрт трактор, бес тіркемені несиеге алып, төрт шаруа қожалық жаңбырлатып суару қондырғысын кәдеге жаратқан. Ал, мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен бөлінген жанар-жағармайды округтің 65 шаруа қожалығы алып, қажеттіліктеріне жұмсаған. – Жалпы, округ бойынша үш жүзден аса жеке кәсіпкер бар. Оның ішінде 156 шаруа қожалық ауыл шаруашылығы саласы бойынша кәсіптерін жасап жатыр. Ал, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы жеңілдетілген пайызбен сегіз шаруа қожалық 96 миллион теңгеге несие алып, мал шаруашылығын дамытуда. Сонымен қатар, облыс тұрғындарының табысын арттыру жобасы аясында қосымша 30 адам мал шаруашылығы бағытында несие алып кәсібін жандандыруда, – дейді ауыл әкімі. Бұдан бөлек, даму жоспары аясында Ақсай ауылының тұрғындары өз кәсіптерін ашып, аймақта жұмыссыздардың санын азайтуға септігін тигізуде. Атап айтқанда, ауыл тұрғыны Қанат Жұманов форель балығын өсіріп, маусымдық және тұрақты жұмысқа 15 адамды жұмыспен қамтыса, жеке кәсіпкер Сабира Қанкиева шағын супермаркет жұмысын жолға қойып, табысын арттыра білген. Ал, биыл ашылады деп жоспарланған «Жуалы Ақсай» ЖШС таза ауыз су және тәтті сусындар шығару цехы, құрал-жабдықтар орнатып, іске қосылған мезетте елді мекендегі 20 азаматты тұрақты жұмыспен қамтымақ. Округ тұрғындары жақсылық жасап жарысудан, көмек көрсетуден де кенде емес. Мұнда, мәселен, «Асар» жобасы аясында Қайрат ауылындағы көпбалалы жас отбасы Нұрғиса Абдрашевтің үйі тұрғындар есебінен жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ, Диқан ауылының мешіт имамы Жәнібек Жұматаевқа жаңа үй құрылысы басталып, бүгінгі күні ғимараттың шатыры жабылған. Бұдан өзге ауылдан шыққан кәсіпкер азаматтардың демеушілік есебінен елді мекен мешітінде 120 келушіге арналған асхананы пайдалануға беру, ауыл аумағына сәндік-декоративтік ағаштар отырғызу, ауылдық ақсақалдар кеңесінің кабинетіне жөндеу жұмыстарын жасау сияқты бірқатар ілкімді істер атқарылған.  

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар