Аты жеңіл болғанымен, жолы ауыр

Аты жеңіл болғанымен, жолы ауыр
ашық дереккөз
Аты жеңіл болғанымен, жолы ауыр

Отандық өнімді ілгерілету үшін ел тұрғындарының көмегі қажет

Қазір дүкеннен көңіліңіз қалаған, өзіңізге ұнаған затты сатып алуға мүмкіндік мол. Сапасы мен қайда өндірілгеніне қарай бағасы да әртүрлі. Дегенмен, елімізде шығарылған өнімдер әлдеқайда қолжетімді. Бірақ шетелдікіне қарағанда сұраныс аз. Осы біз отандық өнімнен неге қашамыз? «Қазақстанда жасалған» деген тауар белгісін көрсек, айналып өтеміз көбіміз. Бұл отандық өнімнің сапасына деген сенімсіздік пе, әлде барды бағаламау ма? Өзімізде өндірілетін өнім мен импорттың қайсысын көп тұтынып жүрміз?

Шетелдікі дегеніміз өзіміздікі болып шықты

Осыдан бір-екі жыл бұрын Тараз қаласының орталығынан «Алтын адам» деген атаумен отандық ер адамдар мен әйелдерге арналған киімдер сататын дүкен ашылған болатын. Алғашқыда «өзімізден шыққан тауарға сұраныс аз, ұзаққа бармайды-ау» деген ойдың да қылаң бергені жасырын емес. Бірақ екі жылдан астам уақыттың ішінде жеке кәсіпкердің саудасы жүре бастады. Сатылымдағы қазақстандық дизайнерлердің туындысына деген тапсырыстың мөлшерін және бағасы мен сапасын білмек болып дүкен иесі Нұрсұлу Ибраимованы сөзге тартқан едік. – Мен Шымкенттегі «Алтын адам» тігін фабрикасының брендін сатып алып, сол атауымен дүкен аштым. Бізде қазір сатылымда тұрған – сол фабрикада тігілген ерлердің және әйелдердің костюмдері. Сонымен қатар әйелдердің классикалық үлгідегі киімдері, Астана, Алматы қалаларының дизайнерлерінің көйлектері, әшекейлі көкірекшелер, шарфтар, кеудешелер бар. Тек қана аяқ киім мен сырт киімдер жоқ. «Алтын адам» брендтерімен қатар, Қызылорданың тігін фабрикасынан ерлердің жейделерін әкеліп саудалап жатырмыз. Белгілі суретші Аңсаған Мұстафаның қазақтың неше түрлі әшекейлері бейнеленген футболкалары да бар. Жазда, яғни мамыр айынан бастап мектеп формаларын әкелеміз, былтыр өте жақсы өткен, биыл тағы да сөремізге қоямыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер. Елдің айтуынша, мұнда мектеп формалары басқа дүкендерге қарағанда арзандау. Сапасы да жақсы. Сатылымдағы заттардың бәрі отандық өнім. Таза былғарыдан жасалған әртүрлі әмияндар мен қоса, ерлердің белдігі де өте қолжетімді бағада, костюм-шалбарлар 25000 теңгеден басталады. Әйтеуір тұтынушылар дән риза. Бірде үлкен қызметте жүрген ел ағасы шетелге барғанында сатып алған қымбат бренд костюмі отандық өнім болып шыққаны біраз әңгімеге айналып еді. Бұл елімізде шығарылып жатқан сәнді киімдер шетелдің бренд саналатын тауарларынан кем түспейтінін аңғартады. Елбасымыздың өзі отандық костюмді киіп, өзгелерге үлгі көрсеткеннен кейін, біраз атқамінерлер өзімізде тігілген киімдерді сатып ала бастады. Бұған дейін Қазақстанда шығарылған өнімдерге деген сұраныс болмады ма, әлде жарнамасы әлсіз болды ма?.. Осыдан соң сең қозғалғандай болды. Тіпті тоқырау жылдарында ісі біршама құлдыраған «Тараз былғары аяқ киім» фабрикасының өніміне де сұраныс артып, еліміздің ең ірі Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында сатылып, ісі ілгері басты.

Қытайдың шұлығына неге құмармыз?

Негізі, жеңіл өнеркәсіптің жолы жеңіл болмай тұр. Әйтеуір әупірімдеп жүріп, ілгері басуда. Костюм мен аяқ киімнің жарнамасы жақсы болғаннан кейін бүгінде өтімді бола бастады. Өзімізде сонымен қоса шұлық та шығарылады ғой. Бірақ сатып алушылар аз. Неге? Бәлкім, бағасының арзандығынан шығар. 145 теңгеден басталатын шұлықтың ең қымбаты – 350 теңге. Ал қытайдың сапасы төмен «Umax» тауар белгісіндегі шұлығын ең кемі 300 теңгеге аласыз. Одан тәуірлеу «Limax» шұлықтары қымбат, кәрістің нәскиінің бағасын айтпай-ақ қояйық. Сонда да соларды сатып алуға, құмармыз. Қазақстанда шұлық шығарылатынын, тіпті білмейтіндер де бар екен. – Үнемі сатып алатынымыз – қытай, қырғыз елдерінде өндірілетін және «Limax» фирмасының шұлықтары. Ал елімізде нәскидің шығатынын білмеппін, білмегеннен кейін алған емеспін. Сапасына да күмәнім бар. Дегенмен алдағы уақытта алып көремін, – дейді Ләззат есімді қала тұрғыны. Елбасының «Бұйым бәсекеге қабілетті болуы үшін екі нәрсе қажет. Баға сәйкес келіп, сапа жоғары болуы тиіс. Сапа тек қана жаңа технологиялармен жасалады. Әлемдік тәжірибені зерделеу қажет. Баға еңбек өнімділігінің артуымен құрылады» деген сөзінде үлкен мән бар. Біздің санамызда «арзанның сорпасы татымас» дегендей, бағасы төмен болған соң сапасыз шығар деген ой тұратыны анық. Өзіміз де талай мәрте бұрылып, алмай кеткен кездеріміз болды. Оймен ғана тон пішуіміз дұрыс емес те шығар.

Камила БОРАШОВА

Ұқсас жаңалықтар