- Advertisement -

Жаңашылдық бастауы

165

- Advertisement -

Мемлекет басшысының жыл сайынғы әрбір Жолдауының негізгі, басты мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту, өмір сүру сапасын күшейту. Ал төртінші өнеркәсіптік революция дәуірі – адамзат қоғамының әлеуметтік жағдайы айрықша елеулі өзгерістер кезеңіне бет бұрғандығын айқындайды. Елімізде қалыптасқан нарықтық экономика моделі қазақстандықтардың әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатының түп негізі болып табылады.

Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістіктері ертеңімізге деген кепілдікті емес, сенімділікті үстейтінін Елбасы кезекті Жолдауында да нақты ескертті. Сондай-ақ елімізге дамудың жаңа сапасы қажет екенін бұл үшін алда тұрған бірқатар міндеттерді тиімді шешуді атап көрсетті. Сол міндеттердің жетіншісі адами капиталды жаңғырту болса, сегізіншісі – тиімді мемлекеттік басқару, ал тоғызыншысы – жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі. Осы міндеттерді жүзеге асыру ісіне тікелей атсалысып, Елбасы тапсырмаларын орындау мәселесінде көшбасшылық танытатын бірден-бір мекеме «Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығы» деуге негіз жоқ емес. Айта кету керек, бұл орталық биылғы 4 қаңтарда Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалы болып қайта құрылды. Орталықта 2005-2017 жылдар аралығында облыс көлеміндегі басқармалар мен аудандардан және аумақтық департаменттерден келген 15125 мемлекеттік қызметшіге еліміздің ішкі және сыртқы саясаты мен экономикалық даму мүмкіндіктерінің басымдықтарын игеруге байланысты іске асырылуға тиісті жобаларды қамтитын тақырыптарға арналған дәрістер ұйымдастырылды. Бұл дәрістер түрлі әдістемелер мен оқыту жүйелеріне негізделген, білім берудің соңғы үлгілерін қамтиды. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру ісінде тек сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді.
Орталықтың штатында дәріс жүргізуші арнайы лекторлардың болмауы себепті бұған дейін дәріскерлерді облысымыздың жоғары оқу орындарынан арнайы шақырттық және іс жүзіндегі іскерліктері мен тәжірибелерін бөлісіп, үйрену және үйрету мақсатында басқармалар мен аумақтық департаменттер қызметкерлері де тартылды. Сонымен бірге жыл сайын бірнеше мәрте Президент жанындағы академияның білікті оқытушылары арнайы шақыртумен келіп, дәрістер жүргізді. Орталық жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында үш аудиторияны интерактивті тақтамен жабдықтап, үш оқу кабинеті ғаламтор желісіне қосылған болатын. Сөйтіп тыңдаушылардың өздеріне қолайлы сәттерде кезкелген ақпаратпен қамтамсыз етілу жағдайы қарастырылған-ды.
Өткен жылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге бағытталған конституциялық реформа жүзеге асырылғаны белгілі. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін арттыратыны да анық. Бүгінде, жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджет көздері кеңейтіліп, мемлекеттік бюджеттің 4-деңгейі енгізілуде. Осы орайда, Елбасы биылғы Жолдауында: «2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген» деп атап көрсетті. Бұл, сөз жоқ, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлеріне үлкен жауапкершіліктер жүктейді. Осыған сәйкес, өткен жылы облысымыздағы 2000-нан астам халқы бар 114 ауылдық округтен 247 мемлекеттік қызметші орталықта болып, жоспардан тыс біліктіліктерін арттырумен қамтылды, яғни мекемеміз мемлекеттің кез келген бағдарламаларын және тың жобаларын жүзеге асыруда өзінің тиімді үлесін қосуға әрқашан даяр.
«Мемлекеттік қызметшілердің санасын жаңғыртуға жасалатын ең маңызды қадам тікелей басшылары тарапынан қолдауды қамтамасыз ету болып табылады. Басшылар бағыныстылармен жұмыс істеудің неғұрлым заманауи тәсілдері туралы қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіледі» деп атап көрсетілді Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспарында. Демек, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына ерекше назар аударылады. Кәсіби даму басқарудың озық технологиялары мен әдістемелерін меңгеруді, инновациялық ұсыныстарды әзірлеуге қатысуды, ірі компанияларда және тағы басқа жерлерде тағылымдамалардан өтуді қамтиды. Осы заман талаптарын орындауға академия өз үлесін қосуды жан-жақты жүзеге асыруды қолға алып отыр. Бүгінде мемлекеттік аппараттағы өзгерістерді іске асырудағы стратегиялық жоспарларды орындау мақсатында облыстағы филиал жаңа ақпараттық заманауи технологиялармен жабдықталған, әдіс-тәсілдері мен тетіктері жаңаша құралған, дәріс өткізуге арналған мультимедиалық және time-room кабинеттері бар бірнеше аудиториядан тұратын жаңа ғимаратқа көшу жобасын облыс әкімдігінің қолдауымен іске қосты. Сондай-ақ облыстық филиалдың штаттық құрамында айтарлықтай өзгерістер болмақ. Мәселен, бұрын бірде-бір арнайы дәріскері болмаған орталыққа қазір профессор, доцент, оқытушы, жетекші эксперт сынды лауазымды тұлғалар тартылуда.
Азаматтарды мемлекеттің қызметіне тарту мемлекеттің күш-жігерін, жұмыс сапасын жақсартуға неғұрлым тиімді трансляциялауға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекеттік қызметтерді тереңнен түсіндіру мақсатында осы жылға жоспарланған оқу кестесінің басым бөлігі мемлекеттік қызмет көрсету саласының тақырыптарына арналып отыр. Алдағы уақытта барлық мемлекеттік органдардың құрамдас бөліктеріндегі белсенді қызметшілер, олардың жетістіктерін, табысты жобаларын, инновациялық ұсыныстары мен басқа да ақпараттарды мемлекеттік қызметкерлер арасында да, жастар арасында да тарату үшін ауқымды науқан өткізіліп, белсенді жұмыстар жүргізілмек.
Демек мемлекет әрбір қызметшісінің ел дамуының қозғаушы күші бола білуі үшін жан-жақты жағдай жасап, көмек қолын созуда. Бұл – мемлекеттік сектордағы сананың жаңғыруына әкелетін бірден-бір құбылыс. Себебі халқымыздың «Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады» деген даналық сөзі бар. Яғни ел басқарып отырған азаматтар халыққа тұшымды ақпарат жеткізе білсе, Елбасы айтқандай, қоғамдық сананың жаңғыруы сөзсіз орындалады.

Дүйсенбек ӘБДІРАЙЫМОВ,
педагогика ғылымдарының докторы, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support