- Advertisement -

Саяси реформалар – қоғамның мызғымас тұғыры

1 147

- Advertisement -

Біздің Отанымыздың дамуындағы қазіргі уақыт тәуелсіздік жылдарында жасалған көптеген бағдарламалардың біразының күші жойылып, біразының мәні мен маңызы заман ағымына сай солғын тарта бастаған тұс, олардың орнын жаңадан пайда болған жаңа бағдарламалар мен құжаттар баса бастаған шақ. Оларды барынша сатылы түрде жүйелеп, қажеті барын алмастырып, қажет еместерінен арылуды көздеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалық бастамалары, негізінен, өзі билік басына келген мерзімнен бастау алады. Ұлт сенімін арқалап, әлеуметтің әл-ауқатын арттыру, сот-құқық саласын жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясат ұстану секілді бағыттарға басымдық беруді көздеген Президент халыққа жолдаған ең алғашқы Жолдауында-ақ қоғаммен ашық әрі айқын байланыс орнату, жұрт талабы мен сұранысына дер кезінде ден қоюды жүзеге асырды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы арқылы барлық деңгейдегі атқарушы орган азаматтардың кез келген тақырыптағы өтініш-тілектерін шұғыл әрі тиімді қарастыруды басты міндетіне алды. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнай бастады.

Президент бастамалары Мемлекет басшысының Үкіметке ел экономикасын жоспарлаудың атқарушыларға және халыққа мейлінше түсінікті әрі ашық жүйесін жасауды тапсыруымен жалғасын тапты. Мемлекеттік жоспарлау мемлекеттік билік органдарының және елді дамыту процесіне өзге де қатысушылардың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін көтеруге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және ел қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған қызметін қамтиды.

Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі догматизм мен көзбояушылықтан толық ада болуы қажеттігін, оның атқарушыларға іс-қимыл еркіндігін беру үшін өте прагматикалық түрде болуы тиістігін қадап айтқан ел басшысы Үкімет мүшелерінің сарапшылардың қоғамдастығымен және қарапайым жұртшылықпен тығыз ықпалдастықта жұмыс істеуі тиістігіне қатаң мән берді. Бұл мәселе Реформалар жөніндегі жоғары кеңеске міндеттелді.

Тоқаев бастамаларының жетістігі Қазақстанды еуропалық мемлекеттердің қатарына қоятын нәтиже берді. Әкімшілік жүйе құзыретінің төмендеуінің алдын алып, Парламенттің және мәслихаттың құзыретінің көтерілуіне, жеке адамға дербестік, құқық еркіндігінің берілуіне қолайлы жағдай туғызылуы әрі Қазақстанның экономикалық қарқынының ептеп жақсаруы – осы нәтижелердің әсері. Осы жерде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мықты дипломат, тәжірибелі саясаткер ретінде жазған Қазақстанның әлеуметтік-саяси жүйесін одан әрі демократизациялауға бағытталған бұл Саяси реформаларының жоспарын үздіксіз және үдемелі түрде жариялап отырғанын айтпай кетуге болмайды.

Экономикалық белсенділікті қолдау, азаматтарды жұмыспен қамту, қала мен дала айырмашылығын азайту, өндіріс пен өнеркәсіп салаларын өркендету, ауыл шаруашылығын дамыту, жер қатынастарының рөлін арттыру, жер кодексіне түзетулер енгізу, төрт түлік мал жайылымдары мәселесін шешу, су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану, халықтың тұрмыс сапасына ықпал ететін өте маңызды салалар – экология, денсаулық сақтау, білім салаларын сапалы деңгейде дамыту бағытында бірқатар шаралар қабылданды.

Ең басты құрал халықпен байланысты нығайту болып табылуы тиіс мемлекетімізде мемлекеттік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халықтың игілігіне арналуы қажеттігін өз назарында ұстаған Мемлекет басшысы қоғам мүшелерінің келешекке деген оңды көзқарасын қалыптастыру бағытында да біртіндеп саяси-әлеуметтік эксперименттер жасауға жүрексінбеді. Осы орайда еліміздің түкпір-түкпірінде ішінара ауыл әкімдерін сайлау да ойдағыдай өтті. Оған біздің облыс тұрғындары да сайлаушы ретінде белсенді үлес қосты.

Президент реформаларының басты тінін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамадан тарқатып отырғандықтан, негізімен жүзеге асырылған нақты істердің бірі ретінде төмендегі функцияны мысалға келтіруімізге болады. ҚР әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі бойынша жүйелендірілген жұмыстардың іске қосылатын жаңа форматы оның бүкіл құрылымдық тармағының халыққа мейлінше тиімді екендігіне көзді жеткізеді.

Мемлекет басшысы үшін тағы бір ең маңызды нәрсе – әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Сондықтан да Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқан елімізге бұл кезеңнің оңай болмайтынын айқын байқаған ел Президентінің кез келген сын-қатерге дайын болуға лайықталған барлық бастамалары осы мүддеге бағытталды.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. 2022 жылға дейін 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді. Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама да экономикаға айтарлықтай әсер етті. Ең бастысы, оның әлеуметтік ықпалы айрықша болды. Осы шараның арқасында миллионнан астам азаматымыз тұрғын үй жағдайын жақсартты. Кейбірі ипотекалық қарызын азайтты. Бір сөзбен айтқанда, пандемиядан кейінгі кезеңдегі жалпы экономикалық дамуымызда оң үрдіс пайда болды.

Президент заң үстемдігін орнатып, шынайы құқықтық мемлекет құруды ең алдымен сыбайлас жемқорлықты жоюдың форматынан қарастырып, оған қарсы күресті мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі етті. Соттардың сапалы жұмыс істеуі үшін қабылданған осындай нақты шаралар бойынша үш жылда 174 судья қызметінен босатылған не болмаса лауазымы төмендетілген. Қайта құрылған әкімшілік соттарға алты айда он төрт мың талап-арыз түсіп, оның жартысында арызданушылар жеңіп шыққан. Қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілді. Нәтижесінде бір жылда прокурорлар 3 500-ге жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуының жолын кесті. Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыру міндеттелді.

«Amanat» партиясының кезектен тыс XXIII съездері Президенттің ең маңызды реформаларының жүзеге асырылуына ұйытқы болды. Бағыт-бағдарын әзірлеп алған партия жаңа атауға ие болды. Партияның орындалмайтын уәде беріп, популизмге салынбауы тиістігін шегелеп айтқан Қ.Тоқаев қайта құрылып, «Amanat» деп аталған саяси ұйымдағы төрағалығын тоқтатып, мүшелігінен шықты. Ел Президентінің бейтарап қалып, ешқандай партия мүшесі болмағанын дұрыс деп шешкенін мәлімдеген ол араға он бес күн салып, өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында бірқатар айқын реформаларды жариялады. Қапшағай қаласының атауы Дінмұхамед Қонаевтың есіміне ауысты, Семей аймағында Абай облысы құрылып, Семей қаласы облыс орталығына айналды. Алматы агломерациясына қатысты түйткілді мәселелер өз шешімін тауып, Алматы облысы екіге бөлінді және бұл өңірде Жетісу мен Алматы облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы Қапшағай – Қонаев, ал Жетісу облысының орталығы – Талдықорған болды. Ұлытау облысы құрылып, Жезқазғанға да облыс мәртебесі берілді.

Өз міндетін табысты атқарған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құрылды. Жаңа құрылым ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырды. Жолдауда аталған мәселенің бірі – бас прокурор мен адам құқығы жөніндегі уәкілге конституциялық сотқа жүгінуге мүмкіндік беру еді. Бұл – расымен де әділ әрі құқықтық мемлекеттің пайда болуына жасалатын маңызды қадам. Себебі, біздің қоғамдағы ең қымбат фактор – адам капиталы. Ал, әрбір азаматтың құқығын қорғауға тырысатын мемлекет нағыз өркениетті, кемелденген мемлекет санатына қосылмақ. Осыдан келіп, Мемлекет басшысының идеясымен Коституциялық сот құрылды. Республикалық бюджеттің сапалы орындалуына Парламент өзінің қатаң бақылауын күшейтуі қажет болатындықтан, Қасым-Жомарт Тоқаев Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынды. Сондай-ақ, Ассамблея депутаттарының саны 9-дан 5-ке қысқарды, партия құруға бес мың адам саны жеткілікті болды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынған кең көлемдегі бағдарламаларымен мемлекетіміздің ішкі болмысында саяси жаңғыртулар өрістеді. Олардың ең ірі көлемдегі бағыттарының жүзеге асырылуына түкпір- түкпірдегі қазақстандықтар түгел араласты. Үштен екісі жаңғыртылып, халық талқысына салынып, жаңа сипатқа ие болған Конституция бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Бұдан былай жеті жылдық мерзімге бір-ақ рет үміткер боп түсе алатын Президенттің сайлауы өтті. Сенат депутаттары ішінара сайланды. Аймақ басшылары таңдалды. Ал биыл 19 наурызда партиялық тізім мен бірмандатты округтер бойынша тәуелсіз мемлекетімізде тұңғыш рет аралас можаритарлық жүйемен ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттары сайланды. Енді халық сенген өкілдерге алда тек «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасымен мемлекет ісін жүйелі жүргізу, жұрт үдесінен шығу, қоғам мүддесін көздің қарашығындай қорғау міндеті тұр. Өйткені, Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында атап көрсетілгендей, бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры, жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта түсетін, келешек жеті жылымыздағы даму бағдарымыз бәріміз және әрқайсымыз үшін әділетті болады деп сенім артып отырған Қазақстан халқының берік ұстанымы.

 

Үміт БИТЕНОВА,

ақын, «Құрмет» орденінің иегері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support