- Advertisement -

Жол жағдайы жіті назарда

119

- Advertisement -

Барыс-келіс пен алыс-беріс мәселесінде жол қатынасы айрықша маңызға ие. Қайнаған тіршілік жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Елімізде бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек», – деп ерекше атап көрсетті. Т.Рысқұлов ауданында да автомобиль жолдарын жөндеу мен жақсартуға жыл сайын бюджеттен қыруар қаражат бөлінуде. Мұның өзі аудан аумағындағы жолдардың 70 пайызын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Аудан аумағындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 161,5 шақырымды құрайды. Ал елді мекендердегі көшелер – 393 шақырым. Өткен жылы аудандық маңызы бар «Жалпақсаз-Тасшолақ», «Каменка-Пионерлагерь», «Луговой-Әскери бөліміне» дейін және «Қорағаты-Мамыртөбе» автомобиль жолдары орта жөндеуден өткізілді. Жоғарыдағы бағыттардағы 44,5 шақырым жолды орта жөндеумен қамтуға 593161 мың теңге жұмсалды. Былтыр ауданның 13 ауылындағы 24 көшеге орта жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ аудандық мәндегі 107,85 шақырым жол ағымдық жөндеуден өтті.
Былтыр қысқы күтіп-ұстау жұмыстары үшін ауданда 10 миллион теңгеге арнайы техника сатып алынды. Аудан орталығынан Тараз қаласына және елді мекендерге автобус бағыттары ұйымдастырылып отыр. «Жаңабаева А.А» ЖК аудандағы жолаушыларды тасымалдау конкурсында 5 жыл қызмет көрсету мәртебесін жеңіп алды. Аудандағы 42 елді мекеннің барлығы жолаушылар тасымалдайтын көлікпен қамтылған. Көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан бойынша 1 автобекет, 1 жолаушыларға қызмет көрсету орны және 3 такси тұрағын салу жоспарланған. Бір такси тұрағы былтыр пайдалануға берілді. Биыл автобекет салынады.
Үстіміздегі жылы аудандық мәндегі «Көгершін ауылына кіреберіс», «Құлан-Луговой стансасы», «Тереңөзек-Шолақ Қайыңды» және «Қарақат ауылына кіреберіс» бағыттарындағы 25 шақырымға жуық жол орта жөндеумен қамтылады. Сондай-ақ аудандағы 13 елді мекендегі 38 көшенің ұзындығы 31,35 шақырым жолын орта жөндеуден өткізу көзделуде. Бүгінде жоғарыдағы жұмыстарды атқаруға қаражат қарастырылуда.

Мақсат Дәуітбеков,
аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support