- Advertisement -

Қоғамның сенімі мен мемлекеттік жауапкершілік таразы басында тұр

133

- Advertisement -

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауы саяси жаңғыртудың жаңа кезеңіне жол ашып, көп қадамды реформалардың бастау алғанын айқындап берген еді. Өткен жыл бедерінде Ата Заңға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтті, Қазақстан Президентінің сайлауы, сондай-ақ Қазақстан Парламенті Сенатының сайлауы өткізілді. Ал жақында Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарының демократиялық ерекшеліктерімен сайлауы болды. Бұл жаңалығы көп сайлау додасының бұрын-соңды болмаған бәсекені туғызып, барлық деңгейде қызу тартыспен өткені соншалықты, оның ыстық-суығы әлі басыла қоймаған секілді.

Жалпы, өткен электоральды кезеңдер қабылданған шешімдердің қоғамдағы өзгерістерге жауап бере алатынын көрсетті. Осының барлығы Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүзеге асып жатқанын ашық айтуға тиіспіз.

Осы тұста қуанарлық ең басты жағдай, ол саяси бәсекеге қатысқан барлық саяси партиялар мен бірмандатты сайлау округтерінен өзін-өзі ұсынған кандидаттардың басым бөлігі (әсіресе Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл облысы) өздерінің сайлауалды бағдарламаларын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынып отырған еліміздің стратегиялық даму мақсатымен байланыстырғаны дер едім. Яғни, соңғы екі жылда Президент ұстанған саяси-экономикалық бағыты өз нәтижесін беріп отырғандығы анық сезіледі.

Әркім өзгерістерді өзінен бастау керек, деген өміршең талаптың мәнін ұқтырды. Саяси жаңғырту тоқтап та қалмайды. Ол біздің күнделікті өмірімізде жалғаса береді. Қоғам ағзасына қан жүгірді. Осы орайда ортақ мақсатта өз ойымызда жүрген бірқатар мәселені қозғауды жөн санадық.

Жалпы қоғамның саяси, экономикалық құрылым-жүйелерінің тиімді-тиімсіздігін адамның хал-ахуалына қарап өлшеуге де, айқындауға да болады.

Сондай талдау-бақылау есептері әр мемлекеттің көрсеткіштерімен және оған Біріккен Ұлттар Ұйымының қатысуымен немесе сараптауымен даярланады.

Қазақстанның егемендік жылдарындағы даму көрсеткіштері әр негізгі сала бойынша (адам жасының ұзақтығы, жалпы ұлттық өнімнің мөлшері, жан басына шаққандағы деңгейі, денсаулық жағдайы, тұрмыс халі және тағы басқа) мемлекеттік мәртебеміздің өскені мейлінше айтылып, жазылып та келеді.

Бұл жағын тарқатып, талдауды сарапшы экономистердің еншісіне қалдырғанымызбен, осы артта қалған өткен отыз екі жылдай уақытта біз бұдан да бай-бақуатты, бұдан да іргелі, мықты мемлекет болуымыз керек едік деген сөзді көзі ашық, көкірегі ояу екінің бірі айтады. Неге? Себебі де бар, оның қоғамдық ахуалда сенімсіздік туғызуы мен жекелеген мәселелерде мемлекет билігіне деген өкпе-реніштің күшеюінен көруге болатын еді. Өкінішке қарай, байлықтың тең жартысынан астамы кейін белгілі болғанындай 162 адамның қолына жиналып, тойымсыздық пен өзімбілермендіктің салдарынан билік ақырын-ақырын халықтан алшақтай бастады. Осы ретте атақты француз жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Франсуа Мориактың қай елде болмасын қасіреттің басты себебі – нағыз құндылықтардың жасанды құндылықтармен ауыстырылуында деп тұжырымдайтын ойшылдығы оралады. Көктегі Құдайды жердегі адам-құдайлармен алмастыру – нақ осының өзі. Адам тағдыры ойынға айналады.

Қауіп еткеннен сөз туды. Ұлттың беделді тұлғаларының қоғамның толғақты мәселелерін жан-жақты және терең қозғаған баспасөздегі түйдек-түйдек мақалаларында қаншама шындық айтылды, қаншама сақтандырды, бірақ сол кездегі билік ондай ақиқатты айқайлатқан сөздерді естігісі келмеді. Тыңдамады. Ал халық іштей тынды… бұл жақсы емес еді. Бұқара халықтың мұң-мұқтажы, әлеуметтік талаптары қағаз жүзінде қатып тұрғанымен, ақиқатында қазынаның миллиардтаған қаржысы құмға сіңген судай әсер қалдырды. Саны бар, сапасы жоқ нысандарды жөнге келтіру тіптен қиындай түсті. Адалына келсек, бір ғана мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілетін тендр кілең билігі бар шекпенділердің арасында сыбайлас жемқорлыққа кеңінен жол ашты. Заңсыз пайда табудың көзіне айналды. Осыдан кейін кім не айтпайды?

Екінің бірі мемлекетті, оның өзінде қажет кезде теріс құбылыстарды тоқтатуға дәрменсіз, заң үстемдігін түбегейлі орнатуға ықыласты емес ескі жүйенің ұрындырған кесапаттарын сынап, мінейді. Бәрі де орынды.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейінгі Қазақстан мен одан кейінгі Қазақстан екі түрлі жағдайда. Ендігі жерде елімізде ірі саяси жаңғыртулар мен реформалық өзгерістерді батылдықпен жүзеге асыру қадамдары Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи бастамаларымен жасалуда. Бір жылдың өнбойында елімізде қоғамдық ой-санаға сілкініс туғызатын саяси реформалар Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақсатымен халықтық референдумды абыроймен өткізуден кейін конституциялық заңдарды қабылдауды шынайы жұрт болып қолдауымен қат-қабат және уақытында жария етті. Жетінші шақырылымдағы Қазақстан Парламенті де бұл ірі саяси оқиғалардың белортасында болып, өздерінің өкілеттілігіне сай жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып шықты. Біз де сол мерзімде Мәжіліс депутаты ретінде Мемлекет басшысының ірі тарихи шешімдерінің қабылдау сәттеріне куә болдық.

Халықаралық саясаттың соқпақтары мен жаhандық үдерістердің тынысын тап басып болжай алатын аса тәжірибелі саясаткер және дипломатиялық өмірдің майталман білгірі Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тағдыры қыл үстінде тұрған шақта тұтас билікті өз қолына алып, жаңа Қазақстан құру жолындағы бағыт-бағдарын ашық жариялап, бұдан әрі қоғамды тазартып, мемлекеттің байлығына қол салып, қол салғанда да мол салған адамдарды қатаң заң талабымен тәртіпке шақырып, заң үстемдігінің барлық отандастарымызға бірдей болатынын ашық мәлімдеу және сол айтылған жағдайды мықтап қолға алуы, біріншіден, халыққа есеп беруі және қоғам алдындағы адалдығы, екіншіден, мемлекеттік жауапкершілікті таныта білудің нақты көрінісі болды.

Ескі жүйеден күйе болып жабысқан дүниенің бірін қалдырмай тазарту жұмысы әлбетте, оңайға соқпайды. Бұл өзгерістерді әркімнің өзінен бастау мүмкіндігі деп те айтылды. Халық пен шындыққа арқа сүйейтін қоғамның жұмыла жасайтын іс-әрекеттері төменнен басталып, Ақорданың қадағалауына дейін жалғасуы өте маңызды екенін жұрт ұқты. Дегенмен, ел ішінен әртүрлі айтылар әңгіме әлі күнге дейін Үкіметтің тарапынан ширақ қимылдап, пәрменді және солай болуға тиісті атқаратын жұмысына қарап, әдеттегіден басқалай, әр салалық министрдің проблемалық сұрақтарды жергілікті жерге барып, танысып, ашық қызмет етуінен шешімді өзгеріс күтетіні байқалады. Ескі дағдымен жылы немесе салқын кеңседен шықпайтын неғылған министр, сөзін де естімейміз, өзін де көрмейміз, деп те айтылып жүр. Жасыратын несі бар, жаңа Қазақстан құрудың түпкі мақсатын жеңіл-желпі түсініп, сен тимесең, мен тимен, жасқаншақ ойымен қызметтік жұмсақ креслосын бағып отырған шенеуніктердің қатары көп сияқты. Жаңа тұрпаттағы саясаткер, от болып жанып тұрған, өмірлік тәжірибесі бар қайраткер адамдарды таңдап, тану, сондай қайсар, мемлекетшіл, қазақ тілін жетік білетін алғыр жастарды жоғарылату, жаңа есімдер мен танымал тұлғалар арасындағы сабақтастықты жалғастыру да қажет. Жасы ұлғайса да халық үшін пайдалы іс жасайтындарға да сенім бар. Мемлекет басшысының ойында озық қоғамдық пікірге ие және мемлекет пен халыққа қызмет етуге адалдығы көрініп тұрған, ұмтылысы жарқын, саяси мәдениеті жоғары, қолы мен жүрегі таза, елім дейтін жаңа, тегеурінді толқынды қалыптастыру екені кадрлық ауыс-түйіс барысынан анық байқалады.

Қазақстан қоғамына сенім мен серпіліс рухын сіңіру әділетті және адалдық қадамдарымен құнды бола түсуде. Мұны аймақтарды басқару сеніміне ие болған адамдардың терең сезінуі мен жауапкершілікпен қарауы аса маңызды. Ұлтқа қызмет етуде ұсақ-түйек болмайды. Кадрлардың да ұсақталып кетпеуін айтқанда, жершілдік пен рушылдық секілді жат құбылыстардың жолын біржолата кесіп тастауына аса мән берген жөн. Өйткені, мұндай келеңсіз жағдай жергілікті жерде әлі де қылаң береді. Ескі жүйені аңсайтын «ақылмандар» мен «батагөйлер» бұрынғы әккі әдіспен жағымпаздықтың уын сеуіп, жікке бөлінушіліктен нендей пайда көріп, нендей қызық көріп жүргенін ел естімей, көрмей отырған жоқ. Біздіңше, ел Президентінің жүргізіп отырған бетбұрысты, яғни, әділеттілік пен парасаттылыққа негізделген саясатын қалың бұқара жан-тәнімен қолдап отыр. Сонымен бірге ел не дейді? Олар: Президенттің әр сала бойынша кешенді тапсырмалар мен атқару органдарының алдына қойған зор әлеуметтік-идеологиялық міндеттерді абыроймен ойдағыдай орындай алмайтын шенеуніктерден құтылу керек дейді. Құр бекер уақыт оздырғаннан басқа жанды іс-әрекеті жоқ болса, не үміт, не қайыр?! Бұл арада халықтың пікірімен санасу маңызды.

Мемлекет басшысы кінәратсыз қоғам құру жолында халықтың мүддесін бәрінен де жоғары қойып келеді. Саясаттың темірқазығы – ар-ожданмен мемлекетшіл қасиеттерді қадірлей білу және ел алдында берілген сертке жан-тәнімен адал болу.

Ел Президенті тұрғындардың мұң-мұқтажы, өтініш-тілектері аяқсыз қалмасын дейді қатаң түрде, сол үшін де бюрократияға жол бермейтін пәрмен шығарды. Соған қарамастан жергілікті жерде бір-біріне сілтеу, мемлекет қаржысымен жұмыс істейтін мердігерлерді жөнге салу немесе жұртты жан-жаққа арыз жазып, шапқылатпай орынды көтерілген мәселені шешуге келгенде әлі де дәрменсіз. Мысалы, өткен жылы Жамбыл облысының қиян түкпірінде жатқан байырғы ауыл тұрғындарының жанайқайымен 200 миллион теңгеден астам қаржы жұмсап қаздырған құдықтан тұщы емес, кермек су шығып, әбден әбігерге түсті. Айқай-шу. Әлеуметтік желіден өкпе-реніш тарап жатты. Бұл мәселені біз де арнайы жолға шығып, өз көзімізбен көрдік. Ақырында бұл іске облыс әкімінің назарын аудардық, содан әкім мырза тікелей өзі барып, ауыл адамдарымен сөйлесіп, араласқан соң ғана түйткілді сауалға нақты жауап берілді. Жергілікті тұрғындардың арасында шапқылап жүрген қоғам белсенділері болмаса, шындық үшін бас көтеретін, жанашыр жандар кім болмақ?

Біздіңше, аудан, ауылдарда қоғам белсенділеріне деген көзқарас та өзгеруі керек. Ал қазір қалай? Көп жағдайда ауылындағы әлдеқандай кемшілікті көзге шұқып айта білетін әрі шаршамайтын мазасыз жандарды «тыныш жүрмейтін» (блогер емес) жағымсыз жан ретінде жақтырмай қарау біржақты етек ала бастаған.

Екіншіден, алқалы қоғамдық ұйымдардың қырағылығы мен бақылауы кейбірде өз қызметіне керек-ақ. Мысалы, Тараз қаласында 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты «Көне Тараз» музейінің ғимараты салынды. Су жаңа ғимаратқа мемлекеттің 950 миллион теңге қаржысы жұмсалды. Қадірменді қонақтардың қатысуымен тарихымызды танытатын және туризмді дамытуға септігін тигізетін мәдени орынды керемет сән-салтанатымен аштық. Іле-шала музей есігі тарс жабылып қалды. Сөйтсек, ду-думен салынған музей ғимараты құрылысында кем-кетігі көп екен, әуелі төбесінен су сорғалап ақты, сөйтіп жарамсыз болып шықты. Міне, содан бері арада қаншама жыл өтті, қаншама рет Үкіметке дабыл қақтық. Депутаттық сауал да жолдадық. Талқылаған болдық. Сонымен бітті. Ешбір нәтиже бола қоймады. Обал-ай, қазынаның миллиардтаған ақшасы аспанға бу болып ұшқандай, сұрауы жоқ. Жергілікті әкімдік ешбір жұмыс істемеген ғимаратты қайта жөндеуге бюджеттен қаржы бөле алмайды, себебі, заң көтермейді. Бұрынғылардың жіберген кемшіліктеріне жауап та бере алмайды. Ал, енді қосымша жөндеуге қажетті жүздеген миллион қаржыны демеушілер арқылы табу өте қиын іс екені белгілі. Құқықтық тұрғыдан қарастыруды кім ойлайды? Қоғамдық кеңестер мен қоғамдық ұйымдардың да осындай ортақ іске үн қатуы орынды болар еді ғой. Азаматтық қоғамның бақылауы қайда?

Мемлекет басшысы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасымен жұмыс істеуді алға қойып, билік тармақтарының үйлесімді және қарқынды жұмыс істеуін міндеттеп отырған жоқ па?! Және «Әділетті мемлекет. Әділетті экономика. Әділетті қоғам» бағдарламасының аясында халықтың хал-ахуалын жақсартудың алдағы жеті жылда атқарылуға тиісті ауқымды міндеттерді орындаудың және соған жұмсалатын триллион–триллион қаржының тиынына дейін есептеліп қойғанын оқып, біліп отырмыз.

Қазақстанның әлемдік саясат пен дүниежүзілік бәсекеде бабы мен бағы келіскен, жаңару мен жаңғыртуды батыл жүзеге асырған, адамдары бақытты өмір сүрген, жер асты мол байлығын халықтың игілігіне жұмсап, адамдар адал еңбегімен өркен жайған, ішкі бірлігі бекем, сыртқы саясатында бейбітшілік пен достықты қарым-қатынасты ту еткен тегеурінді мемлекет болуы – біздің стратегиялық бағыт-бағдарымыз!

Қазір біздің қоғамда басты-басты әлеуметтік-саяси өзгерістер жайында айтылатын әрбір сөз бен әрбір әлеуметтік пікір өте қажет әрі құнды. Оның негізгі бөлігі халықтың көкейінде жүрген ең өзекті мәселелерді, атап айтқанда, жұмыссыздық пен кедейшілікті батыл қадамдар жасап, жаңа өндіріс орындарын ашып, шын мәнінде шығандап кеткен жұмыссыздықтың саны мен кедейшіліктің қатарын жүйелі түрде азайту, қызмет бабын пайдаланып, жемқорлар немесе қорқаулармен ауыз жаласып, заңсыз байыған адамдарды анықтап, шетелге жылыстап кеткен қаржыны елге қайтару секілді мәселелерге айрықша назар аударады.

Ауыл шаруашылығын жақсарту және ауылға жаңа заман стандарттары бойынша түлетуге жәрдемдесу алыстағы ағайындарды қатты қуантуда. Жайылым мен шабындық мәселесін шешу мақсатымен 5 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Алдағы жылдары елімізде, оның ішінде ауылдық жерде де керемет мектептер іске қосылады. Онда 800 мың бала оқитын «Жайлы мектеп» жобасы ауыл мен қала мектептерінің білім беру деңгейін жақсартатын жаңа жағдай туғызады.

Біз бұл мақаламызда елімізде жалғасын тауып жатқан саяси реформалардың қоғам мен мемлекетті дамытудағы оң өзгерістерін сипаттап, ел күткен батыл қадамдардың маңыздылығы жайында ғана ой қозғадық. Сонымен бірге жұртшылық жаңа, әділетті Қазақстан құру жолындағы ұлттық құндылықтар мен ірі әлеуметтік бастамалар шеңберінде болатын тың өзгерістерге зор үміт артып, сенім мен мемлекеттік жауапкершіліктің жүгін аманаттап отырғанын да еске салып отырмыз. Сенімге селкеу түсірмеу, Ар мен Намысты биік қою сіз бен біздің де төл міндетіміз.

Біз өзіміз өмір сүріп отырған ашық, әділетті қоғамның өзегі – азаматтардың тең құқы сақталып, арман, мақсатының орындалуына барлық өркениетті жағдай туғызған ірі саяси реформалар мен мемлекеттік бағдарламалардың баянды болуы деп білеміз. Өйткені, халық күткен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берік ұстанып отырған сөз бен істің арасында алшақтықтың нүктесі қойылар шақ келді!

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support