- Advertisement -

Барлық ұлт тың алғысына кенелген, Қазақстан – бауырмал ел ежелден!

536

- Advertisement -

Халқымыз ешкімді жат санап,
жатырқаған жоқ

Маржан Қожаева,
Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының меңгерушісі.

Жалпы, қазақ даласын мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің елімізге қоныстану тарихы бір-біріне ұқсас. Бір ұлт тұрып жатқан жерінен сол мемлекеттің жасаған қысымына шыдамай шекара асса, кейбірі қуғын-сүргінге ұшырағандықтан жер ауған, енді бірі Қазақстанға депортациялау арқылы күштеп әкелінген.
Жалпы, кеңестік кезеңде жаппай қуғын-сүргін жылдарында 3 миллионнан астам адам жер аударылған. «Сенімсіз халықтар» қоныстанған арнайы аудандар – солтүстік облыстар, Сібір, Орал, Орта Азия және қазақ жері болғаны мәлім. Қазақстан халқы Ассамблеясының ІV сессиясында Елбасы Н.Ә.Назарбаев сол кезеңде Қазақстанға жер аударылғандардың саны 1 миллион 200 мыңға жеткенін айтқан еді. Қоныстанушылар еліміздің барлық облыстарына жіберілді және олар мекен етер елді мекеннің темір жолынан шалғай болуына баса назар аударылды.
Жер аудару оқиғасының ең елеулісі – Цинь империя­сының қуғынынан ұйғырлар мен дүнгендердің Қытайдан біздің елге қоныс аударуы және әйгілі қуғын-сүргін мен тың игеру саясаты болғанын білеміз. Ұлы Отан соғысынан кейінгі депортациялау кезінде қазақ халқы ұжымдастыру, жасанды ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс секілді зобалаңды бастан өткеріп, тұрмысы тұралап, «шықпа жаным, шықпа» деп отырған еді. Бірақ, болмысынан ақжарқын, кең пейілді қазақ ешкімді жат санап, жатырқаған жоқ. Жазықсыз жапа шеккендерге жанашырлық танытып, бауырына басты. Бір үзім нанын бөліп беріп, паналатты. Жетім балаларды асырап алды. Сондай қиын-қыстау кезеңге қарамастан, қазақтар мейірімінің арқасында күштеп қоныстандырылған ұлттармен тату-тәтті өмір кешті.
Қазір елімізде тұрып жатқан өзге ұлттар – осындай тағдырды бастан кешірген халықтың ұрпақтары. Сол үшін де олар қазақтарға қарыздар екенін ұрпақтан-ұрпаққа аманат етуді дәстүрге айналдырған. Негізі, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1992 жылдан бастап мемлекетіміздегі этносаралық қарым-қатынасты нығайту жұмыстары қолға алынды. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанға дейін облыста орыс, өзбек, түрік, шешен-ингуш, кәріс, ұйғыр, неміс, украин секілді 9 этномәдени бірлестік жұмыс істеп келсе, қазір олардың саны 26-ға жетті. Жалпы, өңірімізде бүгінде 300 мыңнан астам 88 өзге ұлт өкілі тату-тәтті күн кешуде.
Алдыңғы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына жиырма жыл толуына орай өткен жиында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Алғыс айту күнін айрықша атап өтуді ұсынды. Оны Қазақстан халқы мен бүкіл диаспора өкілдері қолдап, былтыр бұл мереке алғаш рет елдік деңгейде аталып өтті. Бұл негізінен – ұлт пен ұлысты жақындастыратын мәні зор мереке. Жаны жомарт, құшағы кең қазақтың кең пейілділігіне өзге ұлт өкілдерінің Алғыс айтуы – ұрпақтар сабақтастығының сақталуына, өзара татулықтың артуына ықпал етеді. Бұл – қазақтардың кеңпейіл, жомарт, қонақжай, мейірімді, ынтымақты қалайтын бейбітсүйгіш әдет-ғұрпынан бастау алатын тарихи дәстүрлеріне негізделген мереке. Оның астарында елдегі бірегейлікті дамыту арқылы Қазақстан халқының бірлігін нығайту мәселесі жатыр. Сондықтан, Алғыс айту күніне арналған іс-шаралардың біртұтас ақпараттық-идеялық және әлеуметтік мән-мазмұнын мейлінше ашып көрсету қажет.

Тарих тоғыстырған тағдырлар

Облысымызда 3 мың ұйғыр ұлты бар. Оның 1мыңы Тараз қаласында тұрса, мың жарымы – Шу ауданында, қалғаны өзге аудандарда қоныстанған. Тараздық ұйғырлар ата салтына берік, тілі мен ділін, мәдениетін жақсы сақтаған екен. Олардың бойынан қазақ ұлтына, тіліне деген құрметі мен ел бірлігін нығайтуға деген ынта-ниетті аңғармай қалу мүмкін емес. Содан болар Алғыс айту күніне орай М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі өткізген Достық үйіндегі «Қазақстан – менің өмірім мен тағдырым» атты «дөңгелек үстелде» айтылған ұйғыр тіліндегі пікірлерді ұғыну қиынға соқпады.
Бірлестік жетекшісі Мұхабат Тұрдыева өңіріміздегі ұйғырлардың кез-келгені қазақша жақсы сөйлейтінін айтады. «Әлемде 20 миллионнан астам ұйғыр болса, Қазақстандағы жалпы саны шамамен 400 мыңдай. Қазақстанға қоныстану тарихымыз да әрқилы. Мәселен, біз 1955-1965 жылдары қоныс аудардық. Менің бала кезімде 1962 жылдың өзінде бір ғана осы Жамбыл жеріне Қытайдың Шыңжаң, Құлжа, Үрімші аудандарынан 200 отбасы көшіп келді. Олар қазір тәуелсіз мемлекетімізбен бірге өсіп-өніп, көбеюде.
Негізінен, біздің осында келіп, үй-жай болып кетуіміз қазақтардың бауырмалдығының арқасы. Тамырлас елміз деп қазақтардың бізді өзіне жақын тартуы осындағы өзге ұлт өкілдерінің ынтымақта күн кешуіне негіз болды. КСРО құлағаннан кейін, көп ұлтты Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуына өзге елдер күмәнмен қарағаны шындық. Алайда, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, ел бірлігінің бекем болуына күш салды. Президентіміздің жүргізген сарабдал саясатының арқасында көп ұлтты Қазақстан әлемге танылды. Тәуелсіз мемлекетіміз ұйғырлардың да танылып, абыройлы қызметтер атқаруына мүмкіндік жасады.
Негізінен, біз жастарға қазақтарға жасаған жақсылығы үшін алғыс айтуды, бағалауды, жалпы досқа, ата-анаға, ұстазға ризашылық білдіруді үнемі үлгі етіп отырамыз. Ал ұйғырлардың қазақ тілінде сөйлеуін – қазақтарға көрсеткен құрметі деп есептеймін. Біздің де қазақ тілінде сөйлеп, қазақ ұлтына құрмет білдіргеніміз үшін қазақтар да алғыс айтуда», – дейді ол.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Қиналған кезімізде қолұшын созды

Ол кісіні танымайтындар некен-саяқ. Ұлты бөлек бола тұра қазақ тілін өте жетік білетіні үшін көпшілік Ақбұлым ауылының тұрғыны – Мафиз Латифоғлыны қатты құрметтейді.
Жақында Мафиз ақсақалмен дидарласудың сәті түсті. Ақсақал 17 жылдан бері өзі аттас «Мафиз» шаруа қожалығын басқарып келеді екен. Ұлты түрік болса да қария қазақшаға өте жетік. Жан жары Наврия оған жеті перзент сүйгізіпті. Тәрбиелеп өсірген екі ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған. Олардан 20 немере, 15 шөбере сүйіп отыр.
Мафиз қария балаларын жастайынан еңбекке баулыды. Бұл күнде Мизамы мен Ризманы өзімен бірге шаруа қожалықтың жұмысын өрге сүйреп жүр. Қыздары – Сәлима, Фарида, Халиса, Калиманы көзінің нұрына, көңілінің шуағына балайды. Ал Халимасы қазір Түркияда тұрады. Жыл сайын келіп тұрады ол да.
Ақбұлымда алма өсірушілердің жасы үлкені – Мафиз ақсақал. 78 жастағы қария 12 гектар алқапқа алма өсіруде. Қоғамдық жұмыс­тардан да шет қалған емес.
– Менің өсірген алма бағымды облыс басшылары келіп көрген. Барлығы ризашылығын білдірді. Ашығын айтсам алманы арық суымен суарамын. Жаңа технологияны қолдана қойған жоқпыз. Қияр, қызанақ, картоп, қызылша болмаса, алманың арықпен су ішкені, меніңше, дұрыс. Алма өсірудегі тәжірибемді өзге шаруашылықтармен де бөлісіп жүрмін. Менің ұлтым түрік болғанмен, Отаным – Қазақстан. Қиын кезде қазақтар паналатты. Балаларым, немерелерім де қазақ тілін жақсы біледі, қазақтарды құрметтейді. Достарының бәрі қазақтар, – дейді Мафиз Латифоғлы ақсақал.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

көңілі көлдей толқыған, ҚАЗАҚТАЙ ЕЛ ҚАЙДА!

Елена ГОРБУНОВА,
облыстық «Орыс орталығы» орыс этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.

Еліміздің мерекелері қатарына қосылған тағы бір айтулы дата – Алғыс айту күні. Мемлекетте тату-тәтті күн кешіп жатқан түрлі этнос өкілдерінің бір-біріне және ең бастысы, оларды осы далаға өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап тағдыр айдап келгенде құшақ жая қарсы алған қазақ халқына ризашылық сезімін білдіріп, мейірімділікке, ізгілікке бастайтын мейрам бұл.
Ұжымдастыру кезінде Қазақстанға 250 мыңнан аса мүлкі тәркіленген кулактар жер аударылған еді. Одан өзге 800 мыңдай неміс, 100 мыңнан аса поляк, 550 мыңдай солтүстік кавказдық пен өзге де ұлт өкілдері жер аударылды.
Сталиндік репрессия кезінде жер аударылған көптеген ұлттар вагондардан алыс ауылдарға бірден айдалып кеткен еді. Олар онсыз да өз күнін әрең көріп отырған қазақ отбасыларының үйлерін паналап, қазақтардың мейірбан пейілінің арқасында аман қалды. Түрі мен түсі, тілі мен діні басқа екен деместен, соңғы үзім нанымен бөліскен қазақтар еді. ХХ ғасырдың бірінші жартысында болған бұл тарихи оқиға халықтар достығының қайталанбас үлгісі. Бұл достық қиын-қыстау заманда пайда болып, ғұмыры ұзаққа созылуда. Қазақтардың адамгершілігі мен кеңпейілділігі, қолұшын созуға деген ерекше ынтасы халықтар жадында әлі де сақталған. Бүгінгі күнге дейін алғыс сезімі сейілген емес.
1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Ал 2015 жылы Ассамблеяның 20 жылдық мерейтойы кезінде Елбасы осы күнді Алғыс айту күні ретінде белгілеу туралы ұсыныс білдірген болатын. Міне содан бері ел халқы 1 наурызда бір-біріне, әсіресе, қазақ халқына алғыс сезімін білдіріп, достық, татулық ниетте бұл күнді атап өтуде.
Алғыс айту күні барлық қазақстандықты біріктіре түсуде. Бұл күн – ел азаматтарының бір-бірімен қаншалықты тату тұрып жатқанын барша әлемге тағы бір паш ететін ерекше сәт болды. Мереке мемлекетіміздегі әрбір азаматтың жүрегіне ізгілік пен мейірімділік сыйлайтын ерекше күн болып қалады деген сенімдемін.

Тараз қаласы.

Сол күні жеген құрттың дәмі таңдайымда әлі тұр

Нина Югай,
ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы.

Ресейдің Приморье өлкесіндегі Уссурийскі қаласында туып-өскенмен, ғұмырымның 57 жылы Қаратау қаласында өтті. Ресейге корейлердің қалай, қайдан барғаны белгісіз. Ал Қазақстанға бұл халықтың «сенімсіз халық» ретінде жер аударылғанына биыл тұп-тура сексен жыл.
Туғалы Корей жерін көрген емеспін. Қамысы көп ел деп естимін. Әрі күріш егетін халық. Соны ескерді ме, кәрістерді ең әуелі Қызылорда облысына қоныстандырса керек. Ол кезде менің жасым небәрі үште. Ауылдағы қазақы там, түсі, өңі біздерге ұқсас адамдардың күлімсіреген жылы жүздері еміс-еміс есімде. Олардың мейірбан, ақ жүрек қазақ деген халық екенін ес кіре бастағанда бір-ақ білдім.
Сөйтіп, менің тілім кәрісше, орысша ғана емес, қазақша шықты. Қазақтардың онсыз да тар тоқал тамының бір бөлмесін босатып беріп, айран, құрт, ірімшіктерін ауыздарына тосқанын әкем әрдайым үлкен сағынышпен еске алып отыратын. «Аппақ, домалақ не нәрсе, өзіне у қосылған ба», деп тартыншақтаған ата-анамның көзінше, оны өздері жеп көрсетіпті. Кейін әке-шешеміз де қазақтарша қой, ешкі сауып, құрт, ірімшікті жасап, қарық болғанбыз. Қой сүтінен жасалынған сол тағамды әлі күнге аңсап тұрамын.
Аралас мектепте оқыдым. 1957 жылы Қызылорда педагогтік институтын бітіріп, ұстаздық жолын Жамбыл облысындағы Билікөл орта мектебінде химия пәнінің мұғалімінен бастадым.
Елу жыл ұстаз болып жұмыс істедім. Шәкірттерімнің бәрі бірдей есімде емес. Дегенмен алғыр, зерек оқушылар ойымда қалыпты. Соның бірі – Бақытжан Әбдірайымов еді. Бақытжандай елге қызмет етіп жүрген азаматқа ұстаз болғанымды мақтаныш санаймын. Шәкірттерімнің ішінде Ресей, ТМД-ны, Еуропаны айтпағанда, АҚШ-та жұмыс істеп, табысқа кенелгендері бар.
Мен үшін қазақ халқы қашанда қымбат. Қиналғанда құшағын ашты. Бөтенсің деп шектеген жоқ. Бақытымды осында таптым. Үш қызым – бірі қазаққа, бірі болгарға, енді бірі орысқа тұрмысқа шықты. Олардан 6 немере, 3 шөбере сүйіп отырмын. Жақында Астанадағы қызымның отбасына барып, қайттым. Немерелерім де қазаққа тұрмысқа шыққан. Оған қуанбасам, тиіттей де ренжімеймін.

Қаратау қаласы,
Талас ауданы.

Кеңпейіл жұртқа қарыздармыз

Салима Вансинвин,
дүнген этномәдени орталығының жетекшісі, Қордай ауданының Құрметті азаматы.

Ауданымызда қазақ, орыс, түрік, әзірбайжан, қырғыз, татар, башқұрт, шешен, ингуш, күрділермен өзара ынтымақтасып дүнгендер де тату-тәтті өмір сүруде. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қытайда діни және ұлттық қарама-қайшылықтарға байланысты жергілікті дүнгендер биліктен аяусыз теперіш көріп, амалсыз 1877 жылы орыс патшалығының шекарасына қарай үдере қоныс аударғаны тарихтан мәлім. Жол-жөнекей аштық пен жол азабынан олардың көбі қырылып, екі мыңдайы ғана азып-тозып Жетісу жеріне табан тіреген екен. Қырғыз Шәбден батыр мен қазақ Ноғайбай бидің шапағатымен елсіз бос жатқан Қарақоңыз алабынан жер алып қоныс тебеді. Міне, содан бері бір жарым ғасырға таяу уақыт өтті, біздің қандастарымыз жергілікті ұлт – қазақтармен тонның ішкі бауындай араласып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара ынтымақты тірлік кешуде.
Қазақстанды бүгінде бүкіл әлем біледі. Ғалымдарымыз, өнер қайраткерлері, спортшылар, басқа да саланың мамандары әлемдік деңгейдегі биіктерден көрінуде. Олардың ішінде дүнген ұл-қыздары да бар екені мен үшін зор қуаныш. Қазір біздің ұлт осыдан жүз қырық жыл бұрынғы қасіретті ұмытқан. Сол кезде арып-ашып қазақ жеріне құр сүлдері жеткен екі мыңдай дүнгендерден бүгінге дейін бірнеше ұрпақ алмасып, қандастарымыздың саны көбейді. Тек, Қордай ауданының өзінде елу мыңға жуықтаса, көрші қырғыз елінде, облыстың өзге аудандарында, Алматы қаласында тұрақты қоныс тепкендері де аз емес. Табиғатынан жер емген ұлтымыздың алаңсыз еңбек етіп, өз игілігін өзі еселеуіне елімізде барлық жағдай жасалған. Дүнгендер тығыз қоныстанған Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр ауылдарында соңғы жылдары жаңа мектептер салынып, балабақшалар, ауруханалар ашылуда. Біз бұл қамқорлықтың бағасын білеміз. Бізге ұлттық тілімізді, мәдениетімізді, дәстүр-салтымызды еркін қолдануға ешқандай шектеу қойылған емес. Сондықтан да біздің ата-бабаларымызды ұлт ретінде жойылып кету қатері төнген қиын-қыстау күндері кең құшағына алып, күні бүгінге дейін еншісі бөлінбеген туысындай бауырына тартатын кеңпейіл қазақ халқына шексіз қарыздармыз.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support