- Advertisement -

«Студент БОДАУБАЕВТА жазық жоқ»

197

- Advertisement -

Әбілфайыз ЫДЫРЫСОВ,
жазушы-журналист,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Тәуелсіз еліміздің бүгінгі ұрпақтары кешегі кеңес өкіметі тұсындағы зорлық-зомбылықтар, нәубеттер, саяси қуғын-сүргіндер жайлы біле ме? Біздің аға ұрпақ ел бостандығына неге сонша ынтық болды? Тәуелсіздіктің қадірі неде?
Жерлесіміз, шу өңірінің тумасы, белгілі жазушы, публицист болат бодаубаевтың басынан өткен мына оқиғаны оқи отырып, сірә, бүгінгі күнімізге мың рет шүкір деу керек шығар. Естелік иесі, ұлағатты ұстазға тағылымды дүниесі үшін оқырмандар атынан алғыс айтамыз.

Біртуарлар кең де, кемел де, кемеңгер де! Нағыз қазақ: қарапайымдығы да, қадірменділігі де қазақ; жайсаңдығы да, жампоздығы да қазақ; дарқандығы да, шалқарлығы да қазақ; паналығы да, даналығы да қазақ; тұтас болмысының бәрі қазақ – Сәбеңнің (Сәбит Мұқановтың) бір тал бойында әлгі аталған асыл қасиеттердің бәрімен қоса және сол қасиеттерімен біртұтас қабысқан оның әрі кең де, кемел де, кемеңгер де екенінің де тікелей куәсі болғаным бар! Ол күнбе-күнгі газет ісінің болмашы бір оқиғасына байланысты болды. Бұл бұдан аттай 41 жыл бұрын болған еді…

* * *

1959 жыл. Шілде айының оныншы жұлдызы. Мен, газет редакторы Әбсаттар Бөлдекбаев іс-сапарға кеткендіктен «Лениншіл жас» газетінің редакторының уақытша міндетін атқарып отырғанмын. Газетіміздің 9 шілдедегі кезекті саны шықты. Онда басқа қаншама материалдармен қоса, редакцияда өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінің бірінші курсын бітірмекші, студент-шәкірт (қазір белгілі публицист, жазушы) Болат Бодаубаевтың «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы…» деген ұлы Абайдың сөздері тақырып етіліп қойылған материалы да жарияланған еді.
Ойымда дәнеңе жоқ. «Бүгінгі газет санында оқырманға бір тұшына оқитын материал ұсындым!» – деп, бөркім қарақазандай боп, өзімше көтеріңкі көңілмен отырғанмын.
Өйткені, Болаттың жазғаны, шынында, оқырман оқырлық тәуір материал болатын. Ізденімпаз жас шәкірт үлкен жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романы мен белгілі сыншы-жазушы Темірғали Нұртазиннің «Мұрат» атты повесін мұқият зерттеген де, сол шығармаларында майталман қаламгерлердің ана тілімізде қолға ұстатқандай баламалары да, төлеулері бар: дәптер, мұнай, асхана, таразы, болат, тәулік, су құламасы, жинау-құрастыру, кеңес, төбе, екілік деген сөздерді – тетрадь, нефть, столовая, гири, сталь, сутки, водопад, сборочный, совещание, потолок, двойка деп орысша сөздермен қолданғанын орынды сынға алған болатын. Автордың ойы: көркем туындыларда тіл тазалығын сақтауды айту. Мұны ол белгілі қаламгерлердің жағасынан инабатсыздықпен алмай да, орыс тілінен қазақ тіліне кіріккен, сіңіскен сөздерге дүрдараз қарамай да мәдениетті, салиқалы жеткізген. Ал, тақырып қойылысында да шәкірт ұлы Абайға жүгінген. Онда да әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ. Ұлы бабасының ана тілі­мізді шұбарламайық, деген идеясын алған.
Сөйткенше болмады. Редактордың тура телефоны без ете түсті. Ар жақтан қатқыл әйел даусы:
– Бұл Дыхнов (сол кездегі Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы) жолдастың қабылдау бөлмесінен… Редактормысыз?! (Әдетте өздерінің рұқсатымен ғана аяқ аттай алатын газет редакторының іссапарға жіберілгенін де білмегені ғой. – Ә.Ы.) – деді, бұйрықты үнмен.
– Жоқ! Уақытша редактор міндетін атқарушымын! Ыдырысов!
– А, онда… Ыдырысов жолдас, дереу, қазір бюро мәжілісіне кел!
Дереу жеттім, «кіші ЦК-ға». Екі ЦК да кімді де бюро мәжілісіне жәйдан-жай шақырмайды. Біраз «ұйпалап» («на ковер») алу үшін шақырады. Мен де сол сазайды тарттым. «Ұлтшылдық сарынды уағаздауға дем беретін, саяси сауатсыз, редакторлықтың өзі түгіл, маңына жолатпайтын адам ретінде», жеке карточкама жазылған сөгіс алып шыға келдім. Маған: саяси сауатсыздығым үшін сонша шүйліккен Дыхнов жолдас, мені сыбап-сыбап келіп:
– Ыдырысов жолдас, өзіңді ақтағың келсе, әрі біздің сені (қараңыз, мәдениетін. – Ә.Ы.) жастар газетінде (атын атамайды – Ә.Ы.) одан әрі қызметте қалдыруымыз үшін келесі нөмірде қазақтың белгілі жазушылары: не Әуезовтің, не Мұқановтың, не Мүсіреповтің, тек, осы үшеуінің бірінің ғана «Жауап материалын» жариялауға міндеттеймін. Олардың қайсы болса да «титтей ұлтшылды» жеріне жеткізе әшкерелейтін болсын, жазған жауаптарыңда! – деп, столды тоқпақтай ұрды. – Бұл жауынгерлік тапсырманы орындамасаң, газеттен мүлде қуыласың. Сонсын одан әрі баспасөз маңында жүрмейтін боласың!
– Николай Васильевич, Ыдырысов жолдас ол жазушылардың жауап сөзін газеттің келесі санына жариялауға үлгере алмас, – деп, осы екі арада сөзге Ажар Хакимовна араласты. – Өйткені, ол кісілерді іздеуі, келісуі, жаздыруы керек қой?! Газетте жариялайтын материалды жай әзірлеудің өзі үш тәулікке созылса керек. Соны ескерсек! «Жауапты бір апта ішінде жарияласын!» – деген қаулы етсек!
Өзім өткірлігі, әділдігі, біліктілігі үшін қатты сыйлайтын, Орталық Комитеттің студент-оқушы жастар арасындағы жұмыс жөніндегі хатшысы Ибраева жолдас, газет жұмысынан мүлде хабарсыз бастығының (шефінің) білместігін осылайша «білдірмей» сәл «жөндеп», жаны ашыған болу керек, маған «көмекке» келді. Оған да тоба! Заңғар жазушыларымызды іздеуге, табуға, егер келіссе, тапсырма беріп, «жауап» жаздыруға аз да болса мүмкіндік алдым.
Оқа емес. «Сөгіс» күнде болмаса да, екі күннің бірінде «жеп», етіміз үйренген жайымыз. Оған айылымды жиғам жоқ! «Жұмыстан қуылам!» – деп те қорыққам жоқ. Неге десең, «екі қолға – бір күрек!..»
Бірақ, екі нәрсеге қиналдым. Оның бірі: Дыхнов жолдастың: «…одан әрі баспасөз маңында жүрмейтін боласың!» – дегені. Олар қазір құдай да емес, құдайдан былай да емес қой! Дегенін істейді. Сонда қалаған мамандығымнан айрылмақпын ба?!
Екіншісі: шәкірт Бодаубаевтың жайы. Оны Дыхнов: «титтей ұлтшыл!» – деп, бюрода қайта-қайта айтты. «Үлкен ЦК-дағы» идеология жөніндегі хатшының құлағына бұл сөз жетсе болды, сонда, онсыз да «қазаққа етті айырмен жегізе алмай», «күллі қазақты тақтай стол төңірегіне секитіп отырғызып, тамақ ішкізе алмай», «ұлт», «ұлттық» деген сөзден зәресі ұшатын ол хатшының Хрущев пен Исмайыл-әкә алдында шын коммунистігімен тағы бір көзге түсуі үшін Болатты осырған сиырдай етуі, соңына түсіп жеуі сөзсіз.
Шәкіртке сол обал. Оны жанбай жатып, сөндіртпеу керек. Ал, оның жолы, шынында, «шалдардың» біріне «жылы-жұмсақ» «жауап» жаздырып, Болат баланы «былай аздап «сынатып», бірақ «сылап-сипатып» «жоғары жақтың» гүрзісінен сақтап қалу!
Бұл орайда Дыхнов жолдастың: дереу «жауап жаздыр» деген «бұйрығы», бір жағынан, маған дұрыс та болды. Екі қоянды бір оқпен атып алатын болдым: бастығымның да «бұйрығын» орындаймын, бейкүнә шәкіртті де «оқтан қағам». Сөйтіп, малымды түгендеймін.

* * *

Сонымен, алған сөгісімді, өзіме «олжа алғандай» сезініп, редакцияға жетісімен Дыхнов бастығым айтқан «үш шалды» іздеуге бірден кірістім.
Мұхтар аға үйінде екен. Ол кісі өтінішімді мұқият тыңдады да:
– Пәлі, бұл өзі, әрине, жауап берерлік-ақ мәніс екен! Бірақ, мен сапар жүргелі отырмын. Сондықтан, шұғыл жауап жазуға қолым тимейді. Оған, ренжіп, сөкпеңдер! – деді.
Сонсын, қорқа-қорқа, бірақ, амалсыздан, бұрын Мұхтар аға сияқты алдында да болып көрмеген, ең болмаса, сұхбат жасауға да реті келмеген және сырт көргенім болмаса, тіл қатысып, тура сәлем де бермеген Ғабеңнің (Ғабит Мүсіреповтің) үйіне телефон шалып, қай газет редакциясынан екенімді білдіріп, бір өтініш айтуға, үйіне кіріп шығуға рұқсат сұрадым. Ол кісі телефонмен де тамағын кенеп, баяу, маңғаз, келте-келте сөйлеседі екен. Телефонмен айтқан өтінішімді ыңыранып:
– Иә! Ғабит тыңдап тұр! Қайдан? Кім?! Не шаруамен? – деп, қысқа-қысқа қайырып, тыңдап тұрды да, мен өзімнің қайдан, кім екенімді айтып, кіріп шығуға рұқсат етуін өтінгенімде:
– Өтініш құпия болмаса, телефонда-ақ айта беріңіз, шырағым, – деді. Мен шаруамды айттым. Дегенімді мұқият тыңдап тұрған Ғабен, мен бәрін айтып бітісімен:
– Мен ондай өтініштеріңді қазір орындай алмаймын. Қауырт жұмыс үстінде отырмын. Содан қолым тимейді. Солай, қарағым, – деп жауапты келте қайырды.
Енді сөйлеспеген Сәбең ғана қалды.
Екі заңғардан осылай: «Жоқ. Жаза алмаймыз!» – деген жауап естіп: «Сәбең де әлгі кісілердей бас тартса не істедім?! Шаруам бітті, онда!» – деп дал болып отырғанымда кабинетке редакциямызға жақында ғана қызметке алынған Әли Мұсаханов деген ақын жігіт келіп кірді. Ол менің ұсқынсыз отырғанымды аңдады білем, жасы менен бір шама үлкен болса да, «бастықтығыма» орай үлкейтіп:
– Әбеке, өте абыржулысыз ғой!? ЦК-ға кетті, деп еді. Жайшылық па, әйтеуір?! – деп сұрады.
– ЦК жай шақыра ма, өзіне! Оңған шаруа жоқ! Бүгінгі нөмірдегі Болат Бодаубаевтың «Бөтен сөзі…» үшін сөгіс алып қайттым, бюродан! Бірақ, оны қойшы, ала беретін үйреншікті сөгіс қой!
– Тағы бірдеңесін жамады ма?
– Иә. Сол материалды басқаны үшін: «Бұл қате болды!» – деп, газет оқырманнан кешірім сұрасын! Сол үшін газет бетінде осы апта ішінде үш заңғар жазушыларымыздың бірінің «жауап материалын» шұғыл басуға міндеттеді. Жаңа телефонмен Мұқаң, Ғабеңмен сөйлестім. Екеуі де жауап жазбайтын болды. Мұхтар аға іссапармен шетелге жүрмек. Ғабең қауырт жұмыс үстінде отырған көрінеді. Қолым тимейді, деді. Сонымен, Сәбең ғана қалды, сөйлесілмеген. Ол кісі де «жауап» жазудан бас тартса, шаруаның біткені! Содан, басым да қатып, Сәбеңе телефон шалуға да батылым бармай, қорқып, дал боп отырмын.
– Онда, оған саспаңыз. Әбеке! Сәбеңнің олай етуіне мен көмектесейін! Мен де Қызылжарлықпын ғой! Сәбеңе ағайындығым да бар. Сондықтан оған, былай, іні ретінде еркелей берем. Бір өтінішімді жерге тастай қоймас, ол кісі.
– Опыр-ай, олай болса тәуір болар еді. Онда мен ол кісінің үйіне телефон шалайын да, сөйлесуді өзіңізге берейін.
– Жоқ, олай ете алмайсыз, Әбеке! Ол кісі қазір үйінде жоқ. Мәриям жеңгей екеуі таудағы саяжайында.
– Енді қайттық? Саяжайының телефонын білмейсіз бе, онда? Сонда телефон шалсақ?!
Олай да етпеңіз. Одан да тура өзіне барайық. «Бет көрсе, жүз ұялады!» деген. Өзі де ақкөңіл адам ғой, бетімізді қайыра қоймас. Сонсын, мұндай мәселемен Сәбеңмен ресми өзіңіздің сөйлескеніңіз жөн! Сіз газетке қол қойып отырсыз! Өтініш өзіңізден болу керек. Менің көмегім – арағайынгерлік, мықтап таныстыру болсын! Қосылып қолқа салармыз!
Сонымен, көктен тілегенім, жерден табылды да, Әли ақынның айтқан ақылын қуана-қуана қабылдап, оны қасыма ертіп алып, Сәбеңе тарттым.

* * *

Сәбеңнің саяжайы Қазақстан үкіметінің Медеу шатқалындағы сайранжай аймағының ішінде екен. Бір жарым қабатты ағаш үй. Әли екеуміз машинамен сағат он бірден аса бере дереу сонда жеттік. Мәриям шешей есік ашып, бізді жайдары қарсы алды.
Әли, шынында, оларға өз адамындай екен. Сәбеңнің бәйбішесі оны көргенде:
– «Волгалатып» жүрген кім десем, сен екенсің ғой, Әли! Төрлетіңдер! – деп, оған өзімсіне сөйледі. – Мына қонақ бала кім? Жоғары шық, шырағым! Залға қарай баста, Әли, жолдасыңды. Жай емес, шаруамен жүрген шығарсыңдар. Сондайда ғана кісі ертіп келетін едің ғой, сен қасыңа. Солай шығар-ақ, ә? Жазу столына жаңа ғана отырып еді. Сәбитті осында шақырайын. Залға кіре беріңдер!
– Мәке, бұл жігіт менің бастығым! Әбілфайыз Ыдырысов деген балаңыз! – деп, Әли мені Мәриям шешейге таныстырды. – Қане, Әбеке, былай қарай жүріңіз! – деп, шенімді де айтуға оқтала бастады ол. Әлиді мен: «Айтудың керегі жоқ!» – деп, ымдап, қолынан тарттым серігімнің.
Мәриям шешей:
– Сәбит! Қонақтар кеп қалды! – деп, дауыстады. Со сәтте мен:
– Қап, ыңғайсыздау болды-ау, ағайды жазуынан бөліп, – дей беріп ем, жазушының бәйбішесі:
– Оқа етпейді. Ол кісіні жұмысынан бөлетін бір сендер ғана деймісің?! Сәбит оған үйренген ғой! Әли, Әбілфайызды залға кіргізе бер, қонақпен-қонақ болмай! – деп, өзі келесі бір бөлменің есігін ашып, біздің келгенімізді отағасына тағы хабарлады.
Біз «зал» деген бөлмеге тақай бергенде, Мәриям шешей ашқан есіктен Сәбең де көрінді.
Менің Сәбеңді нақ осылай жақыннан бірінші рет көруім еді. Сондықтан оған жіті көз салдым, онымды білдірмеуге тырысып.
Ол – реңінде қорасан дағының білінер-білінбес теңбіл ізі бар, жоғарғы ерніне асты-үстін мықтап қырнаған ұзынша селдір сарғыш мұрт қойған, қысықтау қой көзді, ұшы келте қыр мұрынды, толық томпақ бетті, зор денелі, иықты ақсары кісі екен. Басында дөңгелек қара барқыт тақия. Үстінде шолақ жең, қысқа сұр пешпент-шалбар. Галустуксіз ақ көйлекті. Қонақ қабылдауға әзір отырған адамдай. Дауысы өзіміз талай жиында естіген, құлағымызға үйреншікті сол өз дауысы: қарлығыңқы, сәл қырылы бар, жіңішке. Сәбең сол «өз дауысымен» бізге сөйлей тақады:
– Қонақ дегенге түстікті жағалатып жүрген бұ кім десем, өзіміздің Әли сотқар ма?! Ә-ә, сен жалғыз емес екенсің ғой?! Сәлематпысыңдар? Бұл бала кім, Әли? – деді, жатырқамай да, жатсынбай да жайдары маған қараған, Сәбең:
– Қане, залға кіріңдер! Мәриям, жігіттерге қымыз әкел! – деді.
Әли жаңағы Мәриям шешейге айтқанын қайталады.
– Мен қызметке орналасқан «Лениншіл жас» газетінің жауапты хатшысы, Әбілфайыз Ыдырысов деген балаңыз! Қостанайлық, Аманкелділік туысқаныңыз, Сәбе!
Әли әлгіндей дегенде Сәбең маған қайыра «зерттей» қарады.
– Е-е, білдім, маған неге келгендеріңді! – деді, ол сәл кідірістен кейін, Әлиге арнай сөйлеген кейіппен. – Өзім де солай ойлап едім: Сәбитке «жауап жазыңыз», – деп қолқа салып келер-ақ, деп! Әй, жастық-ай! Сөйтер ме?! Жарайды! Алдымен, қымыз ішіңдер! Сонсын, өтініштеріңді айта беріңдер! «Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма!» – деген қазақ! Сол кеп шығар? Құлағым сендерде. Бодаубаев дегендерің кім?!
– Студент! – дедім, мен енді бәрін айтып жатудың қажеті болмай қалғандықтан. Мен айтпай-ақ, Сәбең бәрін өзі біліп отыр. Материалды да оқып шыққаны сезіліп тұр. Не өтінішпен келгенімізді де өзі айтты. Енді, күлтектемей, алыстан орағытпай, материалды тезірек жазып беруді қолқалау ғана қалды одан. Сондықтан, Әлиді араға салмай-ақ, соны өзім сұрайын дедім, енді.
– Сол мәніспен келіп отырмыз өзіңізге, Сәбит аға! Мақаланы бүгін бюрода сөз етті. Менің мәселемді қарап, ақырғы сөгіс берді, соған қатысты. «Шұғыл жауап материал жариялауды міндеттеді. Газет жіберген қатесін солай мойындасын!» – деп шешті, бюро!
– Сол материалды Мұқанов жазсын деді ме?
– Не Сізге, не Мұхтар ағаға, не Ғабит ағаға!
– Не?! Олар жазбайтын болды ма?! Әлде, өздерің солай ұйғарып, бірден маған келдіңдер ме?
Мен сасып, күмілжідім, не жауап берерімді білмей. Бұл тосқауылдан Сәбеңнің өзі құтқарды.
– Мұхтар шетке жүрейін деп жатыр деген. Ғабит келісе қоймаған шығар?! Солай ма?
– Нақ солай, Сәбит аға! Мұхтар аға іссапармен Жапонияға жүреді екен. Ғабит аға қауырт жұмыс үстінде көрінеді. Сондықтан…
– Сондықтан, жауапты қолы бос Сәбит Мұқанов жазуы керек қой? Солай ма?!
Менен тер шықты. Тығырыққа тірелдім. Содан болар сасқаннан: «Солай!» – деп жібере жаздап барып тілімді тістеп отырып қалдым, абырой болғанда. Әли аяғымды басты. Мұнысы: «Мен бірдеңе дейін бе?» – дегені. Мен де, сондықтан, оның аяғын басып: «Десең де!» – дегенді білдірдім. Содан Әли бірдеңе айтуға оқтала бастап еді:
Сен сөзге араласпай тұра тұр, Әли! – деп, оны Сәбеңнің өзі бөгеді. Сөйтіп, мені әлгі тығырықтан тағы Сәбеңнің өзі шығарды:
– Әбсаттар қайда еді? «Редактордың қызметін атқарушы» деп, Әбілфайыз, сен қол қойыпсың ғой, газетке? Нақ сондай нөмірге?!
– Ол кісі Қарағандыда іссапарда еді. Сонсын оның міндетін бюро маған жүктеген-ді. Сол себепті.
– Көрдің бе, Әбілфайыз! Неге тап болғаныңды?! Редактор болу оңай шаруа емес! Оған бәрінен бұрын саяси қырағылық керек! Одан ауытқысаң – орға жығылғаның! Ор тайыз болса жақсы! Ал, терең болса – біткенің! Сондай орға қаншама редакторлар құлап опат болды! Мәселен, сенің, өзіңнің «Лениншіл жасыңның» редакторы – Тәштитов қандай азамат еді! 37-нің құрығына ілікті, сол қырағылықты сақтамаудан. Мына, Әли жақсы біледі. Мен газет жұмысын бір кісідей білетін адаммын. Қызылжарда шыққан «Бостандық туынан» бастап, «Еңбекші қазақта» да қызмет еткен кісімін. Керек десең, бүгінгі «Қазақстан әйелдері» журналының басы – «Әйел теңдігі» журналын сонау 1925 жылы жалғыз өзім шығарғам. «Лениншіл жас» та менің бөтен көретін газетім емес! Сонау Ғанидың, Ерғалидың кезінен доспын, онымен. Саттар қызмет еткен уақыттан бері «Лениншіл жасты» үзбей жаздырып алып оқимын. Сол сүйікті газетімнің бүгін бетін ашып қалсам: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы…» деп айғайлап тұр: «Опырай, «ЛЖ» ұлы Абайдың бұл сөзін неге қолданды екен?!» – деп ойлап, мұқият оқымаймын ба, материалды. Сөйтсем, орыс тілін бөтенсініп, ертоқымдарыңды ат бауырына алыпсыңдар! Ойбай-ау, өйтуге бола ма, қарақтарым?! Сол атаң Абай: «Біл! Үйрен!» – деген тіл емес пе, ол?! Ендеше, оны жатырқау, қатенің-қатесі емес пе?!
Осы кезде сөзге Әли араласты:
– Сәбе, мақалада орыс тілін жатырқап отырған ешкім жоқ қой! Соны дұрыс қолданайық, орыс сөзін орынды қолданайық! – деп отырған жоқпыз ба, біз!
– Оларың рас! Бодаубаев жаза білетін бала көрінеді. Ол Ғабиден мен Темірғалидың шығармаларының кемшілігін әділ, дәлелді сынап отыр. Келтірген фактылары қолға ұстатқандай, бұлтартқысыз. Оның материалын басу орынды-ақ. «Лениншіл жастық» қасиет! Бірақ, әттең не керек?! Кінә Болаттың өзінен бе, редакторлық еткен сенен бе, Әбілфайыз?! Тамаша материалға тақырыпты лайықты қоймағансыңдар! Ұлы Абайдың кез келген жерде қолдана беруге болмайтын ғажап өлең жолын материалға тақырып етіп жапсырып, сау бастарыңа өздерің сақина тілеп алғансыңдар! Қырағылық жоқтықтың бір дәлелі осы! Тақырыпты дұрыс қоя білу де өнер, әрі қырағылық! Әсіресе, ондай қырағылық редакторға керек! Ал, Әбілфайыз, сен Бодаубаев екеуің: «Артық етем деп, тыртық еткенсіңдер!» Содан, бүкіл газет атына ұят келтіріп отырсыңдар. Бетінде басылып шыққансын-ақ: «Бөтен сөз…» деген газет сөзі болып шығады. Оған, сондықтан, алдымен газет жауап береді. ЦК-ның бюросында: «Жауап. «ЛЖ-ны» ақта деуі, алдымен, осыдан.
– Бұл айтқандарыңыздың бәрі дұрыс, Сәбит аға! Кемшілік менің қырағысыздығымнан! Студент Бодаубаевта жазық жоқ. Материалға ол қойған тақырып басқаша еді. Тереңірек ойламай, ұлы Абайдың өлең жолын сұлулығына қызығып, тақырып еткен мен едім, материалды оқырманға ойнақыландырып, тартымды етемін, деп.
– Олай болса, алған сөгісің заңды екен! Оған ренжіме. Бірақ, ол саған болашаққа сабақ болсын! Өйткені, сен бүгін редактор міндетін уақытша атқарасың, ертең сенің шын, нағыз редактордың өзі болмасыңа кім кепіл!? Міне, осыдан ой түй. Үйрен! Ал, бірақ, бұл жіберген қателіктеріңе бір сен ғана емес, Бодаубаев жолдастың өзі де кінәлі! Неге дейсің ғой?! Материалдың тұтас мәтінін-мазмұнын қарашы? Оның «Бөтен сөз» деп мысалға келтіріп отырғаны бірыңғай орыс сөздері! Сенің және қатең осында. Авторға соны ескертпегенсің! Шынында, біздің қазақ тілінде басқа халықтардан, айталық, парсыдан, арабтан, түріктен еніп, сіңіскен, өз сөзіміз боп кеткен «бөтен сөз» аз ба?! Мәселен, басқа емес-ау, өзіміздің «орамал» деген сөзімізді-ақ алайық. Ол парсыша: «ор – жүз» немесе, «бет», «маль» – «сүрту» деген екі сөздің қосылуынан құралған. Ол былайша айтсақ: «бет сүрткіш». «Немере» деген де «навара» деген «аталас» парсы сөзі. Мұндай бір парсылық сөздер ғана тілімізде мың-мыңдап саналады. Қазақ тілінде арабтан да, өзіміздік түріктен де сондай мың-мың сөздер бар! Ол сөздер Ғабиден мен Темірғалидың Бодаубаев сынға алып отырған туындыларында толып жүр. Болат «бөтен сөзді» іздесе, солардан да неге бірер мысал келтірмейді?! Ол материалында «Бөтен сөз» деп, тек орыс сөздерін ғана тізген! Сондықтан, Болат орыс сөздерін: «Бөтен сөз» деп, әдейі тізгендей! Орыс сөздерін, демек, орыс тілін де әдейі жатырқағандай болған да шыққан! Бодаубаевтың кінәсі, сонымен, оның «бөтен сөз» деп тек орыс сөздерін тізуінде. Оның материалынан туындайтын саяси мәннің өзі осында! Әбілфайыз, Болаттың материалындағы осы мәніске сен де мән бермегенсің! Бұл сенің саяси қырағылығың аздығының екінші дәлелі. Сөйтіп, сайып келгенде, «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы…» атты материалдың осы тақырыппен «Лениншіл жаста» жариялануына, Әбілфайыз, Бодаубаев екеуің қоса кінәлісің! Енді не істеу керек?
– Әңгіме осында болып отыр ғой, Сәбе!
– Білем оны, Әли! Әңгіме, әрине, менің сендердің қатеңді түзеп материал жазуымда! Бірақ, «не істеу керек?» – дегенде, мен оны білмей отырғаным жоқ. Ал, соны қалай жазуым керек? Әңгіме осында болып отыр. Маған: «Өйтіңдер де бүйтіңдер!» – деп сендерге ұрысу, сөгу, кінәләу оп-оңай! Онымен іс біте ме? Бітпейді! Алдымен газетті, сонсын, мына Әбілфайыз бен анау Бодаубаев шәкіртті ақтауым да керек! «Не істеу керек?» – дегенде мені осы жай толғантып отыр! Жаба-сіркеуіме болмайды, сендерді. Ол көпе-көріне сақалды басымен Мұқановтың да қатеге ұрынуы болады. Онда мәніс, тіпті, насырға шабады!
Осылай деп, Сәбең орнынан тұрып, әрлі-берлі жүрді. Мен іштей: «Бұл кісі де жауап жазудан бас тартпақ па, орағытып келіп!» – деп састым. Сәлден соң ол стол басындағы орнына отырды да:
– Әбілфайыз, Әбсаттар қашан келеді, іссапардан? Сен қанша уақыт газетке қол қоясың? – деп сұрады.
– Ол әзірге оралмайды. Мен кемі осы аптаның аяғына дейінгі нөмерлерге қол қоятын шығармын.
– Оны сұрап отырғаным: менің материалым «Бөтен сөзді…» жариялап, оған сен кінәлі болғандықтан, сенің редакторлығыңда жарық көруі керек қой, жөн бойынша да, заң бойынша да! Сонда оны қай нөмерде жарияламақшысың? Соны білейін дегенім де. Әдетте, газетке шығатын материал кемі үш күн бұрын әзірленуі керек емес пе?
– Сәбит аға, Сіз оны қалай қолымызға тигізсеңіз – сол бетте дереу жариялаймыз! Әрісі – 15 шілдедегі нөмірімізден қалмаса деймін!
– Онда, Әбілфайыз, былай болсын: сүйіп оқитын газетім – «Лениншіл жас» үшін, сендер, Бодаубаев екеуіңнің болашақтарыңа қиянат болмасы үшін Сәбит ағаларың тағы бір терін артық төгеді де! Менің де шұғыл жұмысым аз емес! Бірақ, сендерді арашаламасқа бола ма! Алдын ала айтып қояйын: газетке, саған тиіспеймін. Өйткені, осындай бір «төңкеріп» тастар бірдеңе баспаса «Лениншіл жас» бола ма?! Ал, сен болсаң, уақытша болса да қол қойып отырған соң газеттің беделін өсіруге тырыстың (ал, бұл біздің де бастан өткен). Бірақ, Болат шәкіртті, әке ретінде, біраз қамшы астына аламын. Әдетте, мықтап қорғаудың бір жолы – кінәліні мықтап тұрып шыпқырту, сынның астына алу! Сонда сыналған енді жабылам дегендердің аяушылығына да ие болады. Онда Болат та «жас ұлтшыл» деп тағылар атақтан да аман қалады! Сондықтан, ол бала менің сынымды – әкесінің еттен ғана өтетін шыбыртқысы деп білсін! Ал, «енесі тепкен құлынның еті де ауырмайтыны» белгілі! Міне, осылай! Материалды: «Бұл қай жатырқау?» деген тақырыпты етіп, машинкаға бастыртып, ертең түске дейін редакцияларыңа жеткізіп берем! Уәде осы! Осыған, осыларға келістік пе?! Ал, енді қымыз ішіңдер! Әли, сен барып біл. Мәкеңнің түстігі әзір болды ма екен? Біржола соны да ішіп кетіңдер! Әли соққан болмаса, Әбілфайыз, сен біздікіне көп келе бермессің! Ылғи ығай мен сығай әйдіктердің елінен, жерінен екенсің! Дәм де айдап келді ғой, сені мұнда!
Сөйтіп: «Қалай қабылдайды?!» «Не болады?!» «Жауап жазуға келісе ме, жоқ па?!» – деген сұрақтармен қобалжып келіп, қазақтың бір зәулім бәйтерек-заңғарының үйінен: кеңдікті, кемелдікті, кемеңгерлікті көріп, сыйлы қонағы болып, қымызын ішіп, етін жеп, масайрап, мерейіміз өсіп аттандық, редакциямызға ақын Әли Мұсаханов екеуміз!

* * *

Айтқандай, келесі, 10-шы шілде күні сағат 12-де Сәбеңнің «Бұл қай жатырқау?» атты машинкада басылған он бет «жауап материалы» қолымда болды. Автор бізге айтқан уағдасында тұрыпты. Дегеніндей, Болатты «шыбыртқылаған». Бірақ, «әкенің шыбыртқысы» – зілі жоқ. «Ұрысқан» болып, «сойып-сойып» келіп ең аяғында: «Ішкі ойыңыз олай болмауы мүмкін!» – деп сылап-сипайды. Анасының «құлынын тепкеніндей!».
Біз Сәбеңнің «Бұл қай жатырқауын?» газеттің 15 шілдедегі (1959 жыл) санында: «Лениншіл жас» газетінің редакциясы осы жылғы 9 шілдедегі санында ҚазГУ-дің студенті Б.Бодаубаевтың «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» деген мақаласын жариялап, елеулі қателік жіберді. Мұны Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бюросы атап көрсетті. Бүгін редакция өзінің қателігін түзету мақсатымен жазушы-академик С.Мұқановтың мақаласын жариялап отыр», – деп, редакциядан деген түсініктемемен жарияладық.
Бұл да Сәбеңнің: «P.S.»-індегі өзінің сөзі. Өзі өтінгендей, заңғар жазушының жазғанының сөзі түгіл, бір әрпін де өзгерткеніміз жоқ. Содан Қазақстан, қазақ халқы үшін Хрущевтің өкімі ерекше жүріп тұрған заманда Сәбеңнің кемеңгерлікпен «алдын орап», «қарғаша салуы» арқасында, «кіші ЦК-ның» да аузына құм құйылды. Болат Бодаубаев сол кезде Никита мен Исмайыл әкәнің табанын жалаған, Қазақстанның «Үлкен ЦК-сының» идеология жөніндегі «Сардарының» «Социалистік Қазақстан» газетінде (28 қазан, 1959 ж.) жарияланған «Интернационалдық тәрбиенің кейбір мәселелері» деген салақұлаш «ғажап теориялық» мақаласында бірер сөзбен еске алынғаны болмаса, «жас ұлтшыл» деген атаққа ие болған жоқ!
Сәбең «шықпыртқан» Болат Бодаубаев, сол заңғар жазушының «тепкені» шипа болып, кейін белгілі қаламгерге айналды. Ол қазір республикамызға танымал публицист-жазушы!

* * *

Заманымыздың заңғар жазушыларының бірі – біртуар Сәбит ағаның кеңдігінің, кемелдігінің, кемеңгерлігінің бір ғана мысалы нақ осындай! Ол сол сәттік ұлы қасиетінің өзімен ғана ұлттық айбынды бір халықтың мінбері – «Лениншіл жас» газеті абройын, оның жас қаламгерлерінің болашағын «мәмлегерлікпен» сақтап қалды. Бұл – біртуарлар болмысында ғана болатын асқаралы қасиет қой!

Алматы қаласы, 2000 жыл.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support