- Advertisement -

Қош бол, алатау, көргенше…

86

- Advertisement -

кеше кешкілік алматыда бүкіләлемдік қысқы универсиаданың жабылу салтанаты болды

Екі аптаға жуық Алматы төрін дүбірге бөлеген бүкіләлемдік дода – 28-ші қысқы Универсиада табысты түйінделді. ТМД елдері тарихында тұңғыш рет Қазақстанда жалауы желбіреген ақ аламанның жабылу салтанаты 13 мың көрерменді қабылдайтын «Алматы-Арена» спорттық кешенінде жоғары деңгейде өтті.
«Мың түрлі бояуға толы Алматы» әнімен әлемге танылған, мыңжылдық тарихы бар шаһардағы шараның жабылу салтанаты керемет шоу бағдарламаға ұласты. Еліміздің Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матыцин, 29-шы қысқы Универсиаданы қабылдайтын Ресейдің Красноярск қаласының мэрі Эдхам Акбулатовтың, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің ақ аламанның жабылу салтанатына қатысуы мерейімізді тасытты.
Ұлы Дала Елінде өткен ірі спорттық жарыстың жабылу салтанаты «Ұлы дала сарыны» музыкалық композициясымен басталып, жезтаңдай әнші Ардақ Балажанованың құйқылжыта ән салуымен, белгілі скрипкашы Жәмилә Серкебаеваның «Көңілашар» күйімен жалғасуы, «Ұлытау» этнографиялық рок тобының орындауындағы Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйімен әрленуі тамаша шықты. Сан түрлі жарықтар, шоу бағдарламалар, Ұлы Дала Елінің ұлы тарихы сахналанған қойылымдар жаңа технологиямен әспеттелгені, әдіптелгені де көңілімізді көкке көтерді. Спортшылар шеруі де ойдағыдай өткізілді. Барлық ел спортшыларының ортаға жиналып, ту ұстап тұруы – спорттың достық дәнекері бола алатынын кезекті мәрте еске салды. Тіпті, Канада спортшыларының «Рахмет, саған, Алматы!» деген ұран ұстап шыққаны көңілді толқытты. Соңынан Премьер- Министр Бақытжан Сағынтаев 2 аптаға жуық Алматы төрін дүбірге бөлеген байрақты бәсекенің жоғары деңгейде өткенін, бұл спорттық шараның өткізілуіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей шараның айтып, толайым табыстарға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте 2-орын алған ел спортшыларына алғыс білдіргені де жүректерді тебірентті. Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матыциннің өз сөзін: «Қайырлы кеш, Алматы» деп бастап, доданы жоғары деңгейде өткізуге мұрындық болған барлық азаматтарға алғыс айтқаны да марқайтты.
Соңынан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек келесі доданы өткізетін Ресей еліндегі Красноярск қаласының басшысы Эдхам Акбулатовқа FISU жалауын салтанатты жағдайда тапсырды. Өз кезегінде Красноярск мэрі 29-шы ақ аламанды жоғары деңгейде өткізетіндерін айта келіп, алматылықтарға шексіз алғысын білдірді. Красноярскіден келген делегат өнерпаздар эстафета қабылдаушы өңір ретінде өз өнерлерін ортаға салды.
Шара ақ аламан алауының сөндірілуімен аяқталды. Қимастық сезім бойды биледі. Қош бол, қысқы Универсиада! Рахмет, саған, Алматы, армысың Красноярскі!

Табиғат Абаилдаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support