Алмабаев алған асу

Алмабаев алған асу
ашық дереккөз
Алмабаев алған асу
Табысты әрі іскер кәсіпкер Дана Уайт жетекшілік ететін UFC (Ultimate Fighting Championship) аралас жекпе-жек өнеріндегі №1 ұйым. Қазіргі таңда мұнда ММА тарихында өз есімін алтын әріппен жазуға ниетті «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар өнер көрсетуде. Спорттық мансабын жеңіліссіз аяқтаған әйгілі дағыстандық Хабиб Нурмогамедовтың да бағын ашқан дәл осы ұйым еді. Мұсылман елдерінен шыққан тұңғыш чемпион Хабибтің жолын бүгінде командаласы Ислам Махачев сәтті жалғап келеді. Ал, қос мықтының ұстазы – даңқты жаттықтырушы, марқұм Абдуманап Нурмогамедов болатын. ММА-дағы ұлы жауынгер атағына бірден-бір үміткер Хабибтің әкесі әрі жаттықтырушысы Абдуманаптың көзіне түскен оғланның бірі – отандасымыз Шавкат Рахмонов. Көрші Өзбекстан мемлекетінің оңтүстігіндегі шалғай елді мекенде дүниеге келген ол 16 жасында отбасымен бірге кеншілер қаласы Қарағандыға көшіп келген. Ата жұртқа оралған намысты ұлдың атағы UFC ардагері, бразилиялық жауынгер Алекс Оливейраны жеңгеннен кейін ел ішіне кеңінен тарады. Содан бері, орта салмақта (77 килограмға дейін) өнер көрсететін саңлақ спорт журналистерінің көзіне түсіп, танымалдылығы арта түсті. Айта кетейік, қазақстандық файтер әлемдік спорт федерациялары үшін ең мықты спортшылардың тізіміне кіреді. Өйткені, ол 18 кәсіби жекпе- жегінің барлығын мерзімінен бұрын аяқтаған. Осылайша, ол бүгінде UFC-дің рейтингінде үздік спортшылар Камару Усман мен Белал Мухаммедтен кейін 3-ші орынға жайғасты. Спортшы өткен жылдың желтоқсан айында Лас-Вегаста өткен UFC 296 турнирі аясында америкалық Стивен Томпсонмен кездесіп, қарсыласын екінші раундта қылқындыру әдісі арқылы тізе бүктірді. – Қазіргі таңда UFC басшылығымен ешқандай келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ. Өз басым қыркүйек немесе қазан айында жекпе-жекке шығуға дайынмын. Жақын уақытта толыққанды жаттығуды бастаймын. Менің ойымша, келесі қарсыласым австралиялық Джек Делла Маддалена болуы мүмкін. Бұл тізімде ағылшын Майкл Пэйдж да бар. Жалпы, мен қарсылас таңдамаймын. Бастысы, ертерек титулдық жекпе-жекте өнер көрсету маңызды, – деген еді Шавкат Рахмонов YouTube желісіндегі «Вестник ММА» арнасына берген сұхбатында. Рас, әлемдегі ең белді промоушенде күш сынасып жүрген қазақтың ұлының алдында әзірге ешбір қарсыласы қайрат көрсете алған жоқ. Бәсеке басталған беттен тізгінді мықтап қолына алатын Шавкат қарсыластарына соққыларын дәл дарытып қана қоймай, төрттағанда да басымдығын байқатып келеді. Бір мезетте тактикасын дереу өзгертіп, «қылқындыру» тәсілін қолданатын оның «темір құрсауынан» әлі ешкім құтыла алмады. Көз ілеспес жылдамдықпен шабуылды үдете түсетін отандасымыз осылайша өзінің өрелі өнерімен барша қазақстандық жанкүйерлерді қуантуда. Бүгінде әлемдегі ең танымал лига саналатын UFC-де өнер көрсетіп, жетістіктерімен отандастарының қошеметіне бөленген Дамир Исмағұлов, Жалғас Жұмағұлов, Азат Мақсым, Сергей Морозов, Мария Агапова сынды саңлақтарымыз бар. Ал, олардың ішінде Шавхат Рахмоновтың шоқтығы биік болып тұр. Бүгінге дейін жеңілістің ащы дәмін татпаған шапшаң жігіт қазіргі уақытта аталған лига белбеуінің басты үміткерлерінің бірі саналады. Өткен жылдың наурызында Рахмонов кезекті рет жеңіске жеткеннен кейін AMC Fight Nights League президенті Камил Гаджиев оның UFC чемпионы болу мүмкіндігіне баға берген болатын. «Шавкат өте әдемі келе жатыр, әдемі көрінеді, жақсы сөйлейді. Жалпы, оның бойында чемпиондық белбеу үшін күреске қажеттінің бәрі бар. Бірақ, тағы да айтамын, мәселе ол сияқты мықтылардың тағы 3-4-еуі бар екендігінде. Олардың қайсысы мықты? Мен бұл Шавкат болады деп ойлаймын. Оны алдағы жылы білетін боламыз», – деген еді Гаджиев. Ал, дәл осы Шавкатпен бірге жаттығатын саңлақтың бірі – жаңатастық Асу Алмабаев. Естеріңізде болса, Асу құрдасы Шавкаттың америкалық Джефф Ниллға қарсы өткізген кездесуінде секунданты болған еді. Тартысты өткен айқастың нәтижесінде біздің жігіт қарсыласын тұншықтыру әдісі арқылы жеңген еді. Сарысу ауданының тумасы Асу Алмабаевтың UFC-дегі үшінші жекпе-жегі Қазақстан уақытымен 15 маусымнан 16-сына қараған түні өтпек. Оның бұл жолғы қарсыласы америкалық Хосе Джонсон. Жекпе- жек АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында UFC Fight Nights турнирі аясында өтеді деп жоспарланған. Америкалық ұйымдағы чемпионның белдігіне қатысты өз ойын айтқан жерлесіміз: «UFC-дегі чемпиондық белдік – басты мақсат. Қазір соған ұмтылудамын. Жолымды енді ғана бастадым. Біз сол мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Спортқа 6 жасымда келдім. Содан бері қолымнан келгеннің бәрін жасап келемін, шаршаған емеспін. Кеш келіп, бірден жаттығуға кірісіп кеттім. Себебі, осыдан ләззат аламын», – дегені бар. 2023 жылдың тамыз айында әйгілі промоушендегі алғашқы дебюттік жекпе-жегін өткізген жамбылдық жекпе-жек шебері кездесудің екінші раундында ямайкалық Од Осборнды айқын басымдықпен жеңді. Ал, биылғы жылдың наурыз айында АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами қаласында өткен UFC 299 турнирі аясында америкалық Си Джей Вергараны қапыда қалдырды. Әйгілі ұйымдағы тағы бір қазақстандық спортшы Азат Мақсұм сол шақта отандасы Асудың екінші жекпе-жегіне қатысты пікір білдіргені ел есінде. «Асудың греплингі өте жоғары деңгейде. Ол өзінің артықшылықтарын тиімді пайдалануы керек. Ол қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңеді немесе нокаутқа түсіреді», – деген еді Мақсым өз сұхбатында. Айтса айтқандай, үш раундқа созылған жекпе-жекте қазақстандық файтер төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Есеп: 30;27, 30;27, 30;27. Осылайша, Алмабаев кәсіби мансабындағы он тоғызыншы, ал UFC-дегі екінші жеңісіне ие болды. Ал, Си Джей Вергара бесінші рет жеңіліс тапты. Жалпы, Асу Алмабаев тәжірибелі спортшы. Спорттық мансабында 19 рет жеңіс тұғырына көтерілген ол ТМД елдерінде жақсы танымал «Alash Pride» жауынгерлік клубының түлегі. Алмабаев отандасымыз Қуат Хамитовтан кейін «Fight Nights» промоушенімен келісімшартқа қол жеткізген жауынгер. Ал, бірнеше жылдан соң UFC-де жарқын дебюттік кездесу өткізген жекпе-жек шебері турнирдегі үздік өнері үшін қосымша қомақты бонусты қанжығалады. Осылайша, «Зульфиқар» лақап атымен танылған жерлесіміз аралас жекпе-жек өнерін бекер таңдамағанын әрі болашағынан зор үміт күттіретін спортшы екенін көпке дәлелдеп үлгерді. Бұған дейін айтқанымыздай, Алмабаев Нашвиллдегі UFC турнирі аясында Оде Осборнды мерзімінен бұрын жеңген еді. Ол осынау жарқын жеңісінен соң: «UFC, мен жаңа жұлдызбын, мен осы дивизионның жаңа жұлдызымын – Зульфиқар! Алға, Қазақстан! Мен 2025 жылы чемпион боламын деп айттым ба? Егер солай айтқан болсам, солай болады деген сөз. Отбасыма, достарыма жалынды сәлем», – деген болатын. Ендеше, біз аралас жекпе- жек өнерінде жеңіл салмақта өнер көрсететін жерлесімізге сәттілік тілейміз. Бұйырса, келер жылы сенім артқан саңлағымыз октоганда атой салып, UFC-дің белбеуін елге әкеледі деген сенім мол.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар