«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үшінші редакторымның қолтаңбасы

Үшінші редакторымның қолтаңбасы
Ақәділ Рысмахан
«Бауырым Тұрсынхан Толқынбайұлы! Осы еңбегімді сыйлай отырып, сізге бақыт, шабыт тілеймін! М.Рысдәулет. 1999 жыл, 18 маусым».

Бұл сөздерді жатқан жері жұмақтан болғыр Мақұлбек Рысдәулет марқұм өзінің 1999 жылы Алматыдағы «әл- Фараби» баспасынан шыққан «Күміс белдік» атты деректі повестері мен әңгімесі енген кітабына жазып берген еді. Бұл шақта ол республиканың бас басылымы «Егемен Қазақстанның» Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болатын. Екеуміздің әріптестік шығармашылық байланысымыз 1991 жылдан оның «Халық кеңесі» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі болып келген кезінен бастау алды. Бұл тұста «Ақ жол» газетінің экономикалық бөлімінің меңгерушісімін, ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған проблемалық мақалаларды жиі жазып жүрген кезім. Облыста өтіп жататын алқалы жиындарға бірге қатысып жүрдік. Ара- тұра ауыл шаруашылығы тақырыбына бірлесіп жазғандарымызды жариялаған кездеріміз де болды. Солардың бірі «Халық кеңесі» газетінің 1992 жылғы 15 тамыздағы санында «Қазақстан Республикасының Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитетінің назарына» деген айдар қойылып «Тасөткелдің суына талас» деген атпен жарияланды.Мақала үлкен пікір туғызды. «Халық кеңесі» газетінің бетінде аумағында Тасөткел су қоймасы орналасқан Шу ауданының сол кездегі әкімі А.Карентаевтың, ҚР Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары А.Сариннің, газет оқырмандарының үн қосқан мақалалары жарияланды.

Тоқсаныншы жылдары ауыл шаруашылығындағы дағдарыс салдарынан ауылдағылардың қаржыдан тарығуы қорадағы малына қол салуына, қала базарларында ет саудасы қызуына әкеліп соққан еді. Осынау келеңсіздік туралы «Халық кеңе сі» газетінің 1994 жылдың 12 қазандағы санында екеуміздің атымыздан «Бүгін малын сатар, ертең ше?.. Ағайын, шамаң келсе малыңды сақта» деген тақырыппен жариялаған мақаламыз да үлкен пікір туғызды.

Шерағаңның – Шерхан Мұртазаның жерле сі ғана еме с, шекпенінен шыққан шәкірт журналистердің бірі – Мақұлбек Қайыпбекұлы 1997 жылдан «Егемен Қазақстанның» Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып істей бастағалы облыс жаңалықтарын, жақсы жетістіктерін, кемшіліктерді, проблемаларды жиі жариялап тұрды. «Аманкелді газ» кен орнының облыс экономикасына тигізер орасан зор пайдасын дәлелдеп жазған, оны игеруді Үкімет алдына мәселе етіп қойған мақаласы облыс халқының көңілінен шықты. Тиісті шешімдер қабылданып, газ кен орны да ашылды. Малды өңір халқының алғысы – Мақұлбек Рысдәулетке «Та лас ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Облыс тарапынан да аз құрмет көрсетілген жоқ. Айталық, 2004 жылы Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні Мақұлбек Рысдәулетке облыс әкімінің арнайы жүлдесі – «Парасат» сыйлығы берілді. Кейін «Құрмет» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталды.

Дәл осы 2004 жылдың қазан айында «Ақ жол» газетінің бас редакторы Әлдихан Қалдыбаев ағамыз өз өтінішімен зейнеткерлікке шықты. Арада бір ай уақыт өткенде заң талаптарына сай конкурстық іріктеуден өткен соң, облыстың сол кездегі әкімі Бөрібай Жексембиннің шешімімен Мақұлбек Рысдәулет бас редактор болып, жаңа қызметіне кірісті.

Шығармашылық ұжымымызға қаламы жүйрік, республикаға танылған журналист тағайындалғанына шын қуанғандардың бірі болдым. Кешегі әріптесім, енді тікелей бастығым еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстаннан» Жайық Бектұров, Ғайса Сармурзиндерден кейін келген үшінші бас редактор еді. Және «Ақ жолды» әрқайсысы екі реттен басқарған Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев ағаларымнан кейінгі менің үшінші редакторым болатын.

Талапшыл да тынымсыз, ізденімпаз жаңа бас редактор іске кіріскен соң газетіміздің бағыт-бағдарына көптеген өзгерістер енгізілді, жаңа айдарлар ашылды, тақырыптық беттер беру жолға қойылды. Редакция қызметкерлері жас буынмен толықты. Олар тың тыныс әкеліп, облыс экономикасы мен әлеуметтік саласының өзекті мәселелерін кеңінен қозғаған жарияланымдар жиі беріле бастады. Айына бір рет он екі бет болып, қызықты, тартымды болып шығатын «Атпал-«Ақ жолда» небір тартымды мақалалар, бұрын айтыла бермейтін, тың деректер жарияланып отырды. Сол мақалалардың бәрі 2005-2009 жылдары республикалық «Қазақпарат» баспасынан «Атпал-«Ақ жол» деген атпен шығып тұрған кітаптар арқылы оқырмандардың игілігіне айналды.

Жақсы өзгерістер елеусіз қалған жоқ. Республиканың бас басылымы «Егемен Қазақстан» газеті өзінің 2006 жылғы 31 қаңтардағы санында «Егеменге» еліктеген басылым» деген шағын шолу жариялап, осы газеттің бұрынғы меншікті тілшісі Мақұлбек Рысдәулеттің «Ақ жол» газетіне редактор болғалы басылымның ажары ашылып, мазмұны байығаны, таралымы өскені айтылды.

Редакцияның өз ішінде біраз ауыс- түйіс жүргізілген кезде жауапты хатшы, кейін редактордың орынбасары болып тағайындалдым. Бұл сенімін қалай ақтағаным жайлы, өзі жазған «Тарихтан алтын арқау тартқан» атты шағын мақалада мынадай жолдар бар: «...Тұрсынхан өмірдің ащысын да тұщысын да көрген, талай оқиғаны басынан өткізген, өңірдің марқасқаларымен сұхбатт асқан азамат. Бірақ қандай кезең болса да ол өзінің біліктілігімен тек еңбек қана мақсатқа жеткізетінін дәлелдеген журналист. Оған тапсырылған іс сапалы орындалатынына әрқашан да әріптестері сенімді болатын. Журналист үшін ең қажет қасиет жауапкершілік және адалдық. Сондықтан да мен 2004 жылы «Ақ жол» газетіне бас редактор болып тағайындалған күннен қарапайым да зерек, білетіні, үйрететіні көп азаматты жақын тартып, қызмет сатыларына денсаулығына қарамастан өсірдім. Ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен, әрі сапалы орындады. «Ақ жол» газетінің 85 жылдығы тойланар қарсаңында оған басылымның шежіресін жасау тапсырылды. Бұл тақырыпқа алғаш қалам тартқан ақжолдық болғанына қарамастан, осы міндетті ол сәтті орындап шықты. Мемлекеттік мұрағатты талмай ақтарып, бұрын айтыла бермейтін, көпшілікке жеткізілмеген деректер мен дәйектерді екшеп, зерделеп, солардың құндысын ғана оқырманға ұсына білді. «Қазақпарат» баспасынан 2007 жылы «Шежірелі жылдар» деген атпен шыққан ол кітап «Ақ жолдың» тарихын айғақтауда өлкетанушылар мен газет оқырмандарының, тарихшылар мен ғалымдардың дерек көзіне айналатыны сөзсіз».

Мойныма жүктелген жауапкершілікті айқын сезінген, ерекше есте қалған мезеттер аз болған жоқ. Бірі есіме оралып отыр. 2008 жылдың тамыз айында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасынан бас редакторымыздың атына қатынас қағаз келді. Онда «Бауыржан» қайырымдылық қорының бастамасымен республика көлемінде жыл сайынғы Қоғамдық Ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығына байқау ұйымдастырылуда екені, осы әлеуметтік маңызы бар байқауға «Ақпараттық қолдаушы» аталымы бойынша ұсыныстарды 2008 жылдың 15 қыркүйегіне дейін жазбаша және электронды тасымалдау құралы арқылы өздеріне жіберу сұралатыны айтылыпты.Он екі парақтан тұратын қосымшасында «Алтын жүрек» сыйлығы туралы ереже, қатысушыларға қойылатын шарттар, өтініштерді тапсыру реті жан-жақты жазылған, қажетті құжаттар тізімі берілген. Уақыт өте тығыз еді. Қатынас қағазға қойылған бас редактордың бұрыштамасында леп белгісі көптігінен де осы жай, анық аңғарылатын: «Тұрсынхан! Қатаң түрде бақылауға ал! Жоспар жаса! Орындалуы туралы апта сайын бір рет хабарлап тұр! Мақалалар берілсін! Берілгені жинақталсын! «Қолы ашықтың жолы ашық» айдары жиі берілсін. М.Рысдәулет (қолы)».

Редакцияның шығармашылық ұжымы жасалған жоспарды іске асыруға бір кісідей жұмылды. Нәтижесінде байқауға қатысуға қажет мақалаларды айтылған мерзімде Алматыға, «Бауыржан» қайырымдылық қорының мекенжайына жібердік.

Сіңірген еңбегіміз де, күткен үмітіміз де ақталды. 29 қазанда газетіміздің бірінші бетіне «Ақжолтай хабар» айдарымен «Ақ жол» ұлттық қоғамдық «Алтын жүрек сыйлығын алды» деген хабар жариялап, қуанышымызды оқырмандармен бөлістік. Айт а кетерлік жайт, 2007 жылы дүниеге келген «Алтын жүрек» сыйлығы қайырымдылық саласы бойынша Орталық Азиядағы жалғыз сыйлық еді....

Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Оған бас редакторымыз Мақұлбек Рысдәулет қатысып, салтанатты жағдайда тапсырылған «Алтын жүрек» сыйлығы мен арнайы Дипломды алып қайтты.

2008 жылы Мақұлбек Рысдәулеттің бастамашылығымен газетімізде облыстың құрылғанына 70 жыл толуы қарсаңында «Туған жер: Тарих, табиғат, тұлға, тұрмыс» жобасы аясында тарихи-танымдық мақалалар топтамаларын жариялау қолға алынды. Конкурс жарияланды. Оның қорытындысын шығаратын қазылар алқасының құрамында ол кез Тараз мемлекеттік (қазірде өңірлік) университетінің профессоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы (төраға), саясаттанушы, жазушы Әлмұхан Исақ, облыс әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі Қырғызәлі Тілеуов, облыс әкімінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаменті директорының орынбасары Сағатбек Барлыбаев, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Мақұлбек Рысдәулет болды.

«Ақ жолдың» шығармашылық ұжымы жаңа жобаны жүзеге асыруда аянып қалған жоқ. Редакция журналистері арасынан шағын топтар құрылып өздері қалаған аудандарын бөліп алды. Облыс аудандарындағы және Тараз қаласындағы тарихи орындар, табиғаты әсем жерлер, тарихи тұлғалар туралы дайындалған арнаулы беттер кестеге сай беріліп отырылды.

Жоба өз мақсатына жетті. Әулиеата өңірінің халқы облыстың құрылғанына 70 жыл толуын мерекеленген 2009 жылы «Ақ жол» газетінің шығармашылық ұжымы бас редактор Мақұлбек Рысдәулеттің басшылығымен және редакторлығымен әсем безендірілген және облыстың аудандары мен қалаларының тарихы, көрнекті тұлғалары, шаруашылығы, табиғаты түгел қамтылған «Шуақты өлке» кітабын тарту етті. Кітапқа өзім туып-өскен Байзақ ауданы туралы тарауды ол кез арамызда аман сау жүрген мектептес досым, көрнекті тарихшы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі, тарих ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ- дың профессоры Талас Омарбеков марқұм екеуміз бірлесіп жазып берген едік.

Тәуелсіз еліміздің, өркендеген облысымыздың өміріндегі елеулі оқиғаларға арнап кітап шығару сияқты игі істі Мақұлбек Қайыпбекұлы облыстық мұрағаттың директоры болып қызмет ауыстырған соң да одан әрі жалғастырды.Айталық, бір ғана 2011 жылы «Ерлік ұмытылмайды» («Сенім баспасы, Тараз), «Тәуелсіздік – туымыз» («Кітап» ЖШС, Шымкент) және «Тарих тамырлары» («Тоғанай-Т» баспасы, Алматы) кітаптарының авторы әрі редакторы болды.

Мемлекеттік мұрағатты басқарған жылдары Мақұлбек Қайыпбекұлы шығарған кітаптарды түгел айтар болсақ, үлкен тізім шығар еді. Қай- қайсысы да шаң басып, зерттеушіні күтіп жатқан деректерді ғылыми айналымға қосқандығымен құнды.

Алматыдағы «Дала» баспасынан 2012 жылы «Мәңгілік ерлік» (Жамбыл облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында: деректер мен дәйектер) кітабы шыққанда Мақұлбек Рысдәулетұлы атсалысқаныма, Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев туралы мақалам енгеніне алғысын айтып, қолтаңбасын жазып сыйлады. Кітаптың деректер мен құжаттарды сөйлетіп, ерлік шежіресінен сыр шертетіні тарауларына қойылған тақырыптарынан-ақ көрініп тұратын: «Ежелден ер деген атымыз шықты ғой!», «Бәрі майданға... Бәрі Жеңіс үшін», «Хаттар сыр шертеді», «Елдік естен кетпеген», «Жамбылда әскери құрамалар жасақталды», «Жауынгерлер Талас пен Шу жағасында емделді», «Баршаның баласын бауырға басқанбыз», «Деректер мен дәйектер», «Тыл еңбеккерлеріне жауынгерлік награда». Пайдаланылған дереккөздері жайлы берілген мағлұматтан айқын көрініп тұрғандай, кітап авторы Жамбыл облысының ғана емес, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік, сондай-ақ Алматы облысының мемлекеттік мұрағатындағы деректер мен құжаттарды да пайдаланып, үлкен жұмыс атқарған.

Ізденіс ізсіз кетпейді, өз жемісін береді. Кітапта тарих әуесқойларын бейжай қалдырмайтын жаңалық, бұрын айтылмаған, ел оқымаған, білмеген тың деректер ұшырасады. Өлке тарихының кейбір «ақтаңдақ» тұстарына қатысты шындық та ашылған.

Әсіресе, көрнекті әскери қайраткер, қолбасшы, ұлтымыздың мақтан тұтар ұлдарының бірі – Бауыржан Момышұлы бастаған өлкемізден шыққан Кеңес Одағының Батырларына арналған тарауының бұрын беймәлім болып келген деректерді алға тарту арқылы оқырмандарға сыйлар әсері аз болмасы анық. Мысалы, «Қазақстан тарихы» энциклопедиялық анықтамалығында («Аруна» баспасы, Алматы, 2010 ж) соғыстағы ерліктері үшін 499 қазақстандық (94-і қазақ) Кеңес Одағы Батыры атағын алғаны көрсетілген. Осы ең жоғары жауынгерлік мемлекеттік марапатқа ие болғандардың 16-сы жерлестеріміз екендігін мақтаныш етіп келдік. Ал, жаңа кітапта мұрағат деректеріндегі бұлтартпас деректерге сүйене отырып олардың саны сегіз жауынгермен толығып, жиырма төртке жеткен. Әрі бұрыннан есімдері таныс батырлар ғана емес, жаңадан қосылғандардың өмірбаяндарына қатысты тың деректер, қызықты құжаттар келтіріледі. Тіпті, 1968 жылы шыққан «Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары» кітабына енбей қалған жамбылдықтарды тауып, елге таныстырған. Олардың «адасып» кету тарихы да ашық жазылған.Мысалы, Кеңес Одағының Батыры Степан Сущевті көрші қырғыздар өздеріне теліп, батырларының сапына қосып алған болып шықты. Бұған ертеде Қордай ауылының Бішкек уезіне қарағаны сылтау-себеп болған.

«Ерлік өнегелері тарихты нұрландырады», – деп жазған атақты жазушы В.Гюго. Осының растығының айғағындай, Кеңес Одағының Батыры атағы Бауыржан Момышұлына өмірден өткен соң берілсе, бейбіт дәуірде Жамбыл облысынан үш бірдей Халық қаһарманы шықты. Кітапта солар – желтоқсан көтерілісінің құрбаны Қайрат Рысқұлбеков пен әскери қайраткер, генерал-лейтенант, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев және күні кеше ерлігімен есте қалған полиция капитаны Ғазиз Байтасов туралы да кеңінен жазылған. Бұлардың соңғысы туралы айта келіп, Мақұлбек Рысдәулет Ақәділ Суханбаевтың ерлігін 70 жылдан соң қайталады деген пікір айтады. Құптарлық. Өйткені, қос батыр да жерлес, екеуі де осы Байзақ ауданындағы әйгілі Түймекент орта мектебінде оқыған. Білім ошағында жүргенде бала Ғазиз ұстаздары сан рет мақтанышпен, үлгі етіп әңгімелеген Ақәділ Суханбаевтың ерлік өнегесін көкірегіне түйіп алған болар, бәлкім. Батырлардың алғашқысы Польша жерінде сын сәт туғанда мыңдаған жауынгерлердің көз алдында от жүрегін жаңбырдай жауып тұрған оққа тосса, екіншісі қаланың қақ ортасында есірген лаңкестің жолын бөгеп, жарылғышты өз денесімен жауып жүздеген адамның өмірін сақтап қалды.

«Мәңгілік ерлік» кітабына көбірек тоқталғанымның тағы бір себебі – Тәуелсіздік алғалы жеке адамдар, майдангерлер тура лы кіт апт ар жыл сайын шыққанымен, соғыс тарихына арналған энциклопедиялық анықтамалық сипатындағы мұндай еңбек облыста тұңғыш рет баспадан шығып отыр. Осы туралы «Жамбыл- Тараз» газетінде (2012 жылдың 7 қарашасындағы саны) жариялаған «Мәңгілік ерлік – тың тарих» деген мақаламызда айта келіп: «Жазушының жаңа кітабы тарихымыздың қасіретті кезеңінің шындығын білуге, жастарға патриоттық тәрбие беруге көмектесетін, ғылыми-танымдық мәні бар еңбек деп бағалауға лайық» деп түйіндеген едік.

Мұрағатшы Мақұлбек Қайыпбекұлы облыста шығатын мерзімдік басылымдарда, республикалық «Егемен Қазақстан», «Түркістан», «Айқын» газеттерінде, «Ақиқат» журналында жазғандарын жиі жариялап тұрды. Олардың «1916 жылдың ақиқаттары», «Қоңыр ауылдарды күйреткен кәмпеске көп ұзамай ұлы аштыққа ұрғызған еді», «Тараз қазақ тарихының таразысы, бірақ оны зерттеу көңіл көншітпейді» деген тақырыптары-ақ халқымыз басынан кешірген небір қиын-қыстау күрделі жағдайларға қатысты әңгіме қозғағанын аңдататын.

Облысымызды Асқар Мырзахметов басқарған кезде «Тараз мұралары» атты көптомдықты шығару қолға алынғаны белгілі. Жамбыл облысының 80 жылдығына осы көптомдықтың 80 томы шығарылды. Бұл іске Мақұлбек Қайыпбекұлының өлшеусіз зор үлес қосып кеткені айтылып та, жазылып та келеді. Өзі хабарласып, шақыруымен кітапты шығаруға атсалысқан журналистердің бірі болдым, қосқан үлесім туралы кітаптардың тұсаукесерлерінде айтылды, облыстық басылымдарда жазылды.

Бүгінде Мақұлбек Қайыпбекұлы бастап берген іс жалғасын тауып «Тараз мұралары» сериясымен шыққан томдар кітапханалар қорын толықтырып, оқырмандар игілігіне қызмет етіп келеді.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың «Тарих өткенге емес, бүгінге және болашаққа қызмет етеді» деген қанатты сөзі бар. Мақұлбек Қайыпбекұлының мұрағат құжаттары негізінде өлке тарихын жаңаша пайымдап жазып қалдырған кітаптары осындай бағаға лайық деп білемін.

 

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның

Құрметті журналисі.

Тараз қаласы

Суреттерде: М.Рысдәулет; «Күміс белдік» кітабына жазған қолтаңбасы.

Ұқсас жаңалықтар