- Advertisement -

«Телеарнамызды Тауық жылында тағы да түрлендіре түсеміз»

157

- Advertisement -

Зарина ҚУАТТЕГІ,
«77 TV» коммерциялық телеарнасының директор-бас редакторы:

Өткен мешін жылы еліміздің барлық аймақтары секілді облысымыз үшін де мерекелі де берекелі жыл ретінде есте қалғаны сөзсіз. Мерейімізді тасытқан жақсы жаңалықтарға да толы болды. Солардың бірі – облыстық «77 TV» коммерциялық телеарнасының өңір халқына өз бағдарламаларын ұсынуы десек, қателеспейміз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы
қарсаңында ашылған телеарнаның тауық жылындағы
жобалары да ауқымды. бізге Бұл туралы ұжым басшысы, «77 TV» коммерциялық телеарнасының
директор-бас редакторы Зарина Қуаттегі әңгімелеп берген.

img_5108 img_5094– «77 TV» коммерциялық арнасының көрерменге жол тартқанына 6 ай болды. Бұл аз ғана мерзім болса да, қадамын енді ғана басқан арна үшін қиындық пен қызыққа толы шығар…
– Ең бастысы – нәтиже бар, еңбегіміз еленіп, көрермендер тарапынан жақсы пікірді жиі естіп жатырмыз. Облысымызда екінші телеарнаның ашылуы ең алдымен бұл – уақыт талабы болды. Еліміз Тәуелсіздік алған 25 жылда толағай табыстарға жетсе, оның ішінде рухани дамуымыздың да өз орны бар. Киелі өлкемізде қаншама игі істер атқарылып, жамбылдықтар көптеген жетістіктерге жетуде. Міне, осындай жағымды жаңалықтың жаршысы болып, халық көкейінде жүрген мәселелерді дөп басып айтатын тағы бір ақпарат құралы пайда болса, артық па?! Әу баста-ақ телеарнаның түпкі мақсаты – өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалынан алуан ақпарат таратып, көне шаһардың рухани құндылығын одан әрі дәріптеу болатын. Осы жолда жұмысымызды күннен-күнге жандандырып жатырмыз. Біздің түпкі идеямыз – туған жеріміз Жамбыл облысының тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістігін, әлі де атқарыла берер игі істерімен бұқараны хабардар етіп отыру. Алайда, халық талап-тілегі мен өзекті мәселеге бейжай қарап отыруға тағы болмайды. Облыста тағы бір телеарна ашып, 50-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған «77 TV» коммерциялық телеарнасының құрылтайшысы Қарлығаш Әмірқызы Аралбекованың бұл ісін нағыз отансүйгіштік, туған жеріне деген ыстық ықыластың белгісі деп бағалаған жөн.
– Кез-келген жаңалықтан жақсылық күтетін халықпыз. Сіздердің арналарыңыздың ашылғанын естіген көпшілік телеарнаны көруге қалай қол жеткізу керектігін білмейді. Оларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Рас айтасыз. Телеарнаның ашылғанынан бүгінде тек облыс емес, еліміздің түкпір-түкпірі хабардар. Өзге аймақтарда жүрген жамбылдықтар қуаныштарын жеткізіп, сәттілік тілеп хабарласып жатыр. Алайда, жергілікті көрерменнің өзі кейде бізге қалай қосылуға болатындығын білмей жатады. Негізі біздің арна «Отау-ТВ» сандық телевизиясы арқылы таратылады. Халық арасында «үй ішіне орнататын приставка» деп аталып кеткен жерсеріктік (тарелка) «Отау-ТВ» негізінен дыбыс жетпейтін ауыл-аймаққа арналған екен. Ал қала маңы мен қалада тұратындар сандық «Отау ТВ» арқылы да қазақстандық барлық телеарналарды, соның ішінде «77 TV» арнасын да көре алады. Бағасы да қолжетімді. Небәрі 5000 теңге. Болашақта осындай хабар тарату жүйесі өшіп, барлық арналар сандық жүйеге көшетіндігін ескерсек, біздің арна да қолжетімді болатындығы анық. Бұған қоса, «DIGITAL TV», «ALMA TV» телеарнасы арқылы жамбылдықтарға көрсетілсе, «ID TV» кабельді телевизиясынан еліміздің барлық облыстарына хабар таратады. Өзге аймақтағы жерлестеріміз осы «ID TV» арқылы біздің арнаны тамашалауда.
– Қай саланы басымырақ насихаттауға жете көңіл бөлесіздер?
– «77 TV» – ақпараттық-қоғамдық телеарна. Ең алдымен облыс жаңалығын дер кезінде жұртшылыққа жеткізуді көздейміз. Елбасы жүргізіп отырған сындарлы саясаттың жүзеге асуын көрсетуіміз керек. Сан салада атқарылып жатқан игі істерді көрерменге жеткіземіз. Ал басым бағытқа келер болсақ, ол – кәсіпкерлік пен туризм саласын насихаттау. Егемендік алған тұста азаматтардың жеке іспен айналысуы жаңалық болса, бүгінде мемлекет мәрттігінің арқасында әрбір екінші қазақстандыққа мүмкіндік беріліп отыр. Ондай азаматтар тек үлкен қалаларда ғана тұрып жатқан жоқ, жалпы, ел дамуына үлес қосып жүрген бизнесмендер бізде де баршылық. Міне, солардың табыс кілтін айтып, көрсету арқылы – өзгелерді ынталандыру.
– Мешін жылында қандай мақсаттарыңыз орындалды? Тауық жылында көрермендерге қандай жаңа жобалар ұсынылмақ?
– Жоғарыда айтқанымыздай кәсіпкерлік пен туризмді насихаттау – басты бағытымыз болса, бүгінде осы мақсатта «Бизнес уақыты», «Жібек жолы жауһарлары» хабарлары жарыққа шығуда. «Бизнес уақыты» бағдарламасында бүгінге дейін ел мақтаған, өзін ісімен дәлелдеген азаматтар қонақта болып, табысқа жету жолымен бөлісіп келеді. Бұл жоба әлі де жалғасын табуда. «Жібек жолы жауһарлары» – аты айтып тұрғандай, облыс көлеміндегі тарихи-мәдени ескерткіштер туралы жан-жақты көрсетіп, Таразды қойнауына талай сырды жасырып жатқан, дүйім жұртқа мақтанып көрсетуге тұрарлықтай тарихи қала екендігін насихаттау. Айта кетерлігі, телеарна өткен жылы 18 сәуірде бірден сегіз жобамен эфирге шықты. Олар: «77 NEWS» ақпараттық бағдарламасы, «Журналист жалғауы» сараптамалық-қоғамдық, «Дәмді.кз» отандық өнімдерді пайдалана отырып іскер әйелдердің көмегімен ас мәзірін үйрету, «Күндерек» оқиғалар күнтізбесі, «Құтты болсын» ән-сазды құттықтау хабары, «ТоpLine» ғаламтор желісіндегі қызықты көріністермен бөлісетін хабарлар жүзеге асты. Осылайша дүниеге келген телеарна әр ай сайын нәрестедей өсіп, тәй-тәй басты деуге болады. Біз бірден өз алдымызға ай сайын кем дегенде бір жобадан қосып отырамыз деген мақсат қойдық. Бүгінде сол жоспарды іске асырумен қаз-қаз тұрдық деуге болады. Мәселен, әр ай сайын «Жамбылда жасалған», «СпортTIME», «Әлеуметтік сауалнама», «Атадан қалған асыл сөз», «No comment», «Қылмыстық іс», «Ақындар жырлайды» атты жобалар жарық көрді. Әсіресе, «Әлеуметтік сауалнама» жобасы қарапайым болғанымен айтар ойы ауқымды. Күнделікті күйбең тірлікпен мән бере бермейтін сауалдар қойылып, тараздықтар өз ойын ашық білдіреді. Бұл дегеніміз – бұқарамен тек арнайы жиындар немесе ресми кездесулерде, шағымданғанда ғана емес, күнделікті көше бойында да тілдесіп, ойын білу деген сөз. Демек, ешқандай жасандылық жоқ. Осы жоба халық арасында қызығушылық тудырды. Ал басқа хабарлар атына заты сай. Өзіңіз көріп отырғандай бір ғана бағытпен немесе саламен шектелу жоқ. Әрине, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ашылған телеарна ретінде, біздің арна да тәуелсіздіктің бір жемісі болған соң мерейлі тойды барынша насихаттадық деп ойлаймын. Күнделікті жаңалықтардан бөлек, «25 жылда жаңарған Жамбыл», «Татулық – Тәуелсіздік Тұмары», «Тәуелсіздікке арнау», «Тәуелсіздік жетістігі – жамбылдықтар көзімен» атты жобалар қолға алынды. «25 жылда жаңарған Жамбыл» тележурналында 10 аудан мен Тараз қаласы, облыстың ширек ғасырда жеткен жетістігі жан-жақты айтылып, құрылтайшымыз Қарлығаш Аралбекованың қатысуымен аудан әкімдерінен эксклюзивті сұхбаттар алынды. Әр аудан жеке-жеке 25 минуттық хабар ретінде көрерменге жол тартты. Бұл жоба қызу талқыға түсіп, алғысын білдіріп жатқан көрермендеріміз көп болды.
– Телеарнаның атауы «77» деп жазылғанымен оқылуы «Жеті-жеті» екен. Неге бұлай деп таңдадыңыздар? Оқылуына байланысты екі санның ортасына қандай да бір белгі қоюға да болатын еді ғой.
– Қазақта емес, жалпы барлық халықта 7 саны қасиетті болып саналады. Сондықтан, ғұмыры ұзақ болсын, халықтың арнасына айналсын деген мақсатта «Жеті-жеті» деп аталған. Егер, логотипке анық қарасаңыз, бір жеті үлкенірек, екіншісі кішірек болып көрінеді. Сосын бір естігеннен-ақ, жеті-жеті екендігін жаттап алу қиын емес.
– Отандық телеарналарда импорттық өнімдердің салмағы едәуір. «77» бұл жүйемен қалай күресе алуда?
– Біздің арналарда сериалдар мен көркем фильмдер ғана шет елдікі, ал, қалғаны өз өнімдеріміз. Немесе «Қазақстанда шығарылған». Енді биылғы жылы телеарнаның Әнұраны жарыққа шығып, «Телеарнадан тосын сый» сияқты өзге де жобалар жүзеге аспақ. Бұйыртса «Қалай қарайсың?» хабары мен реалити шоу, балалар бағдарламасын эфирге шығаруға қызу дайындық жүруде. Реалити шоудың қандай бағытта, нені көздейтіні, әзірге, құпия. Міне, осылайша қанат қаққан телеарна сәт санап, қажырлы еңбек пен талмас қанат, жастардың жігерінің арқасында жандануда.
Әрине, жоспар көп. Бірақ, дана қазақ: «Арық сөйлеп, семіз шық» демей ме?! Біз қашанда халықпен санасамыз, халық сұранысы неде – көгілдір экранда сол дүние жарыққа шығады. «77 TV» арнасы қосулы болсын, құрметті телекөрермен.
– Рахмет.

Әңгімелескен
Жанғазы Ахмет,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support