- Advertisement -

Шүменов Дортикосты жеңе ала ма?

75

- Advertisement -

Қазақ боксшылары арасынан кәсіпқой бокста тұңғыш рет екі салмақта әлем чемпионы атанған Бейбіт Шүменов WBA тұжырымы бойынша тұрақты чемпион атағын кубалық саңлақ Юниер Дортикосқа қарсы өткізеді. Дортикос аталмыш тұжырым бойынша әлемнің уақытша чемпионы саналады. Естеріңізде болса, өткен жылдың қараша айында бұл жекпе-жек промоутерлік сатылымға шығып, Дортикостың абыройын қорғап жүрген «Caribbean Promotions» компаниясы кездесуді өткізу құқығын жеңіп алған болатын.
Енді қос боксшы бірінші ауыр салмақта кім мықтыны анықтау мақсатында ақпан айында Хьюстон немесе Майамиде шаршы алаңға шығады. Кездесу шамамен төртінші немесе он бірінші ақпанға жоспарланған. Негізі қазақстандық боксшы WBA (super) белбеуінің иегері ресейлік Денис Лебедевпен жұдырықтасуы тиіс еді. Алайда ресейлік былғары қолғап шебері отандасы Мурат Гассиевпен шаршы алаңға шықты. Ол кездесуде IBF белбеуінен айырылған Лебедев жеңіліске ұшырағанына қарамастан, бүгінгі таңда WBA (super) белбеуін сақтап қалды. Осыған қатысты Шүменов пен Дортикостың командасы бүкіләлемдік бокс ұйымына Лебедевті белбеуінен айыру туралы шағым түсірді. Алайда шағымға қатысты әзірге ешқандай мәлімдеме жасалған жоқ.
Ақпанда өтетін шайқасқа қатысты мамандардың пікірі екіге жарылды. Кейбір білгірлер: «Дортикос Шүменовті техникалық нокаутпен ұтады» десе, енді біреулер: «Шүменов Дортикосты сұлатып сала алмайды. Бірақ, төрешілер шешімімен жеңіске жетуге мүмкіндігі бар» дегенді алға тартады. Әлбетте, 20 кездесуінің барлығында жеңіске жеткен, 19 қарсыласын мерзімінен бұрын жайратып салған Дортикос оңай шағылар жаңғақ емес. Десе де, біз Бейбітке сенеміз. Осы кездесуде қазақ боксшысы жеңіске жетіп, WBA Шүменовтің шағымын қанағаттандырып жатса, Бейбіт WBA (super) белбеуінің автоматты түрде иегері атанады. Ал шағым қанағаттандырылмаған жағдайда Лебедев Шүменовпен шаршы алаңға шығуы тиіс.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support