- Advertisement -

Тағдыр тауқыметін жеңген адам

106

- Advertisement -

Зүлфия 51 жасында
Паралимпиада алтынын мойнына ілді

 Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, талабы, таланты шексіз, жанарынан мейірім нұры ұшқындап тұрған Зүлфия Ғабидуллинаның жүзінен ұдайы жылылық есіп тұрады. Мөлт-мөлт еткен көзінен әйтеуір жақсылыққа, жарқын өмірге, болашаққа деген сенім байқалатын.

Жастайынан тағдыр тауқыметін тартқан Зүлфия қиындық атаулыға шорт сынған жоқ. Жол апатынан алған ауыр жарақаттан соң, ол бір жыл бойы аурухана төсегіне таңылды. Омыртқадан бөлек басы, қолы, аяғы қатты зақымдалды. Мұндай тұла бойыңды түршіктіретін апаттан қайта қалыпқа келу оңай емес. Көптеген адамдар өмірден баз кешіп кетері сөзсіз. Тіпті, қасықты қолға алып тамақтану, қолды еркін созудың өзі мұңға айналған шақтарды басынан өткерді. Бірақ, бір жақсылықтың болатынына сенді. Осындай ауыр жағдайдан соң қаймықпай спортпен шұғылданған қайсар, қайтпас, жігерлі Зүлфияның ерлігі көпке үлгі екені анық.
Еліміздің паралимпиадашылар құрамасының капитаны Зүлфия Ғабидуллина мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында жүзу спортынан әлем біріншілігінің күміс жүлдесін, үш мәрте қола жүлдесін қанжығасына байлаған. 12 мәрте әлем рекордының қаймағын бұзған жамбылдық «су перісі» 2014 жылы паразиада алтынын да иеленген болатын.
Ол Олимпиада жүлдесін алуды ұзақ уақыт армандады. Шүмектеп төккен тер мен тынымсыз жаттығу, еселі еңбектің арқасында Зүлфияның аласармас асқақ арманы да орындалды. Рио Олимпиадасында 100 метр қашықтықта еркін жүзу стилінде жамбылдық спортшының алдын ешкім орай алған жоқ. Алдын орау былай тұрсын, басқа елдің үкілі үміттері Ғабидуллинаны маңайлай да алмады. Кезекті әлем рекорды! Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдесін иеленген қытайлық Пэн Цюпин мен украиналық
Ольга Свиредская 4,64, 4,79 секундқа артта қалып қоюының өзі көп жайттан хабар беріп тұрса керек. Бұл жеңістің оңай келмегені белгілі. Жүрегі елім деп соққан Зүлфияны жеңіске бастаған бапкері Саттар Бейсембаевтың да ерен еңбегін айта кеткен жөн.
«Менің жеке бапкерім Саттар – керемет адам, ғажап психолог. Менімен қалай жұмыс істеу керектігін біледі. Мақтайтын кезде мақтап, ұрсатын кезде ұрсып алады. Бұл жеңісте бапкерімнің де қомақты үлесі бар. Менің жеңіске жететінімді ол білді, сенді. Ал мен болсам сенбедім, тым болмаса үздік үштіктен көрініп, еліме қола жүлдемен оралуды ойладым. Жарыс аяқталған соң өз-өзіме сенбей тұрсам, бапкерім әлемдік рекорд туралы айтып тұр», дейді Паралимпиада чемпионы жүзі бал-бұл жанып.
Зүлфия Ғабидуллина – қазақ елі үшін Паралимпиаданың тарихи алтын жүлдесін алып берді. 51 жасында Қазақстан қоржынына Паралимпиада ойындарының тұңғыш алтынын салған Зүлфия қандай мақтауға да лайық. Зүлфияның жеңісі – мешін жылының ерекше сыйы. Токио Олимпиадасында бақ сынауды мақсат етіп отырған Ғабидуллинаның алдағы уақытта да тұғырдың ең биік сатысынан көрінетініне тілектеспіз! Өйткені, ол тағдырына налымаған, күрескер, маңдайы ашық, жұлдызы жарық адам.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support