Ұлт ұрпағымен өседі

Ұлт ұрпағымен өседі
ашық дереккөз
Ұлт ұрпағымен өседі

жыл соңындағы алқа мәжілісінде негізінен 2016-2019 жылдарға арналған «денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстардың жай-жапсары талқыланды

Міне, тағы бір жыл артта қалды. Облыс әкімдігінің жылды қорытындылаған алқа мәжілісінде «2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстардың барысы талқыланды. Өзекті мәселелер сөз болған жиын жағымды жаңалықтардан басталды. Өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградаларды тапсырды. Атап айтсақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалының директоры Болат Мұртазаев «Құрмет» орденімен, учаскелік полиция инспекторы Данияр Зауырбеков – «Ерлігі үшін», «АрайСтройМаркет – 2003» ЖШС-ның директоры Арман Еділбаев, «Красногор» электр желісінің басқарушысы Иван Кривочкин – «Ерен еңбегі үшін», Шу қалалық ауруханасының бас дәрігері Сейсенғали Ақпаев – «Шапағат», Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаев пен облыстық ішкі саясат басқармасының кеңесшісі Камила Тұмабекова – «Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлігі» медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ, Рио-де-Жанейрода өткен паралимпиалық ойындарында алтын медальді жеңіп алған Зүлфия Ғабидуллинаға, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдиярбек Түсіповке, еңбек ардагері Тұрсынбай Халыққа облыстық мәслихаттың шешімімен «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы беріліп, құрмет көрсетілді. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы аудандардағы саланы өркендету бағытындағы атқарылған жұмыстарға талдау жүргізіп, саралау қорытындысы бойынша үздіктерді марапаттап отыруды дәстүрге айналдырып келеді. Биыл да мәдениет саласында зор жетістіктерге қол жеткізгендер анықталып, нәтижесі алқа мәжілісінде айтылды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев үздік шыққан Қордай ауданының әкімі Қайрат Досаевқа арнайы диплом мен УАЗ автокөлігінің кілтін тапсырды. Алқа мәжілісінде күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша еселі еңбекпен келген жетістіктермен қатар, алдағы жаңа жылда назарға алынуы тиіс кемшіліктер де сараланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев медициналық қызметтің сапасын арттыру, емдеу мекемелерінің жұмысын оңтайландыру бағытында қолға алынған шараларды тілге тиек етті. – Биылдан бастап «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламада 36 нысаналы индикатор белгіленген. Осыған сәйкес, салада бірқатар өзгерістер орын алды, – деді Тілеухан Шілдебайұлы. Жыл өткен сайын медициналық қызметтің сапасы жақсарып келеді. Бұған саланы қаржыландыру көлемінің жылма-жыл артуы тікелей әсер етуде. Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, 2016 жылы сала бюджеті 38,9 миллиард теңгені құраған. Оның – 14,5 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен, 24,4 миллиард теңгесі республикалық қазынадан бөлінген. Қаржы көлемі ұлғайып, емдеу мекемелерінің материалдық жағдайы жақсара түскенімен, кейбір әлеуметтік мәні бар аурулар түрі бойынша аурушаңдық деңгейі өскен. Орын алған оқыс жағдайлар да жоқ емес. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жиында осы мәселелерді қозғады. – Өңірімізде аналар өлімі тіркелгенде облыстық перинаталдық орталыққа барып, дәрігерлермен кездестім. Мән-жайды сұрадым. Сондағы көз жеткізгенім, орталықтың бұрынғы бас дәрігері салада қызмет етпейтіндер бұл істің байыбына бармайды дегендей көзқараста екен. Сол жолы орын алған жағдайдың тікелей дәрігерлердің қателігінен болғанын нақтылап бердім. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегендей, медицина қызметкерлері бір-бірінің ісін жабуға тырысатыны түсінікті жағдай. Бірақ, бұл олардың бұрыс әрекеті – жабулы қазан күйінде қалады деген сөз емес. Жіберген кемшілікке жауап беруге тура келеді. Біз ана мен балаға жағдайды жасауымыз керек. Ана мен баланың амандығы – ұлттың амандығы, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Өңірімізде конго-қырым геморрагиялық қызбасының бірнеше ошағы бар. Жыл сайын жаз шыға басталатын кенеге қатысты келеңсіздіктер соған байланысты өрбиді. Басқарма басшысының айтуынша, 2016 жылы облыста конго-қырым геморрагиялық қызбасының 7 оқиғасы расталған. Оның біреуі адам өлімімен аяқталғаны есте. 2015 жылы 5 оқиға тіркеліп, 2 оқиғаның соңы қайғылы жағдайға ұласқан болатын. Басқарма басшысы осы қызметке тағайындалғалы бері барлық аудандарды аралап шыққанын айтып, ондағы өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Елді мекендердегі емдеу мекемелерінің жай-күйі туралы Талас және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдері Болат Рысмендиев пен Жарылқасын Айтақов баяндады. Болат Қанатбайұлы қазіргі ахуалды жайып салып, өзекті мәселелерді алға тартты. Алайда, ол аудандық аурухананың бас дәрігері алға тартқан жайттардан құлағдар болмай шықты. Сала маманы бірқатар емдеу мекемелерінің талапқа сай емес ғимараттарға қоныстанғанын мәлімдеді. Мұндай жағдай Т.Рысқұлов ауданында да кездеседі. Жарылқасын Айтақовтың айтуынша, елді мекендердегі емдеу мекемелерінің 14-і ыңғайластырылған ғимаратты пайдаланып отырған көрінеді. «Соттың шешімімен 5-еуі қызметін тоқтатты. Бес ауылдағы білім мекемесінің өзі бастауыш мектеп болғандықтан, оларға ыңғайлы қоныс тауып беру мүмкін болмай тұр», – дейді аудан әкімі. Дегенмен, бұл мәселенің шешімі табылуға жақын екенін айтады. Облыстық құрылыс, көлік және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаевтың сөзіне сүйенсек, аталған ауылдардың біріне медициналық мекеме ғимаратын салуға қаржы келер жылы бөлінбек. Басқа елді мекендерге де қажет нысанның жобалық-cметалық құжаттары дайындалу үстінде екен. Алқа жиынында облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытжан Бейсеев атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Оның айтуынша, есепті мерзімде көптеген жұмыстар атқарылған. Соның нәтижесінде кейбір қылмыстардың саны азайған. Ал Меркі, Мойынқұм секілді бірқатар аудандарда мал ұрлығы көбейген. Облыс әкімі учаскелік полиция инспекторларының ауыл әкімдерімен бірлесе жұмыс жүргізбейтінін сынға алды. Тұрғындардың ауыл ішіндегі барлық жағдайлардан хабардар болып отырғанымен, өз инспекторларын танымайтынын, ал олардың есеп беру кездесулеріне әкімдердің қатыспайтынын айтты.Тараз қаласында пәтер ұрлығы азаймай отырғанын, мал ұрлығы тыйылмай тұрғанын сөз етті. – Қазір соғым уақыты. Мал ұрлығы көбейетін кез. Осындай кезеңде мал ұрлығымен айналысатындарды құрықтап, жазаға тартуымыз керек. Бір ғана Т.Рысқұлов ауданында – 23, Байзақта 13 жылқы ұрланды. Ал қылмыс әлі ашылған жоқ. Жақында мал ұрлығымен ұсталған қылмыскердің соның алдында ғана 200 қой ұрлағаны анықталды. Оның неге жазаға тартылмағаны түсініксіз. Жалпы, жастар арасындағы қылмысты азайту, ұрлықты тыю үшін бірлесе жұмыс жүргізуіміз керек. Тентектерді жұрт болып тезге салу қажет, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Облыс әкімі Тараз қаласындағы көлік қозғалысына кептеліс туғызбау үшін белгілі шаралар қолдану қажеттігін ескертті. Теміржол вокзалы мен автобекет маңына арнайы белгілерді орнатып, талаптардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды. Алқа мәжілісінде талқыланған барлық мәселе бойынша қаулылар қабылданды.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар