- Advertisement -

Бағаны өсіруге негіз жоқ

76

- Advertisement -

Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев Тараз қаласындағы бірқатар ірі сауда орындарын аралап, олардағы азық-түлік өнімдерінің бағасына назар аударды. Әйтеке би көшесіндегі «Дәмдес» сауда үйінде бір бөлке нанның бағасы – 55, қанттың бір килограмы 245 теңгеден сатылуда екен. Ет, көкөніс, басқа да азық-түлік тауарларының бағалары да қалыпты деңгейде. Сауда үйінің әкімшісі Люция Байқоразова бағаны негізсіз көтеруге жол бермейтіндерін айтты. Абдалы Тоқбергенұлы жаңа жыл мерекесі қарсаңында, одан кейін де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өспеуін тұрақты бақылауда ұстауды, ал бағаның көтерілуіне тауар жеткізушілер тарапынан жол берілсе, бұл туралы облыстық, қалалық әкімдікке немесе табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыс бойынша департаментіне хабарлау қажеттігін ескертті.
Қойгелді көшесіндегі «Себет-корзина» дүкенінің меңгерушісі Руслан Түймебаев өздерінің қарамағында 14 супермаркет бар екенін, барлығында азық-түлік тауарлары белгіленген баға бойынша сатылып жатқанын алға тартты. Мұнда да жоғары сұрыпты нанның бір бөлкесі тұтынушыларға 55 теңгеден сатылуда. Қанттың килограмы – 245 теңге. Облыс әкімдігінің тұрақтандыру қорының директоры Саха Манатов қанттың килограмын 215 теңгеден босатып жатқандарын айтады. «Қала дүкендерінде 220 теңгеден сатылуы тиіс. Биыл қорға облыстық бюджеттен 917 миллион теңге бөлінді. Қазір 400 тонна қант бар, тағы да 1032 тонна алып жатырмыз», дейді ол. Сүт өнімдері мен ас майының бағасы да қолжетімді. Дүкен меңгерушісі қант бағасын арзандататындығын, басқа азық-түлік тауарлары бағаларын да қалыпты деңгейде сақтайтындықтарын жеткізді.
Сүлейменов көшесіндегі «Арзан» дүкенінің директоры Айнагүл Асубаева Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тауарлар бағасы көтерілмейтінін мәлімдеді. Алайда, мұнда жоғары сұрыпты бір бөлке нанның бағасы 57 теңгеден босатылуда. А.Нұралиев осыған назар аударды. Директор «Нанды 55 теңгеден алып келеді, оған екі теңгеден қосып сатуға мәжбүрміз. Өйткені, дүкенде 60-тан аса адам еңбек етеді, оларға жалақы төлеуіміз қажет» деген уәжін алға тартты. Дегенмен, ол басқа сауда орындарында нанның 55 теңгеден сатылып жатқанын естіп, 23 желтоқсаннан бастап бағаны 55 теңгеге төмендетуге уәде берді. Мұндағы өзге әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасы қалыпты деңгейде.
Елбасының бағаны тұрақтандыру жөнінде Үкіметке берген тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бұл мәселеге баса назар аударып отырғанын атап көрсеткен А.Нұралиев журналистерді бұл бағытта қолға алынып жатқан шаралардан жан-жақты хабардар етті.

Амангелді Әбіл,
«Ақ жол».

Суретті түсірген Елена Ефимова.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support