- Advertisement -

Қауіп-қатерлермен күрес қашанда маңызды

66

- Advertisement -

Облыстық Қоғамдық кеңестің отырысында облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаровтың «ҚР 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мемлекеттік бағдарламасынан туындайтын міндеттердің орындалу барысы» туралы есебі тыңдалды. Кеңес отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов қатысып отырды.
Облысымызда 279 мешіт бар болса, оның 261-і имамдармен толық қамтылған. Ол имамдардың 12 пайызы жоғары, 21 пайызы орта білімді мамандар. Өкінішке қарай, өзге пайызын 4 айлық қана діни курсты бітіргендер құрайды екен. Өңірдегі 18 мешітте имам жоқ, алайда бұл ғибадатхананың көпшілігі тұрғындары аз шағын ауылдарда салынған. Мешіттерді сауатты имамдармен қамту ісі Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының назарында. Былтыр «Һибатулла Тарази» медресесін бітірген 10 шәкірттің 5-еуі облыс аумағында діни қызметке орналасқан.
Бүгінгі таңда өңірімізде 8 миссионер қызмет етуде. 20-ға жуық азамат экстремизм-терроризмге қатысты бас бостандығынан айырылған. Біздің өңір тұрғындары ішінде шетелде діни оқу оқып келген, бірақ оқығанын дәлелдейтін құжаты жоқ азаматтар да анықталып отыр екен. Басқарма басшысы мешіттерге баратын жамағаттың көпшілігі жастар екенін, алайда оларды қадағалап отырғандарын, дінге қатысты барлық түйткілді мәселелер басқарманың назарында екенін нақты айтып өтті.
Мұнан соң Қоғамдық кеңес мүшелері баяндаманы талқылады. Әсіресе, имамдардың сауаттылығын арттыру, мешіттерге қысқа балақ, ұзын сақалмен баратын азаматтарды назарда ұстау мәселесі жан-жақты талқыға түсті.
Мұнан соң облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Исламбек Дастан өзі жүргізген зерделеу жұмыстарының барысын баяндады. Мәселен, 2016 жылдың 6 айына жоспарланған 553 іс-шараның көпшілігі тиянақты өткізілмеген. Бұл шараларға облыстық жергілікті полиция өкілдері де жауапты болған. Аталған облыстық жергілікті полиция өкілі Мұрат Байсеркеновтің жұмысты зерделеуге барған Қоғамдық кеңестің мүшесіне дұрыс жауап бермегені жиында көтерілді. Сондай-ақ, бірқатар аудандарда бір жерде өткізілген шараны ұлғайтып көрсету фактісі орын алған. Мұндай олқылық Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм аудандарында көбірек көрініс тауыпты.
Қоғамдық кеңесте облыста тұратын драматургтерді экстремизм мен терроризмнің қатерлерін көпшілікке ұғындыратын драмалар жазуға жұмылдыру қажеттігі айтылды. Бұл жөнінде түсіндірген облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев 8 драматургтің дін қатерлерін насихаттайтын дүниелері жинақталып, республикалық конкурсқа ұсынылғанын, сол комиссия тарапынан жақсы бағаланған шығармалар облыстық драма театрда қойылатынын айтты. Ал облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов биыл экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бағытында 7 әлеуметтік жоба тағайындалғанын, 2017 жылы 12 әлеуметтік жоба белгіленіп отырғанын, бұл лоттарға бөлінетін қаражат көлемі облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасынан ұтып алғандарға 5-10 миллион теңге, аудандық ішкі саясат бөлімінен ұтқандарға 500-600 мың теңге көлемінде екенін баяндады. Ал Қоғамдық кеңес мүшелері болса, қоғамдық ұйымдарға бөлінген қаражат аз емес екенін, алайда сол қаржыға нақты істер жүзеге асуы қажеттігін талқылап, пікірлерін білдірді.
Қоғамдық кеңесте басқа да мәселелер қаралды. Қаралған мәселелер бойынша Қоғамдық кеңес ұсынымдар қабылдады. Жиынды облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев қорытындылап, бұл мәселелерді назарда ұстайтындарын, жұмысты зерделеу барысында Қоғамдық кеңес мүшелеріне істерді анықтауға кедергі келтірген, сұрақтарына жауап бермеген тұлғаларға да түрлі шара қолданылуы тиіс екенін атап өтті.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support