- Advertisement -

Татулық – табысқа бастайды

79

- Advertisement -

облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірдегі этномәдени бірлестік жетекшілеріне гранттар тапсырды

Өңір басшысы, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Кәрім Көкірекбаев этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесіп, оларға облыс әкімінің гранттарын тапсырды.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған Кәрім Нәсбекұлы алдымен «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбековті асқаралы алпыс жасымен құттықтап, оның елеулі еңбегін атап өтті.
Бұдан соң облыс әкімі жиналғандарды айтулы мереке ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен және алда келе жатқан Жаңа жыл мейрамымен құттықтады.

– Құрметті облыс ассамблеясының мүшелері, қадірлі қонақтар! Міне, бірер күннен кейін ағымдағы жылды аяқтаймыз. Биылғы жыл ел Тәуелсіздігінің мерейлі 25 жылдығымен тарихта қалары сөзсіз. Осы елдігімізді айғақтаған мереке қарсаңында Қазақстан халқының біртектілігі әлемдік қауымдастықтың назарын тағы да өзіне аударды. Табыс кілтін бірліктен тапқан халқымыз «Мәңгілік Ел» ұрпақтарының бейнесін көрсете білді. Жұмыла отырып өткізілген ірі қоғамдық-саяси шаралар мемлекетіміздің беделін бекемдеп, қоғамның ұйысуына септігін тигізді. Бұл – егеменді мемлекеттің, Тәуелсіз ел халқының жасампаз істерінің жемісі.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында «Қайырымдылық керуені», «Ұлы Дала тарихы», «Үлкен ел – үлкен отбасы», «Мың бала» атты жобаларымыз жақсы нәтижелерге жетті. Бұл жетістіктерге жетуде облыс этномәдени бірлестіктерінің қосқан үлесі зор. Қазақ халқы тарихи мәселелерді ұдайы ауызбіршіліктің, бірліктің арқасында бірлесіп шешіп келеді десек, алдымызда әлі де үлкен жауапкершілігі мол істер тұр, соларды да бірлесіп еңсереміз деп ойлаймын, – деген Кәрім Нәсбекұлы өз сөзінде еліміздің, облысымыздың ширек ғасырда және ағымдағы жылы жеткен жетістіктеріне, әлеуметтік-экономикалық дамуына кеңінен тоқтала келіп, этномәдени бірлестіктердің қоғамдық жұмыстарына табыс тіледі.
Бұдан соң өңір басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махметғали Сарыбековті, сондай-ақ осы және «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық бөлімінің жетекшісі Лариса Лысованы марапаттады.
К.Көкірекбаев облысымыздың қоғамдық өмірінде белсенділік танытып, этносаралық келісімнің нығаюы мен дамуына, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға елеулі үлес қосқаны үшін этномәдени бірлестік жетекшілеріне салтанатты түрде гранттарды тапсырды.
Кездесуде марапат, грант иелері алдағы уақытта да этномәдени бірлестіктер облысымыздың қоғамдық-саяси өмірінде және шығармашылық жұмыстарда үлкен белсенділік танытып, аянбай еңбек ететінін айта отырып, ризашылықтарын білдірді.

Жанғазы Ахмет,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support